Бөлме гүлдеріне қыс алдында қандай күтім керек?

Бөлме гүлдеріне қыс алдында қандай күтім керек?

Хлорофитум

Топтамадағы гүлдер ауаны тазартып қана қоймай, түрлі ауруға ем болып, депрессиядан айығуға көмектеседі.

Хлорофитум

Пайдасы: ауаны тазартып, бөлмені ылғалдандырады. 

Хлорофитум бактериялар мен вирустарды жояды. Ауаны ацетон, формальдегид, қорғасын және сынап буынан тазартады. Пәтер ішінде хлорофитум санын көбейтетін болсаңыз, тыныс алудың жеңілдей түскенін байқайсыз. 
Бұл өсімдіктің тағы бір ерекшелігі ылғалды жапырағында ұстап қалып, кейін оны ауаға бөліп шығарады. Әсіресе, қыста жылу берген кезде ауаны ылғалдандырып тұрады. 

Күтім: кез келген ортада өсіп тұра беретін өсімдік. Десе де +18 бен +22°C арасындағы температурада өте жақсы өседі. Тура күн көзінің астына қоюға болмайды. 

Алоэ вера

Пайдасы: терідегі жаралар мен күйікті емдейді.

Көп жағдайда алоэ вераны теріні әртүрлі зақымнан қорғау үшін қолданады. Дәлірек оның шырынын жараның үстіне жағады.

Колит, асқазан ойық жарасы, бас ауруы, невроз кезінде шырынын ішуге болады. Алоэ вера шырынын ішпес бұрын дәрігерден кеңес алған артық болмайды. Өйткені, кей адамның алоэға аллергиясы болуы мүмкін.

Күтім: 4-5 күнде бір рет суару қажет. Ол күнді жақсы көретіндіктен, көлеңкеге қоймаңыз. Түсі қурап кетпес үшін күн көзінің астына қоймаңыз. Қыс кезінде +12 мен +16°C арасы өте ыңғайлы. 

Сансевиерия

 

 

Пайдасы: ауаны зиянды заттардан тазартады.

Сансевиерияны "ененің тілі" деп те атайды. Аса күтімді қажет етпесе де, тигізер пайдасы мол. Ауадағы формальдегид пен жиһаз, құрылыс материалдарынан бөлініп шығатын әртүрлі зиянды затты өзіне сіңіріп, оттегі бөліп шығарады. 

Күтім: Сансевиерия көлеңкені де, күнді де ұнатады. Маусымға байланысты айына немесе аптасына бір рет суаруға болады. Егер ауа температурасы +10 градустан төмендеп кетсе, бұл өсімдік өліп қалуы мүмкін. 

Хамедорея

Пайдасы: ауаны зиянды заттардан тазартады. 

Хамедореяны "бамбук ағашынан жасалған пальма" деп те атайды. Ауаны формальдегид пен бензолдан тазартып, интерьерге ерекше көрік сыйлайды. 

Күтім: +12 және +20°C арасындағы температурада өте жақсы өседі. Бөлме температурасының күрт құбылуын ұнатпайды. Күнделікті аздан суарып, топырағының ылғалды болып тұруын бақылау қажет. 

Бөлме жалбызы

Пайдасы: жәндіктерді жанына жолатпайды және тынышталдырады. 

Әдетте бөлме жалбызын хош иісі мен шай демдеп ішу үшін өсіреді. Халық емінде жалбыз тұмау, ісіну, асқазан ауруларын емдейді. Сондай-ақ, жапырақтарымен жараны емдейді. 

Күтім: жалбыз күн сәулесін сүйеді. Ол үшін +12 мен +22°C арасындағы температура ыңғайлы. Күн ыстықта күнде, ал басқа маусымда 3-4 күнде бір рет суару қажет. 

Фикус

 

 

Пайдасы: ауаны тазартады. 

Фикус та ауадағы фенол мен бензолды өзіне сіңіріп алады. Халық оны қабыну ауруларында қолданады. Кей адамның фикуске аллергиясы болуы мүмкін. Сондай-ақ, оны үй жануарлары дәмін татып көре алмайтындай жерге қою қажет. 

Күтім: күн сәулесін ұнатады. +16 мен +28°C арасындағы температурада өзін жайлы сезінеді. Ылғалда жақсы өсетіндіктен, күнделікті жапырағын сулы мақтамен сүрту қажет. Бір аптада 2-3 рет суару жеткілікті. 

Бегония

https://informburo.kz/storage/photos/141/634e7b48efea9.jpg

Пайдасы: ауаны тазартып, бактерия мен вирустарды өлтіреді. 

Бегония әдемі әрі ерекше күтімді қажет етпейтін өсімдік. Ауру тудыратын микроағзаларды өлтіретіндіктен, оны терезенің алдына қояды. Мұнымен қатар, ол ауадан басқа да зиянды заттарды сіңіріп алады. Әсіресе, үй ішінде шылым шегетіндер үшін пайдалы. 

Оны қан қысымын төмендетіп, тыныс алу жолдарымен байланысты ауруларды емдену үшін қолданады. Бұдан өзге түнгі ұйқының жайлы болуын қамтамасыз етеді. Ең бастысы, мөлшерден тыс қолдануға болмайды. 

Жапырағы мен шырыны улы болғандықтан, оны жануар мен баланың қолы жетпейтін жерге қояды. 

Күтім: +16 мен +24°C арасындағы температурада жақсы өседі. Оны топырағы құрғаған кезде суарады. Егер бөлме іші құрғақ болса, көбірек суару қажет. 

Цитрус

Пайдасы: зейінді жақсартып, тынышталдырады және бактерия мен вирустарды өлтіреді. 

Апельсин, мандарин, лимон ағаштары бөлмеге көрік береді. Жапырақтарындағы фитоцид арқасында зиянды микроағзаларды өлтіреді. Ал эфир майлары адамды тынышталдырып, түнгі ұйқысының жайлы болуына әсер етеді. Сондай-ақ, белсенділікті арттырады. 

Бір кемшілігі – бағасында. Ақшаны үнемдеу үшін дәнін топыраққа көміп өсіреді. 

Күтім: +16 мен +26°C арасындағы температурда жақсы өседі. Бөлме температурасы мен өзіне түсетін жарықтың құбылуын ұнатпайды. Мұндай өзгеріс бола қалса, жапырақтары түсіп бастайды. Ылғалды жақсы көретіндіктен, топырағының құрғап қалуына жол бермеу қажет. 

Лимон эвкалипті

Пайдасы: маса мен шыбындарды жолатпайды, тұмау мен қабынуды емдейді.

Эвкалипт өзінің эфир майының арқасында танымал. Оны тұмау, стоматит, фурункулез ауруларын емдеу үшін қолданады. Тыныс алу жолдары ауруларын емдеу үшін жапырағын қолға үйкеп, кейін иіскейді. 
Эвкалипт зиянды микроағзаларды өлтіретін фитонцид бөліп шығарады. 

Жапырақтары улы болатындықтан, бала қолы жетпейтін жерге қойған дұрыс. 

Күтім: +16 мен +26°C арасында жақсы өседі және күн сәулесін сүйеді. Жапырағына суды жиі шашпаған жөн. Әдетте гүлді ыдысымен бірге ылғалдандырылған керамзит үстіне қояды. Топырақтың құрғап кетпейді және суармайды да. 

Герань

Пайдасы: жәндіктерді қашырып, жүйке жүйесін тынышталдырады. 

Шыбын мен масаны мүлдем жолатпайды және ауаға фитонцид бөліп шығарады. 

Халық оны тынышталдырып, ауырғанды басу үшін пайдаланады. Бедеулікті емдеп, қан қысымын ретке келтіреді, деп те айтылады. Десе де, алдымен, дәрігермен кеңескен артық болмайды. Мұнымен қатар, оны косметологияда пайдаланады. 

Күтім: күннің астында тұрып өскенді ұнатады. Тек күн қатты ыстық болған кезде терезенің алдынан алып тастау қажет. +12 мен +27°C арасындағы температурада жақсы өседі. 7-10 күнде бір рет суару жеткілікті.