фото: pexels.com
Биыл қаңтар-ақпан айларында Қытайдан 10 мың дана көлік жеткізілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 2 есе көп. Мамандар көлік нарығындағы ахуал жөнінде не дейді?
Елдегі әрбір екінші шетелдік көлік Қытайдан келеді, деп хабарлады 24.kz. Мамандар көрсеткіштің ұлғая береріне сенімді. Қыста ғана көрші елден 130 млн долларға 10 мың көлік жеткізілді. Бұл импортталған темір тұлпарлардың тең жартысы. 19 пайызы, яғни 4 мыңға жуығы АҚШ-тан келген. Тізімді Жапония мен Корея жалғайды. Бұл елдерден 4,5 мың данасын әкелдік. Сарапшылар қытайлық көліктің сапасы арта түскенін айтады. Бірақ бағасы басқаларына қарағанда арзандау.
Артур Мискарян, Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры: - Халқымыз салондар мен жолдарда қытайлық көліктердің көбеюіне үйреніп қалды. 2015-2019 жылдары біздің нарықта қытайлық автоөнеркәсіптің 2-3 бренді ұсынылса, былтыр аясы кеңейді. Сөйтіп барлық қытайлық бренд елімізде 40 мыңнан астам көлік бірлігін сатты.
Елдегі шетелдік көліктердің үлесі:
Қытай – 42% (10 мың);
АҚШ – 19% (3,7 мың);
Жапония – 15% (3 мың);
Корея – 8% (1,6 мың)
Фото pixabay.com.
Электрлі көліктерге сұраныс артты
Елде электр карларға сұраныс артты. Әсіресе Алматыдағы сатылым үлесі айтарлықтай жоғары. Былтыр ғана 3600 данасы тіркелген. Бұл ел аумағындағы электр көліктерінің 59 пайызын қамтиды. Қытайдан келгеніне қызығушылық көп дейді мамандар. Себебі бағасы қолжетімді. Оған қоса кедендік бажды, яғни көлік салығын және кәдеге жарату алымын төлеудің қажеті жоқ. Десе де, әзірге қуаттау орындары аз. Ал үкімет 2029 жылға дейінгі жол картасын қабылдап, ірі қалалардағы қажетті инфрақұрылымды құруға ден қойып жатыр. Мысалы биыл осындай көліктердің еркін қозғалысы үшін арнайы жолақ бөлінбек. Барлық тараптан қуаттау стансаларын салу үшін салық алу ұсынылды. Сарапшы Артур Мискарян қауіпсіздікті де ескеру керек дейді. Ол үшін жобаны электр желілерімен кеңесе отырып жүзеге асыру керек деген пікірде. Өйткені энергия тапшылығын да назарда ұстау қажет.
Артур Мискарян, Автомобиль нарығын бақылау және талдау агенттігінің бас директоры: - Елге жеткізілетін элекромобильдердің құны орташа алғанда - 23 млн тг. Бірақ бұған логистика шығындарын да қосу керек. Көлікті Қытайдан алсаңыз, ол 1-2 доллар аралығында. Оған 200 доллардай болатын брокерлік қызметті қосу қажет. Осының бәрін қоса есептегенде былтыр көлік құны 25-26 млн теңгеге шықты. Ал дәстүрлі көліктерді салоннан 14,5 млн теңгеге алуға болады. Демек, электр көліктері дизель не бензинмен жүретін көліктерден анағұрлым қымбат шығады. Оған қоса, қала ішінде болмаса, сыртта ондай тұлпармен жүйітку қиын
Мамандар шетелдік көліктерді заңдастырудың нарыққа айтарлықтай әсер еткенін айтады. Статистикаға сүйенсек, ақпанда 125 мың жеңіл көлік тіркелді. Бұл бұған дейінгі кезеңдермен салыстырғанда, едәуір жоғары көрсеткіш. Былтыр маусым айында 167 мың бірлікті қатарға қостық. Бұл тарихи максимум. Алайда заңдастыру аяқталғаннан кейін жағдай қайта қалыпқа келді. Рекордтық деңгей тіркелді Иә, елде әдетте құны 15 млн теңгеге дейінгі көліктер сатылады. Былтыр 200 мыңы иесін тапты. Бұл рекордтық көрсеткіш.
Алайда сарапшы Диас Уәлиханның айтуынша, масаттануға әлі ерте. Себебі қағаз жүзінде қазақстандықтар сатып алған көлігін бірден, екінші адамға, яғни сыртқы елдерге сатып отырған. Ал біздің жылдық әлеуетіміз 120 мың көлік шамасында ғана. Оның 90 пайызы несиеге алынады. Өкінішке қарай, жаңа тұлпарлардың үлесі тым аз.
Мамандар көлік алуды жоспарлап жүргендерге асығыңыз дейді. Дәл қазір автодилерлер былтырғы көліктерге жеңілдік жасап жатыр. Ал жаңасы қымбатырақ сатыла бастайды. Диас Уәлиханның айтуынша, 2025 жылы баға 10-15 пайызға дейін түседі. Бұған Алматыда салынып жатқан қос авто зауыттың бірінің іске қосылуы себеп болмақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через