Елге мигранттардың көптеп кіруі ел экономикасына қауіпті

Елге мигранттардың көптеп кіруі ел экономикасына қауіпті

       Ресейдің Украинаға басқыншылығынан кейін Мәскеуге қарсы жарияланған санкциялар Ресейге қоса белгілі бір мөлшерде Орталық Азия елдері валютасының құнсыздана бастағанын көрсетті. Бұл Ресейде күнелтіп жүрген Орталық Азия елдерінің еңбек мигранттарына тікелей әсер еткен. Ресейде жұ­мыссыз қалған, жұмыссыз қалмаса да тапқан қаражаты еңбегін ақтамаған соң мигранттардың кейбірі Отанына оралған немесе басқа ел­дер­ге баруға шешім қабылдаған. Мамандардың пайымдауынша, биыл жаз шыға салысымен Ресейдегі миллиондаған мигранттың Қазақстанға ену қаупі басым. Дерекке жүгінсек, қазір де Қазақстанда жарты миллионнан астам мигрант жан бағып жүр. Олардың үш­тен екісі Өзбекстаннан, 25 па­йы­зы Қырғыз елінен, ал қалған миг­ранттар Тәжікстан және ТМД-ның тағы басқа елдерінен келген. Былайша айтсақ, біз онсыз да мигрант атаулыға жұмыс беруде ТМД бойынша алдыңғы орында тұрған елміз. Отандық мамандарымыз елге мигранттардың көптеп енуі ел экономикасына аса қауіпті екенін баса айтып отыр.

       – Мигрант ұсынылған кез келген айлыққа көнетін болса, жұмыстың нашарлығына қарамастан кіруге дайын болса, еңбек шарттарының жақсаруына кері әсерін тигізеді. Мысалы, жергілікті азаматтар жақсы еңбекақыны талап еткендіктен, жұмыс беруші арзан еңбек күші ретінде мигранттарды таңдайды, – дейді әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов.

       Осылайша, онсыз да жұмыс орны жетіспейтін еңбек нарығында мигранттар саны артатын болса, мұның арты елдегі жұмыссыздықты одан әрі ушықтыруы мүмкін. Ал еңбек мигранттарының Қазақстанды таңдауының басты себебі әуе рейстерінің арзандығы мен ТМД елдерінен Қазақстанға келетіндер үшін виза талап етілмеуі. Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің бас сарапшысы Меңдолла Шамұратовтың айтуынша, көрші елден қоныс аударушылардың көбейгені уақытша құбылыс. Олар жағдай тұрақталғаннан кейін өз елдеріне қайта оралады.

       – Әуелден қалыптасқан тәртіп бойынша көрші елдің азаматтары елімізде тұрақты тұруға ықтиярхат ала алады. Ол үшін азаматтар арнайы мекемелерге тиісті құжаттарын тапсырады. Ал жауабы 17 күн­нен кейін жарияланады. Ық­тияр­хатпен 10 жыл бойы Қазақ­станда тұруына, кейін мерзімді ұзар­туына болады. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ­қа кіретін ел азаматтары Қазақ­станда 90 күнге дейін тіркеусіз жү­ре­ді, – дейді Меңдолла Ша­мұра­тов.