Алматы қаласы Медеу ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы үй тортын сатып алмауға кеңес береді. Өздігінен дайындалған кондитерлер көбінесе заңсыз жұмыс істейді, ал олардың өнімдері қажетті тексерулерден өтпейді.
Сондықтан Интернет арқылы тортқа тапсырыс бермеңіз. Себебі жұқпалы ауруға шалдығуыңыз мүмкін.
Үй жағдайында дайындалатын өнімнің шикізаты сапасыз және өнімді дайындау мен сақтау технологиясы талапқа сәйкес келмеуі ғажап емес. Сондай-ақ, тәтті торт пісіретін адамның ден-саулығының қандай екенін білмейсіз. Бәлкім оның бойында аурудың белгілері бар, алайда ол өзінің тасымалдаушы екенін білмеуі ықтимал. Өнімнің өндірілген күні, сақтау шарттары, құндылығы туралы мәліметтер болмайды.
Үй кондитерлері өнімдерін дайындаумен көбінесе студенттер немесе бала күтімімен үйде отырған аналар айналысады. Әдетте олардың арнайы кәсіби білімі болмайды. Сондықтан сапа стандарттары әрдайым сақтала бермейді. Торт пісірушінің арнайы қолғап киген-кимегенін білмейсіз. Басына қалпақ кигенінен де хабарыңыз жоқ. Тіптен үйінде үй жануарлары тіршілік етуі де ғажап емес. Сол себептен санитарлық ережелер сақталмаған, құрамы бұзылған торт жеймін деп ауруға шалдығып жүрмеңіз. Сақтансаң сақтайды демекші, өзіңізді және отбасыңызды қауіпті тағамнан қорғаңыз!
Ахмет Мейіржан Әшірханұлы, Алматы қаласы Медеу ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через