фото: Pexels
Батыс Қазақстан облысында киіктен зардап шеккен оңтүстік аудандарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін.
Өйткені биылғы шөптің шығымы көңіл көншітпейді. Жаңа қылтиып келе жатқан көкті сәуірдегі салқындық буып тастаған, азын-шоғын шыққанын киік тапап кеткен. Енді шабындыққа шалғы салған шаруалар қысқы мал азығын қайдан дайындарын білмей дал.
Бөкей Ордасы ауданы Бөрлі ауылының тұрғыны Мырзабай Боранбаевтың құм Нарынның етегіне егін салғанына биыл 3 жыл. Мал тұяғы тоздырып, тек изен мен жусан қалған жерді электро бақташымен қоршапты. Ішіне күздік қара бидай, арпамен қатар, түйежоңышқа, эспарцет, судан шөбін егіпті. Осы алақандай жерден мыңдаған малға керекті жем-шөпті орып алам деген ойы болған. Алайда қаптаған киік тыным берер емес. Күні-түні мотоциклмен, машинамен бағып жүргеннің өзінде жабайы жануарлар ордан орғып, сымнан секіріп, егісті отап жатыр.
Казталов, Жәнібек аудандарында да жағдай мәз емес. Арнайы құрылған комиссия ауылдарды аралап, шабылған шөпті өлшеп, шығынды есептеуде.
Алайда киіктен келген шығынды өтеу тетіктері еш заңда жазылмаған. Бірқатар облыстардағыдай әр аналық басқа 30 мың теңгеден субсидия төлейін десе, оған облыстық бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Күні кеше Астанаға барған облыстық мәслихат депутаттары Ауылшаруашылық министрімен кездесіп, осы мәселені көтеріпті.
«Дегенмен мұның бәрі тығырықтан шығар уақытша жол», - дейді депутат. Шұғыл түрде киік санын шектемесе, келешекте шабындық түгілі жайылым жер болмауы мүмкін. Ақбөкендер соңғы жылдары қала маңына дейін жетіп, астықты алқаптарға ауыз салды. Диқандар егін ексе қып-қызыл шығынға батады, екпесе пайдаланбаған жерді мемлекет қайтарып алады.
www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через