фото: ашық дереккөз
АҚШ доллары күн өткен сайын қымбаттап барады. Соңғы бір айда төл ақшамыз АҚШ валютасына шаққанда 25 теңгеге құнын жоғалтқан. Ақша айырбастау орындарында көк қағаз 478 теңгенің төңірегінде саудалануда.
Сарапшылар экспорт көлемінің күрт азаюы мен ұлттық компаниялардың банк алдындағы берешегінің толық өтелмеуі теңгені теңселтіп тұр деп пікір білдірді. Сондықтан жұртты теңгені долларға ауыстыруға асықпауға кеңес береді.
Экономистердің болжамы қандай?
Доллардың күн өткен сайын күшейгені отандастарымыз үшін үйреншікті жағдайға айналғандай. Ақша айырбастау орындарында клиент саны көп емес. Адамдар қандай да бір қаржылық операция жасауға асықпайды. Себебі АҚШ ақшасы бірден қымбаттап шыға келген жоқ. Валюта нарығында дүрбелең де байқалмайды. Бірақ қыркүйек басталғалы Америка валютасы біртіндеп 2-3 теңгеге көтеріліп жатыр.
Қазақстан қор биржасында жұма күні доллардың орташа бағамы 475 теңгенің төңірегінде болды. Ал айырбастау пунктерінде көк қағаз 478-479 теңгеден сатылуда. Осылайша төл ақшамыз соңғы бір айда бірден 30 теңгеге құнын жоғалтыпты. Экономистер Ресей валютасының құлдырауы теңгенің әлісреуіне әсер еткен факторлардың бірі деп отыр. Қазір көрші елде бір доллардың құны 100 рубльге жуықтады.
Талғат Демесінов, экономист: - Рубльдің доллар сияқты резерв валютаға шаққандағы курсының үнемі әлсіреп бара жатқанын байқап отырмыз. Арнайы операция басталмай тұрып бір доллар 30 рубль болған. Қазір 100 рубльдің маңайына барды. Ресей Қазақстанның ең үлкен сауда серіктесі. Қазақстанның сыртқы саудасаттығының 40 пайызы Ресей Федерациясынан келеді. Ол біздің теңгенің долларға шаққандағы курсына өзінің ықпалын тигізеді.
Қашан да мұнаймен ұлттық валютамыздың құны қалыптасады дейтін едік. Brent маркалы мұнайдың баррелі 93 доллардан асты. Бірақ қара алтын бағасының өсуі шатқаяқтаған теңгенің күшеюіне түрткі бола алмады. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдері ұлттық валюта келесі айда нығаятынына сенімді. Сарапшылар қазіргі төл ақшамыздың ахуалын экспорт көлемінің күрт азаюымен байланыстарады.
Зарина Скрипченко, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшысы: - Экспорт көлемі бізде азайды. Ал импорт үш есе ұлғайды. Оған валютаны қайдан аламыз. Сатып алуға тура келеді. Тиісінше, долларға деген сұраныс өсіп, шетел валютасының бағамы қымбаттайды. Содан кейін ұлттық компаниялардың берешегі бар. Ұлттық банктің дерегінше, екінші жарты жылдықта бұл компаниялар 18 миллиард доллар төлеуі тиіс. Теңгенің әлсіреуі уақытша құбылыс деп айтар едім. Келесі айда доллар арзандайды. Уайымдауға негіз жоқ.
Мамандар қарапайым халыққа ақша айырбастау орындарына жүгірмей, сәл сабыр сақтауын сұрайды.
Себебі долларға деген сұраныстың артуы да ұлттық валютаға кері әсерін тигізеді. Бірақ девальвациядан аузы күйген халық қаржысын теңгемен сақтаудан әбден қорқып қалған. Оған қоса тұтыну тауарларының құны шетел валютасының өсуімен ілесе жүретіні анық. Айлығы шайлығына жетпейтін жұртты қымбатшылық тағы қыспаққа ала ма деген сұрақ та мазалайды.
Дереккөз ktk.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через