Елімізде кибер полиция қызметі іске қосылады.
Жаңа қызмет иелері IT технологияларды меңгерген кәсіби мамандардан жасақталады. Интернет алаяқтарға тап болған жәбірленушілерді тіркеп, ақшасын сақтап қалуға арналған шараларды сол жерде қабылдайды. Банктік есепшотын бұғаттауға көмек береді.
«Еуропа кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясына ұсыныс бердік. Бізді күзге жақын қабылдайын деп жатыр. Онда мүше 66 ел бар. Соның баршасы да бізге құқықтық көмек береді. Бірлесіп тергеу амалдарын жүргізіп, алаяқтықтың жолын кесеміз», - деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Еліміздегі интернет алаяқтықтың 5 есе өскенін айтып өтті. 2018 жылы 4 000 болса, 2022 жылы 20 000-ға көбейген. Ал осы жылдың басынан бері бұл бағытта 8000 қылмыс тіркелген. Түркістан облысында 5 ай ішінде 149 интернет алаяқтық қылмысы болғаны анықталды.
«Технологиялар мен онлайн қызметтердің дамуына байланысты алаяқтар мүмкіндіктерді пайдаланып, өзгенің атынан несие алып жатыр. Халықтың жинаған қаражатын жаратуда. Қазір алаяқтар шетелдік нөмірмен телефон соғады. Бұрын қазақстандық нөмірмен байланысатын еді. Біз зерттедік. Операторлармен меморандум жасап, жалған номерлерді бұғаттадық. Осылайша 5 айдың ішінде 18 жарым миллион Қазақстан азаматын жалған телефон қоңырауынан сақтап қалдық», - деді министр.
Сондай-ақ Марат Ахметжанов Украинада отырып қазақстандықтардың есепшотторындағы қаржысын жымқырып келген қылмыскерлердің жолы кесілгенін мәлімдеді.
«10 млрд-тан астам қаражатымыз шетелге кетіп қалған. Соның соңынан бардық. Алаяқтар Украинада үлкен кол орталық ашып алған екен. Үш ауыссыммен жұмыс істеп, Қазақстанның азаматтарын алдап, ақшаларын алып отырған. Зейнеткерлердің, мұғалімдердің, дәрігерлердің қаражатын жымқырып келген. Соның жолын кестік», - деді министр.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото el.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через