Әскери бөлімдерде әлімжеттік жойылмай тұр. Ай-күннің аманында сарбаздардың бірі арбаға таңылса, өзгесі табытпен оралып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда 220 әскери қызметкер өз-өзіне қол салған. Жыл сайын елімізде 200 мыңнан астам жігіт әскерге шақырылады. Оның тек төрттен бірі сарбаз атанады, Осыған қарап жауынгер болудан жалтарып жүргендердің қатары тым көп екенін ұғамыз. 30 мыңнан астам адам түрлі себеп-сылтаумен бой тасалап жүр.
Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, әскердегі әлімжеттік бос уақыттың көптігінен пайда болады. Мұның алдын алу үшін сарбаздарға берілетін үзіліс мерзімін қысқарту керек. Бар назарын тек әскери дайындыққа аудару қажет, дейді отставкадағы полковник.
Ермек Сейітбатталов, әскери сарапшы:
Әскерге келген жігіттерге басынан бастап қатты талап қою керек. Сонан кейін оларды бірден жауынгерлік даярлыққа, өте тығыз шараларға қою керек. Сонда олардың басқа дүниелерге бара алмайды, уақыт таба алмайды және бар назары тек жауынгерлік даярлыққа аударылады.
Әлімжеттік көбейсе, әскери бөлім шайқас алаңында жеңіске жете алмайды дейді Ермек Сейітбатталов. Сарапшы Рустам Бурнашев та бұл пікірмен келіседі.
Рустам Бурнашев, әскери сарапшы:
Біздің сарбаздар арасында өңіршілдік бар ма, жоқ па білмедім. Бірақ әлімжеттік деңгейі жоғары саналатын кез келген әскери бөлімнің шайқас алаңындағы әлеуеті әлсіз деген түсінік бар. Бұл бір тарихи фактілерге негізделген әлемдік тәжірибеде бар уақиға болса таң қалмаймын. Мәселен, Израиль мен Швейцария әскерінде ішкі тәртіп ережесі қатаң сақталады. Ол жақта жауынгерлік міндеттен тыс әрекетке бару көрсеткіші өте төмен. Бірақ әскери нәтижесі жоғары.
Рустам Бурнашевтің сөзіне сүйенсек, әскердегі әлектің жай-жапсарын анықтау үшін Қорғаныс министрлігі жауынгерлер арасында психологиялық сауалнама мен әлеуметтік зерттеу жұмыстарын жүргізуі керек. Тек сол кезде кеткен кем-кетік салдарын жоюға болады, дейді маман.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через