фото: Hronda.life
Елімізде қайыр тілеуді бизнеске айналдырғандар көп. Әлдеқандай топтар мұқтаж жандарды мәжбүрлеп жұмыс істетеді деген мәселе осыған дейін бірнеше рет көтерілген. Мұндай қылмыстық топтар арнайы схема бойынша жұмыс істейтін көрінеді.
Олар мұқтаж жандарды үй, пәтер алып береміз деп алдаған. Мұндай қылмыстық топтың құрбына болған адамдардың бірі Игорь оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
“Түрік жігіт келіп маған, үлкен ұсыныс жасады. Мен болатын нәрсе болар деп ойлап, келісім бердім. Олар мені тратуарда жұмыс істетті. Адамдар маған ақша беретін. Ал мені жалдаған кісілер сырттан бақылап тұратын. Кейін мені бақылап шаршады. Сондықтан таңертең әкеліп тастап, кешке алып кететін болып келістік. Мына жерге кел деп айтатын. Ең бастысы полиция көрмесе болды деген шарт қойды. Мен олардан бірнеше рет қашпақ болдым. Қаланың ішінде өзім жұмыс істеп жүрдім. Олар мені тауып алып, үйлеріне алып кететін. Құжаттарымды тартып алды. Қазіргі таңда орталықтан шыққым келеді. Бірақ тағы да ұсталып қаламын ба деп қорқамын”, – дейді Игорь.
Ал, арнайы орталықтың қызметкері Нұржан мұндай адамдарды арттарынан бейтаныс біреулер іздеп келітінін алға тартты.
“Кейбір мұқтаж жандарды несиеге үй алып бердік, енді сол үй үшін ақша төлеуің керек деп алдаған. Осылайша бірнеше жыл жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Менің үйім бар, сығандар алып берген, олар менің балаларым, үйге қайтуым керек деп қоймайтын еді бір кісі. Орталықтың алдына да келеді бұл кісілерді сұрап, баласымын деп өтірік айтады. Құжаттарын көрсетуімізді сұрағанда, қашып кетеді”, – дейді Нұржан.
Адвокат қайыр тілеуге мәжбүрлеу бойынша жалпы бап болғанымен, нақты жазалайтын, қылмыс түрін анық көрсеткен баптың заңда жоқ екендігін алға тартты.
“Бізде 262-бап бар. Қылмыстық кодексте бұл ұйымдасқан қылмыстық топ болып есептеледі. Қылмыстық жаза бар, бірақ қайыр тілегені үшін тек әкімшілік жаза тағайындалады. Сондықтан, бұл мәселені заң тұрғысынан бөлек бап ретінде қарастыруымыз қажет. Сонда ғана бұл қылмыскерлерді жазалай аламыз”, – дейді адвокат Жандос Туяков.
Тағы бір оқиға Ақтөбе қаласында да болған. Ақтөбеде әлдекімдер ер адамды бірнеше қалада қайыр тілеумен айналысуға мәжбүрлеген.
“Ақтөбе қаласында адам саудасы тіркелді. 1977 жылы туылған Шымкент азаматы анықталды. Тексеру жұмыстары барысында 1993 жылғы ер адам оны Шымкент, Ақтөбе қалаларында қайыр тілеумен айналысуға мәжбүрлегені анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде”, – дейді Ақтөбе қалалық полиция басқармасының өкілі Жолбарыс Аюпов.
“Кризисті орталықтар бірлестігі” басқарма басшысы Зульфия Байсакалованың айтуынша қайыр тілейтіндердің арнайы схемасы мен жоспары болады. Олар адамдар ақша көп беретін аудандарда шоғырланатын көрінеді.
“Бұл жоқ жерден пайда болған бизнес емес. Бұл адамдардың нақты жұмыс істеу ережесі бар. Олардың қайда кетіні де белгісіз. Бағдаршам қызыл жанғанда уақытқа қарап жолға шығып, қайыр тілеп, сосын тез жоқ болып кетеді. Бұл адамдардың әрекеті нақты жоспраланған. Неге Сейфуллин, Белинский көшелерінің қиылысы? Бұл жерге кез келген адам келіп қайыр тілей алмайды. Қайыр тілейтіндердің ақшасын жинайтын топтардың арасында да бөлінушілік бар. Мен айтқан жерде көліктер бағдаршамда ұзақ тұрады және бұл аумақ пайданың ең көп түсетін бөлігі болып есептеледі”, – дейді “Кризисті орталықтар бірлестігі” басқарма басшысы Зульфия Байсакалова.
Алматы қалалық полициясы қалада мұндай қылмыстық топтардың жоқ екенін айтады. Бар болған жағдайда да арызданушының шағымы болмай, тергеу жүргізуге құлықсыз екендерін алға тартты.
Құқық қорғау органдарының бұл іске қатысы бар деген де сыбыс бар.
“Полиция қуып жібереді. Кейбіреуі полицияға ақша береді. Менде беретін ақша жоқ. Мешіттің маңына бармаймын. Ол жақ толған бақталастық. Мені ол жаққа жолатпай, соғып тастады, бір апта жаттым тұра алмай”, – дейді ақша сұрапап отырған әжелердің бірі.
Stan.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через