Декреттегі ананың қорқынышы

Декреттегі ананың қорқынышы
фото: https://baq.kz

Декреттегі ананың қорқынышы

Декреттік демалысқа шыққан аналардың көбі бір дүниемен айналысып жүргеніне куә болатынымыз анық. Декретте отырған қауым неге белсенді бола түседі? Осы сынды сұрақтарға   6 жыл  декретте отырған  3 баланың анасы Перизат Көшкінбаева жауап берді.

Бизнес, желілік маркетинг, қаржы пирамидалары

Декретке шыққан ана бала бағуға берілген 3 жыл уақытты бала бағумен, тәрбиелеумен өткізуі тиіс. Бірақ қазақ қыздарының болмысы сондай ма әлде мемлекеттен берілетін ай сайынғы жәрдемақының аздығы ма, біз декретте тыныш отыра алмаймыз, - дейді жас ана.

Перизаттың айтуынша, декретте отырған адам кішігірім дүкен ашып, қолөнермен айналысу сынды ақша табудың жолын іздей бастайды.

Желілік маркетингке кіреміз, кейде қаржы пирамидаларына ұрынып қаламыз. Бұл ақшаның аздығы ма, қоғамның түсінігі ме білмедім. Декретте отырған ана бірдеңемен айналыспай ма деген сөзден қорқу ма екен. Себебі декреттік демалыста отырғандар бос отырмын, ел не дейді деген қорқынышта жүреді. Бұл баламен отыруды бағасыздандыру деп айтуға болады. Өйткені үйде бала бағып отырғаның жұмыс болып есептелмейді. Қоғам да оны солай қабылдайды, - дейді ол.

Перизат Көшкінбаева декретке дейін ірі компанияда журналист болып қызмет  еткен.

Мен декретте 2016 жылдан бастап отырмын. Жұмысқа әлі шыққан жоқпын. 3-ші баланы тәрбиелеп жатырмын. Осы аралықта балалар киімін саттым, түрлі желілік маркетингтерде болдым, пирамидаларға ұрындым. Көйлек те саттым. Кейін блогерлікке бет бұрдым. Қазір блогерлер түрлі гив, марафон, курс өткізіп жатады. Олардан алданып қалғандар да аз емес. Блогер деген сөз алаяқ деген сөздің синониміне айналып бара жатыр. Сондықтан өзімді блогермін деп айтудың өзі қиын. Қазір екінің бірі блогер деп ойлаймын, - деді ол.

Көшкінбаеваның айтуынша, ол әлеуметтік желіде келін мен ене, әйел тақырыбына әзіл қосып жариялайды.

Қазір блогермін деп айтқан күннің өзінде көп адам сияқты күнделікті істерім туралы, не істеп жатқанымды салмаймын. Әзіл, шыны аралас видеоларды түсіремін. Көп жағдайда менің контентімнің тақырыбы қазақ әйелінің теңдігі, келіннің қоғамдағы рөліне қатысты, - дейді ол.

Әлеуметтік зерттеу

Америкалық  ComRes агенттігінің жүргізген зерттеуі бойынша декреттегі аналар мынандай сезімді бастан кешіреді:

27%-ы декреттік демалыстан өздері күткендей ләззат алмайды;

47%-ы өзін жалғыз сезінеді;

5 адамның 2-уі жұмысын сағынады;

Әрбір 5-ші әйел жұмысқа ерте бармағанына өкінеді.

Мәтіндегі ақпарат туралы