Ұлт саулығы – мемлекеттің басты ұстанымы. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі елге келетін дәрі-дәрмектің қауіпсіздігіне, сапасына бейжай қарамайды.
Елде дәрі-дәрмектің сапасы дәрі әзірлеген сәттен бастап, халық пайдаланғанға дейінгі аралықта үздіксіз тексеріледі. Кез келген дәріні тіркеу кезінде әуелі сараптама өткізеді, одан әрі елге әкелер шақта да сапасын мамандар бақылайды. Сонымен қатар дәрі-дәрмектің нарықтағы айналым үдерісіндегі қауіпсіздігі – жіті назарда.
Мамандардың айтуынша елде 7,5 мыңға жуық дәрілік препарат пен 11 мыңнан аса медициналық бұйым тіркелген. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы жыл сайын дәрілік заттарға 6 мыңға жуық және медициналық бұйымдарға 5 мыңға жуық сараптама жүргізеді. Сәйкесінше, былтыр дәрілік заттардың 117 атауына және медициналық бұйымдардың 164 атауына теріс қорытынды берілді. Яғни оларды нарыққа шығуға рұқсат берілмеді. Көрші Өзбекстандағы жағдай дәрі-дәрмек сапасын қатаң бақылаудың маңызы жоғары екенін айқындады.
Былтыр құзырлы орган 762 дәрі-дәрмекті бір рет әкелу үшін 403 рұқсат құжатын берген. Оның ішінде шектеулі контингенттің денсаулық көрсеткіштері бойынша 427 дәрі-дәрмек (мысалы, Золгензма, Спинраза), сараптама жүргізу үшін – 152, клиникалық зерттеуге – 64, гуманитарлық көмек үшін – 27, «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьютор сатып алу үшін 92 дәрі-дәрмек елге жеткен. Сондай-ақ актемра және сирек кездесетін орфандық ауруларды емдеуге басқа да препараттар келген. Дәрі-дәрмек бағасының орынсыз көтерілмеуі үшін жыл сайын екі мәрте дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленеді екен. Бүгінде денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 6 715 дәріге шекті баға бекітілген. Осы бұйрықта 4 296 позиция бойынша былтырдан бері шекті баға өзгермеген. 1 918 позиция бойынша өндіруші зауыттағы баға орта есеппен 30%-ға өссе, 501 позиция бойынша баға орта есеппен 7% төмендеген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және МӘМС жүйесіндегі 2 672 дәрі-дәрмектің нақты бағасы Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген. Осы бұйрықта 1 384 позиция бойынша бағалар анау айтарлықтай өзгермеген. Ал 531 позиция бойынша керісінше, өндіруші зауыттағы бағаның өсуіне байланысты баға орта есеппен 24%-ға көтерілген. Сонымен қатар 295 позиция бойынша баға орта есеппен 12%-ға төмендеген екен.
Елде нақ қазір 97 фармацевтикалық өндіруші болса, оның 34-і дәрілік заттар шығарумен айналысса, 41-і медициналық мақсаттағы бұйымдар, 22-сі медициналық техника жасауға маманданған. Рош, Ново Нордикс, Пфайзер, АстраЗенека сияқты компаниялардың келісімшарт бойынша өндірісінің инвестициялық жобалары жасалып жатыр. Фармацевтика саласын ақшалай бағалайтын болсақ, жалпы құны 863 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде отандық тауар өндірушілердің үлесі – 162 млрд теңге. Былтыр жергілікті фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесі 19%, импорттық өнімнің үлесі 81%-ды құраған. Президент тапсырмасы бойынша келешекте отандық
тауар өндірушілердің фармацевтика саласындағы өнімнің үлесін 50%-ға жеткізу көзделген.
Дәрі-дәрмектің шекті бағасын қалыптастыру үшін референттік баға, келісімшарттарды және сапаны бағалауға арналған шығыстарды, кедендік шығыстарды, көлік шығыстарын есепке алу, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда үшін қарастырылған маркетинг шығындары секілді тетіктер ескеріледі. Осыдан кейін дәріхана мен қоймалардағы және медициналық ұйымдардағы дәрі-дәрмек пен медициналық заттардың сапасы да ұдайы тексеріледі.
Egemen Qazaqstan
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через