Мәдениет және спорт министрлігі спортшылардың барлық жетістігін, жарыстарға қатысу кестесін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесін іске қоспақ. Бұл туралы ведомство басшысы Дәурен Абаев хабарлады, деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.
"Құрама команда қатарына спортшыларды іріктеу рәсімдерінің ашық өтуі маңызды. Бұл біздің басты назарымызда. Алдағы уақытта министрлік спортшылардың барлық жетістігін, жарыстарға қатысу кестесін бақылауға мүмкіндік беретін е-sport жүйесін іске қосады. Әділеттілік пен ашықтық маңызды, спорт жүйесінде салауатты бәсекелестік болуы тиіс", – деп атап өтті ол.
Министрдің айтуынша, олимпиадада қатысуға мүмкіндік беретін лицензиялар санына емес, медальдардың сапасына назар аудару қажет. Себебі жалпы командалық есеп алтын медаль саны негізінде жүргізіледі.
"Жоғары жетістіктер спортын дамыту үшін үлкен қаражат бөлініп, қолдау көрсетілуде. Қажетті жағдайлар жасалып жатыр. Дегенмен министрлік қайырымдылықпен айналыспайды. Сондықтан әр теңге үшін қатаң сұрау болады. Мұны осында отырған әрқайсысыңыз есте сақтауға тиіссіздер", – деді ведомство басшысы.
Айта кету керек, жыл басынан бері еліміздің құрама командалары 19 әлем чемпионатына және 20 Азия чемпионатына қатысып, 140 медаль иеленді.
Фото: tengrinews.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через