Елімізде онлайн сауда дамуда

Елімізде онлайн сауда дамуда

              Нарықты дамыту бойынша халықаралық компания сарапшылары осылай дейді. Болжам бойынша түсетін кіріс 14 трлн теңгеге жетеді. Ал халықтың қалауы не?

             Онлайн сауда үлесі 116% жетті

             Қазақстандықтар биыл косметика, киім және аяқ киімді онлайн алуды жөн көрген. QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының департамент директоры Өжет Шегірбаев былтырғыдай емес, смартфон мен басқа да тұрмыстық техникаға деген сұраныс азайғанын айтады. Өткен жылы мұндай сауда үлесі 120 процентті құрады. Цифрлық Қазақстан қауымдастығының зерттеуіне сүйенсек, сол кезеңде бөлшек электрондық коммерция нарығы 596 млрд теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 82% артық. Бүгінде қазақстандық тауарлардың бүкіл әлемге әйгілі болуына мүмкіндік туып жатыр. Елдегі 250 кәсіпорын Alibaba, Amazon сынды халықаралық электрондық платформаларға шығарылады. Бастамасы нәтижесіз емес.

              Өжет Шегірбаев, Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығының департамент директоры: – Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу ұлттық жобасы аясында шикізаттық емес экспортты ілгерілету үшін 250 отандық кәсіпорынды осы сауда алаңдарына орналастырамыз. Былтырдан бастап, Alibaba платформасы арқылы 72 млн АҚШ долларына экспорттық келісімшарттар жасалды. Оған қоса, биыл Сауда және интеграция министрлігі басқа да әйгілі интернет дүкендерінде тіркеуге қойылған шектеулерді алып тастады. Демек өндірушілеріміз бұл платформаларда оңай тіркеле алады. Сыртқы сауда үлесі 60% жетті

             Еліміз тауар экспортын пандемияға дейінгі көрсеткішке жеткізді. Жыл басынан бері 37,4 млрд доллардың өнімі тасымалданған. Сөйтіп сыртқы сауда үлесі 60%-ке жетті. Сауда саясатын дамыту орталығының хабарлауынша, экспортталған тауардың 68 проценті шикізат, 32 проценті өңделген өнім. Жоғарғы көрсеткішке мұнай тасымалы әсер етті. Тамыз айына дейін еліміз 19 млрд долларға қара алтын экспорттады.

             Айтпақшы уран тасымалы керісінше 44% азайған. Қазақстандық тауарды тұтынатын ірі мемлекеттер қатарында Еуропа, Қытай және Еуразиялық экономикалық одақ тұр. Жіктер болсам, Еуропаға 8 айда 15 млрд доллардың тауары шығарылды. Қытайға 6,5 млрд доллардың өнімі сатылған. Кеше ғана аспан асты елінде қалып қойған жүктердің жартысын осы айдың соңына дейін Қазақстанға жеткізу мүмкіндігі туды. Тараптар онлайн режимдегі кездесу нәтижесінде осындай шешімге келген. Қалған тауар келесі айда жеткізіледі.

            Еске салайык, бүгінде 10 мың қазақстандық вагон көрші елде тоқтап тұр. Қытай мен Еуропа келісімге келе ме? Еуропадағы мыңдаған кәсіпорын жабылу алдында тұр. Қытайлық магнийдің тапшылығы өндіріске салқынын тигізді. Еуроодақтың бұл бағытта 95 процентке аспан асты еліне тәуелді екенін білеміз.

            Қытай кәрі құрлықтың 2060 жылға дейін жасыл энергетикаға көшу бойынша бастамасын бірден қолдай кетті. Нәтижесінде энергия тапшылығына тап болды. Өткен айда елдегі 50 магний зауытының 35-і жабылды. Қалғаны өндірісті екі есе азайтып жатыр. Оның салдарын бүкіл әлем көруде. Себебі Қытай Еуропаның ғана емес, дүние жүзінің магнийге деген сұранысын 85 процентке жауып келген. Еуропада да аталған металл шығарылады. Тек 17 процентке ғана. Бұл авто көлік шығару және құрылыс жоспарын толық өтеуге жетпейді. Енді шикізат қоры толтырылмаса, мыңдаған өндіріс ошағы жабылып тынады, млн-даған адам нәпақасыз қалады. Қазір кәрі құрлықтағы магнийдің бір тоннасы 10-14 мың долларға тең. Жыл басындағы баға бұдан 5 есе арзан болатын.

            Бүгінде Еуроодақ магний өндірісін ұлғайту бойынша келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл үшін қосымша энергия жеткізуге уәде етпек. Кәрі құрлықтағы газ мәселесі шешіле ме? Ресей Еуропаға жөнелтілетін газды арзандатпақ. Өйткені ұзақ мерзімдік келісімшартты сақтау қажет.

           Блумберг сарапшыларының есебінше, баға қазіргі 1090 доллардан 60 процентке бір-ақ төмендеуі мүмкін. Яғни көгілдір отынның бір шаршы метрі 200-400 долларға сатылуы ықтимал. Мамандар ұзаққа созылған түйткіл «Газпром» өніміне сұранысты азайтып жібере ме деп күдіктенеді. Айдың екінші аптасында кәрі құрлықтағы газ 2000 долларға жуықтап қалған болатын. Айтпақшы кеше Германияның экономика министрлігі Северный поток-2» газ құбырының қауіпсіз екенін мойындады.
 Мәтіндегі ақпарат туралы