Бүйрегін ғаламторда сатпақ болған 19 жастағы жігіт ұсталды

Бүйрегін ғаламторда сатпақ болған 19 жастағы жігіт ұсталды
фото: pixabay.com

Көкшетауда бүйрегін ғаламтор арқылы саудаламақ болған 19 жастағы азамат ұсталды. Өрімдей жігіт өз ағзасын небәрі 18 мың долларға бағалапты. Түскен ақшаға құмар ойынның кесірінен қордаланған қарызын жаппақшы болған. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды

 Донор жігіт бүйрегін саудалау үшін Астанадан Көкшетауға арнайы келген. Ағзасын 18 мың долларға сатса, қарызын толық өтейді екен. Сол себепті бүйрегін жарнамалап, ағза ауыстыру отасын және медициналық тексеріс шығынын өзі көтеріп, ұйымдастыратынын айтқан. 

Осы хабарландыруды байқап қалған тәртіп сақшылары жасырын келіссөз жүргізіп, бүйрегін сатпақшы болған жігіт 8 миллион теңге алып жатқан жерінде қолға түсті. Енді ол өз мүшесін саудалағаны үшін заң алдында жауап береді. 

 Ербол Дүйсенбеков, Ақмола облысы ПД басқарма бастығының орынбасары: — Қазіргі уақытта аталған факті ҚР ҚК 116- бабы, яғни адам ағзасы мен тінін алып қоюға мәжбүрлеу, алып қоюға қатысты заңсыз мәміле жасау бойынша тіркеліп, тергеу басталды. Ол өз еркімен ағзасын сату үшін басқа қаладан Көкшетауға келген. Осы заңсыз әрекеті үшін күдікті 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.