Елімізде қоқыстың 37% өндіру биогаз үшін пайдалануға болады

Елімізде қоқыстың 37% өндіру биогаз  үшін пайдалануға болады

     Жыл сайын Қазақстанда қордаланатын 2 млн тонна қатты тұрмыстық қалдықты биогаз өндіру үшін пайдалануға болады. Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған «ҚР 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекiту туралы» ҚР Президенті Жарлығының жобасында көрсетілген.

     «Парниктік газ шығарындылары 1994 жылдан бері үздіксіз артып келеді. Жалпы парниктік газ қалдықтарының 52,2% қатты тұрмыстық қалдықтардан бөлінеді. Қалдықтардың пайда болуы халық санының өсуіне және жан басына шаққандағы қалдықтардың көбеюіне байланысты артуда. 2020 жылы қатты қалдықтардың 54,7% полигондарда көміліп, 24,4% одан әрі өңдеу үшін сұрыпталды. Түрлі қатты тұрмыстық қалдықтар легін бөлек жинау (қағаз, шыны, органикалық қалдықтар) және оларды кәдеге жарату алдында сұрыптау жүргізілмейді. Бұл полигондарға қалдықтардың түсуін арттырады. Бағалау бойынша жиналатын қатты тұрмыстық қалдықтардың шамамен 37% (жылына шамамен 2 миллион тонна) биогаз өндіру үшін пайдалануға болады деп есептеледі», - делінген бекітілуі мүмкін Стратегия жобасында.

     Құжатта көрсетілгендей, көптеген қоқыс полигондарында тиісті жағдай жасалмаған. Ал ағын суға төгілетін қалдықтарды өңдеу және оларды кәдеге жаратуға арналған инфрақұрылым жоқ.

     Стратегия құжатында аталған мәселелерді шешудің бірнеше жолы ұсынылған. Оның бірі – қалдықтарды ашық көму мөлшерін төмендетіп, қайта өңдеу көлемін арттыру. Сонымен қатар қоқыстарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды ынталандыру шаралары қабылданады. Мұнымен қоса, лас сулардың көлемін азайту мақсатында суды тазартатын және үнемдейтін технологиялар енгізілмек.

     Еске салайық, ҚР 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясына сәйкес, алдағы 8 жылда елдегі парниктік газ шығарындыларын 15 пайызға төмендету жоспарланған.

     Құжатты ашық талқылау 9 желтоқсанға дейін жалғасады.