Экологиялық залалдан бір ауыл жойылып кету алдында

Экологиялық залалдан бір ауыл жойылып кету алдында

     Түркістан облысындағы Құмкент ауылы қу тақырға айналуы мүмкін. Осы маңнан кен өндіріп жатқандар экологияға орасан залал келтіріп жатыр деп арнамызға шағымданған тұрғындар ата қонысты тастап кету қаупі туғанын айтады. Аймақтағы өзен-көл тартылып барады. Халық егін салмақ түгілі ішер судың өзіне жарымай отыр.

     Құмкент ауылының тұрғындары  кен өндіретіндер тауды қопарып, қоршаған  ортаға орасан залал келтіріп отырғанына ашынады. Айтуларынша, соңғы жылдары олар жайылымдық жерді де иеленіп алған көрінеді. "Экологияның нашарлауынан жас та, кәрі де ауру тауып жатқан көрінеді.

     Тұрғындардың айтуынша, "Қазфосфат" серіктестігі Құмкент аумағында өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері жер асты байлығын игеріп келеді. Бірақ кен өндірушілер кейінгі кезде жарылысты тіпті үдетіп жіберді дейді ауыл тұрғындары. Салдарынан ауылдағы ескі үйлерді айтпағанда, жаңадан салынғандарының өзі жарыла бастаған көрінеді. Қарт Қаратаудың етегіндегі Құмкент ауылында төрт жарым мыңдай халық тұрады. Олар мәселені  жергілікті билікке жеткізген.  Әзірге нәтижесіз. Экологияның әсерінен ауылға тіпті жауын да жаумайтын болды дейді тұрғындар. Ал  жер асты суының төмендегенін айтады.  Созақ ауданындағы Үшбас өзені мен атақты Қызылкөл көлінің суы тартылып  кеткен. 

     Құмкент  ауылдық округі әкімі,  жер асты байлығын пайдаланушылардың жұмысы заңды дейді. Айтуынша,  елдімекенде 600 гектар  суармалы жердің   тең жартысы игерілмей жатыр. Мәселе үкіметтік деңгейде шешілуі тиіс деген әкім халықтың өтінішін жоғарыға жолдағанын жеткізді.

     “Бұл халықтың қорқынышы – Жылыбұлақ суы. Бұл Жылыбұлақ суы кететін болса бір елді мекен күн көріп отырған өте қауіпті әрине. Бұл жерде бұны тиісті мамандар жер асты суын зерттеп, бастауын анықтап осыған қауіп-қатер бар ма рас па, сол анықталғаннан кейін әрі қарай тиісті жауаптар болады деп ойлаймын”, – дейді Құмкент ауылдық округінің әкімі Ғани Пардабекұлы.

     Ал кен өндіруші "Қазфосфат" компаниясы жауапты жазбаша жолдады. 714 гектар жерді  2044 жылға дейін жалға алдық дейді. Барлық талапты сақтай отырып, заңды жұмыс істеп жатқандарын мәлімдеген. Ресми ақпарат бойынша, Көксу кен орнындағы жарылыс жұмыстары ауыл шаруашылығы аумақтарынан  тыс жерде жүргізілуде.  Мұның жер асты суларының тартылуына еш әсері жоқ делінген. 

Astana.tv