Декреттегі аналар қандай жұмыспен айналыса алады?

Декреттегі аналар қандай жұмыспен айналыса алады?
фото: https://kursiv.kz

Декреттегі аналар қандай жұмыспен айналыса алады?

Үйде отырып, табыс табу бүгінде трендке айналып жатыр. Әсіресе, instagram желісінде декреттегі аналарға арналған ұсыныстар мен жарнамалар толып тұр. Осы орайда бұл тақырыпты қаузап көруге бел будық. Қандай жұмыс түрлерін баласы бар әйелдер үй жұмысымен қатар алып жүре алады? Бәріне бірдей жұмыс істеу міндет пе? Декретте отырғанда өзін шектеліп қалғандай сезінбес үшін не істеуге болады? Бұл жайлы бүгінгі материалымыздан оқи аласыздар.  Қазақстан заңына сәйкес, жұмыс істеген әйелдерге жүктілік пен босануына байланысты жәрдемақы, бала туған кезде бір реттік сыйақы және бала бір жасқа толғанға дейін берілетін жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері әркімнің табысына қарай әртүрлі. Ал енді жұмыссыз әйелдерге тек бір реттік сыйақы мен мемлекет бекіткен, бір реттік жәрдемақы беріледі. Мәселен, бір баласы болса 17 мың теңгеден сәл астам сома ғана төлейді. Осыны ескере келе, көпшілігінің үйде отырып табыс табуға құлшынуын әлеуметтік жағдаймен байланыстыруға болады. Қымбатшылық жайлаған заманда екі жақтан кіріс кіргені артық бола қоймас. Жалақысының 40 пайызын ай сайын алып отыратын әйелдердің өзі бір орында отыра алмауы мүмкін. Ана болу бақыты керемет сезім сыйлайтыны анық. Десе де, күнде бір тірліктің қайталана беретіні, төрт қабырғадан «қамалып» отыратыны әйелде депрессия тудыруы ғажап емес. Бала туғанға дейін тыным таппағандары күйзеліске қаттырақ батады. Сол кезде жұмыс істеу, даму туралы ойланады. Әрине, барлығына бірдей жұмыс істеу керек, әйтпесе дамымай қалады деп әсте айта алмаймыз. Немесе құрбыларыңыз бір шаруамен айналысып бастаса, көштен қалмау үшін өзіңізге белгісіз балаға беттеп кеткен де жөн болмайды. Үйде отырып табыс табуға деген құлшыныс өзіңіздің ішкі қалауыңыздан тууы керек. Елімізде декреттік демалыс 3 жылға созылады. Десе де, жұмысқа шығу уақытын әр әйел өзі таңдайды. Қаласа, алты айдан соң, қаласы толық 3 жыл отырып барып шыға алады. Бұл ретте ескеретін жайт, мамандар бала 2 жасқа толмайынша баланы күтушіге, туыстарға қалдырып кетуп не балабақшаға берудің дұрыс емесін айтады. Сол секілді үйде отырса да, барлық назарын тек жұмысқа бөліп, балаға көңіл бөлмегені де жөн емесЕнді декретте отырса да, жұмыс істеудің қандай жағымды тұстары бар? Соған тоқталсақ: Дамуыңызға көмектеседі. Әдетте, мамалардың бір күні бір күнінен аумайды. Осылай жалғаса да, барлығын автомат түрде жасауға әдеттеніп, ештеңеге қызықпайтын, мүмкіндіктер туралы бас қатырмайтын адамға айналуыңыз мүмкін. Егер декрет уақыты біткен соң жұмысты жалғастыруды ойласаңыз, сізге міндетті түрде даму көшінен қалмау керек. Өйткені арада жылдар өткенде бұрынғы жұмыс темпіне ілесе алмай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан күніне бірнеше сағатты ғана бөлуді талап ететін бір жұмыс түрімен айналысыңыз. Ақыл-ойды дамытуға көмектесіп қана қоймай, өнімді өмір сүруне көмектеседі. Балаңызға үлгі боласыз. Сәбилер ата-анасының істегеніне қарап, ол қасиеттерді бойына алғашқы айдан бастап сіңіреді. Сіздің әдеттеріңізді сол күйі қайталайды. Соны дұрыс санайды. Сондықтан табысты ананың моделі балаға еш артық етпейді. Қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізесіз. Адамның басты мақсаты ақша табу ғана болып кеткені жөн емес. Дегенмен бойыңызға сенімділік, еркіндік сыйлайтын құрал екені айдан анық. Біреу қаржылық тапшылық салдарынан декретте отырып жұмыс істеуге мәжбүр. Ал енді біреуі қосымша ақша артық болмайды деп істейді. Қоғамға жақынырақ боласыз. Тек үйдің тірлігімен айналысатын адамдарға достарымен кездесу, ортақ әңгімеге ілесу қиындау болып келеді. Сол себепті күніне бірнеше сағатты ғана алатын жұмыс істеп, адамдармен араласқан жақсы.

Мәтіндегі ақпарат туралы