Наурызда келген жаңа жыл молшылықта өтіп, берекелі болуы үшін мол дастархан жайылады. Алайда мұндайда астан улану қаупі арта түседі. Солтүстік Қазақстан облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мерекені ауруханада қарсы алмас үшін қандай сақтық шараларын естен шығармау қажеттігін айтып берді.
Наурыз мерамына орай алдын ала азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер сатып алынады. Мереке күндері үйде тамақтан уланудың негізгі себептері тамақ дайындау кезінде жеке гигиена ережелерінің сақталмауы.
СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің жетекші маманы Гүлнұр Умарованың айтуынша, астан уланудың тағы бір себебі –тағамға сапасыз азық-түлік пайдалану. Сондықтан оны сауда орындарынан сатып алғанда тауардың жарамдылық мерзіміне, оның сыртқы түріне, иісіне, сақтау шарттарына, өнімді сатып жатқан нысанның санитарлық жағдайына назар аудару қажет.
«Рұқсат етілмеген сауда орындарында, базарларда кездейсоқ адамдардан азық-түлік сатып алу – қауіпті. Ең алдымен, бұл сүт өнімдерінің барлық түрлері, шикі жұмыртқа, құс еті, әртүрлі ет түрлері, дайын көкөніс тағамдары, кондитерлік өнімдер, әсіресе торттар мен ақуыз кремі бар торттар. Әсіресе, құс етінен дайындалған тағамдар, жұмыртқа қосылған тағамдар, майонез және қаймақ қосылған салаттар тез бұзылады. Азық-түлікті қайдан сатып алсаңыз да, сатушы олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. Алайда кездейсоқ адамдар оның сапасына кепілдік бермейді», - дейді санитар дәрігер.
Мереке денсаулыққа кері әсерін тигізбес үшін қарапайым ережелерді естен шығармаған жөн :
- жәндіктер мен кеміргіштер ішіне түсіп кетпеуі үшін азық-түлікті ашық жерде, еденде сақтамаңыз;
- өнімдер ауада тез бүлінеді, сондықтан ыдысты қақпақпен жауып, арнайы пленкамен ораңыз;
- қоқыс шелегін де дезинфекция құралдарымен жиі өңдеп, оны қақпақпен жауып, қоқыстан жиі босатып отыру қажет;
- үйде мерекелік тағамдарды дайындаған кезде, ең алдымен, қолдың, жабдықтың, ас үй жабдықтарының тазалығын қадағалаңыз;
- шикі тағамдар мен дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз, оларды кесу үшін бөлек пышақ пен кесу тақталарын қолданыңыз;
- жаңа піскен тағамды өткен күннен қалған қалдықтармен араластырмаңыз;
- дайын тағамды екінші күні қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізіңіз;
- етті, құсты, жұмыртқаны, теңіз өнімдерін және мерекелік тағамдарға арналған басқа ингредиенттерді қуыру, қайнату кезінде дұрыс температуралық режимді сақтаңыз. Пісіру үшін қажетті уақытты сақтау өте маңызды – бұл зиянды микробтарды жояды;
- тоңазытқыш камераларында өнімді сақтауда қажетті температураны сақтаңыз;
- улануды болдырмау үшін үй жағдайында консервіленген банкіні қолданар алдында 10-15 минут қайнатып алыңыз;
- қақпағы көтерілген банкілерді, түсі бұзылып, иісі шыққан өнімдерді қолданбаңыз. Дәмін татып көруге де ұмтылмаңыз;
- қайнатылған ет, құс еті, порцияға кесілген бірінші және екінші тағамдарға арналған қосалқы өнімдер қолданылмас бұрын қайта термиялық өңдеуден өткізіңіз;
- бәліштер мен құймақтарға арналған тартылған ет, қайнатылған ет немесе ет өнімдері қолданар алдында қайта термиялық өңдеуден өткізіңіз. Дайын тартылған ет 2 сағат ішінде қолданылуы тиіс;
- суық тағамдарды дайындау үшін пайдаланылатын шикі көкөністер пісірілмегендіктен, оны дұрыстап жуып, кейін ағынды сумен шаю және кесер алдында құрғатып алыңыз;
- салаттар, винегреттерді және туралған компоненттерді дәмделмеген күйінде 0 градус температурада алты сағаттан аспайтын мерзімде ғана сақтаңыз;
- салаттар мен винегреттерге дастарханға қояр алдында ғана сұйық май, майонез қосыңыз.
Гүлнұр Умарованың айтуынша, осы қарапайым шаралар астан уланудың алдын алады. Уланған адамда жүрек айнуы, құсу, іштің ауыруы, тәулігіне 10-20 ретке дейін іш өту болады. Адамның жалпы көңіл күйі нашарлайды: артериялық қысым төмендейді, пульс жиілейді, дене қызуы көтеріледі, кейде адам естен танып қалуы да мүмкін. Мұндайда үйде емделмей, жедел жәрдем қызметінің көмегіне жүгінген жөн.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, podacha-blud.com
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через