Спорт

Бөлісу

Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир аяқталды

Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир аяқталды

       Бүгін Алматы қаласында биылғы ISU Challenger-дің 7-кезеңі саналатын Денис Тенді еске алуға арналған ІІІ халықаралық турнир мәресіне жетті. Бұл бәсекеде екі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы жүлдеге ие болды.

       Ерлер арасындағы жекелей сында Диас Жиренбаев қысқа және еркін бағдарламаны қосқанда 192,67 ұпай жинады. Қазақстандық спортшы тек грузин Ника Егадзеге (208,47 балл) есе жіберді. Үздік үштікті әзірбайжандық Владимир Литвинцев (188,77) түйіндеді. Бұл сында Рахат Бралин 4-сатыдан көрінді (181,22 ұпай). Қалған қазақстандықтардың нәтижесі: Олег Мельников – 6-орын (162,30), Елисей Волков – 8-орын (101,96).

       Ал, әйелдер арасында оңтүстік кореялық Минче Ким ешкімге дес берген жоқ (158,84 ұпай). Отандасымыз Анна Левковец қысқа бағдарламадан кейінгі орнын жалпы есепте де сақтап қалып, күміс медальге қол жеткізді (145,43 ұпай). Қола жүлде тағы бір оңтүстік кореялық Дабин Чхвеге бұйырды. Ол Аннадан небәрі 0,4 ұпай қалып кетті (145,06). Өзге қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың нәтижесі: Анна Фарафонова – 7-орын (122,51), Багдана Рахишова – 9-орын (111,88), Ясмин Текик – 10-орын (105,70).

       Жұптық сында көптеген маман болжағандай, жапониялық Кана Мурамото мен Дайсукэ Такахаси жеке-дара топ жарды (188,30). Күміс жүлде германиялық Дженнифер Янсе ван Ренсбург пен Бенджамин Стеффан дуэтіне бұйырса, қоланы мажарстандық Мария Игнатьева мен Даниил Шемко қанжығасына байлады. Алғашқы алтылықта өнер көрсеткен қазақстандық Гауһар Наурызова мен Бойсангур Датиев қос бағдарламадан соң 7-сатыға жайғасты (145,12 ұпай).

       Жалпы, биылғы додада Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Италия, Франция, Германия, Израиль, Болгария, Мажарстан, Әзербайжан, Молдова, Армения, Грузия, Украина мен Қырғызстан спортшылары бақ сынады. Отандастарымыз барлық бағдарламада өнер көрсеткенін айта кеткен жөн.

       Естеріңізге сала кетейік, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенді еске алуға арналған бәсеке алғаш рет 2019 жылы Алматыда өткен. Былтыр мәртебелі турнирді Астана қаласы қабылдаған. Ол кезде 18 елдің спортшылары еліміздің бас қаласында өзара шеберлік байқасқан.

      Denis Ten Memorial Challenge турнирін Спортты дамыту дирекциясы мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Денис Тен қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Біздің әлеуметтік желілерге жазылыңыздар және барлық оқиғалардан хабардар болыңыз!
Facebook Youtube Instagram Вконтакте Форум качества

Пікірлер

Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз

Авторизация через