«Цифрлы сауаттылық» пәні оқытылады

«Цифрлы сауаттылық» пәні оқытылады

«Цифрлы сауаттылық» пәні оқытылады

 Алдағы жаңа 2022 жылдың қаңтар айынан бастап бірінші сынып оқушыларына жаңа пән оқытылады. Білім және ғылым министрлігінің дерегіне сүйенсек, бұл балалардың цифрлы сауатын ашу мақсатында оқу бағдарламасына енгізілген.

 «Цифрлы сауаттылық» пәні осы оқу жылының үшінші тоқсанында оқу бағдарламасына алғаш рет енгізіледі. Негізі мұндай бағыттағы пән бастауыш сыныптың оқу бағдарламасында бұрыннан бар. «Ақпараттық-коммуникациялық  технологиялар» пәні бұған дейін оқушыларға  үшінші сыныптан бастап оқытылатын. Мұндай өзгерісті тиісті министрлік жанындағы Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Гүлмира Кәрімова жаңа замандағы өзгерістердің талабынан туып отырғанын жеткізді.

«Оқу бағдарламасы сұраныс пен уақыт талаптарына сәйкес болуы тиіс. Цифрлы әлемнің қарқынды дамып жатқанын көріп отырмыз. Қазір смартфондар мен компьютерлерді мектепке дейінгі балалар да пайдаланады. Цифрлы сауаттылық – оқу мен жазу сияқты негізгі дағдылардың біріне айналып келеді. Сондықтан балаларды цифрлы сауаттылық және ақпараттық қауіпсіздік негіздеріне мүмкіндігінше ертерек үйрету маңызды. Әлбетте, жаңа пәнді оқыту барысында балалардың жас ерекшеліктері де ескеріледі», деді Г.Кәрімова.

Осыған орай 4-сыныпқа арналған «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және 5-11 сыныптарға арналған «Информатика» пәндері бойынша оқу бағдарламалары қайта қаралған. Жаңашылдықтар балалардың ақпараттық технологиялар саласында сапалы білім алуына бағытталып отыр. Айталық, мектеп бағдарламасы шеңберінде ең танымал Python бағдарламалау тілі оқытылмақ. 5-9 сынып оқушылары 3D-модельдеу мен 3D-принтинг бойынша білім алады. Ал 10-11 сыныптардағы «Информатика» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасында IT-STARTUP, виртуалды және толықтырылған шынайылық, жасанды интеллект, мобильді қосымшаларды әзірлеу, BigData және тағы басқа тақырыптар бар. Бұған қоса барлық сыныптың оқу бағдарламаларына Интернет желісіндегі қауіпсіздік ережелері, авторлық құқық туралы тақырыптар енгізілген.

 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

Мәтіндегі ақпарат туралы