Елімізде газ бағасы орта есеппен 60% өсуі мүмкін

Елімізде газ бағасы орта есеппен 60% өсуі мүмкін
фото: catalogmineralov.ru

Отын бағасы қымбаттаған жағдайда қарапайым халықтың қалтасына түсетін салмақты жеңілдету үшін тұтынушыларды бірнеше санатқа бөлу жоспарланып отыр. Бұл туралы  Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкміет отырысынан кейін Standard.kz порталының тілшісіне берген  сұхбатында мәлімдеді. Ол ел тұрғындарының кейбір топтары үшін газ құны өсетінін, сондай-ақ, өндірістік кәсіпорындар үшін 2 есе қымбаттауы мүмкін екенін алға тартты. Энергетика министрлігі әзірге тек тұжырым жасап жатыр. 180 күн ішінде жоба дайындап, ұсынады.  

Жалпы еліміздегі газ құбырларының 75 пайызы тозған. Бүгінгі таңда магистральдық газ құбырларының 21 пайызы 50 жылдан астам, 50 пайызға жуығы 40 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді.

 

Сұйық отын тақырыбын жалғастырсақ. Оңтүстік астанада өткен жылдың қазан айынан бері 40 шақты тұрғын табиғи газдан уланып қалды. Өкінішке қарай, зардап шеккендердің көпшілігі кәмелет жасына толмаған балалар.  Standard.kz порталының тілшісіне жауап берген Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Самат Асаинов осындай дерегімен бөлісті. Оның айтуына қарағанда, қыс бойы Алматының 8 ауданында орналасқан жеке тұрғын үйлердің қыс мезгілінде газды қалай пайдаланып жатқаны тексерілген. Алайда, тұрақты атқарылған осындай  жұмыстарға қарамастан, жағымсыз жайттар тіркелді. Артта қалған жылыту маусымында 40 шақты азамат уланып, дәрігер қызметіне жүгінген.

 

 Осыған байланысты Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мойнына алған шарт міндеттемесін толық орындай алмаған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысты тиісті шара қолдану мақсатында «Алматыгаз» кәсіпорнына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде газ қазандықтарына техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстарды сапалы қамтамасыз етпегені және уақтылы орындамағаны үшін аталған кәсіпорынға 300 мың теңге айыппұл салынды.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Самат Асаинов жағымды жаңалығымен де бөлісті. Биыл тұрғын үй секторында өрт 22% - ға азайғанын, бұдан бөлек жағдайы нашар отбасыларға «Көмек қолы» акциясы аясында 66 улы газ датчигі орнатылғанын атап өтті.

 

Сонымен қатар, Самат Асаинов қайғылы салдарға әкеп соқтырмас үшін газ жабдықтарына ұқыпты қарап, күнделікті өмірде сұйық отынды дұрыс пайдалануға қатысты бірнеше ережені есте қатаң сақтауға шақырды.

Тек жұмыс істейтін газ жабдықтарын пайдаланыңыз. Жалынның түсін бақылаңыз, егер ол қызғылт сары болса - бұл құрылғының ақауы бар екенін білдіреді, газ мамандарын шақыруыңыз керек. Жұмыс істеп тұрған газ плиталар мен су жылытқыштарды қараусыз қалдырмаңыз және жалынға сұйықтықтар құйылуын немесе желдетуіне жол бермеңіз. Кішкентай балаларға, өздерінің іс-әрекеттерін бақыламайтын тұлғаларға газ жабдықтарын пайдалануға рұқсат бермеңіз.
Есіңізде болсын! Газдың жануы үшін тұрақты ауа ағыны қажет. Газ плитасын (су жылытқыш) жаққан кезде, терезе әрдайым ашық болуы керек!
Егер газ беру кенеттен тоқтап қалса, газ құрылғыларының қыздырғыштарындағы шүмектерді дереу сөндіріп, авариялық газ қызметіне 104 телефоны арқылы хабарлаңыз.

Күнделікті өмірде газды қауіпсіз пайдалану үшін ережелерді білу ғана емес, сонымен бірге пайдаланылатын газ жабдықтарының жарамдылығы да маңызды рөл атқарады. Қайғылы жағдайдың болмауы үшін пәтер ішілік және үйішілік газ жабдықтарына мезгіл-мезгіл техникалық қызмет көрсету қажет.Ол үшін газ құрылғыларының әр иесі мамандандырылған ұйыммен техникалық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасауы керек.

Табиғи газдың иісі пайда болғанда газ құрылғысын пайдалануды дереу тоқтатыңыз. Құрылғылардағы және құрылғылардың алдындағы шүмектерді жабыңыз.Бөлмені желдету үшін терезенің жел көздері мен терезелерді ашыңыз.Ашық отты жақпаңыз, темекі шекпеңіз, электр жарығы мен электр құрылғыларын қоспаңыз және өшірмеңіз, электр қоңырауларын қолданбаңыз.

 

Фото catalogmineralov.ru сайтынан алынды