фото: pexels.com
Кейінгі жүргізілген зерттеу осыны көрсеткен. Бойдақтардың 89 пайызы жігіт не қызбен кездесуге ұялады.
Forbes журналы АҚШ-та 1 мыңнан астам отбасылы және бойдақ адамдар арасында қаржылық жағдайға байланысты арнайы сауалнама жүргізді. Нәтижесі мынадай болып шыққан. Алдымен отбасы құрмағандарға қатыстысын айтайық.
Бойдақтардың 93 пайызы жалғыз өмір сүрудің қалтаға үлкен салмақ салатынын мойындаған. Ал 35 пайызы қаржылай шығынды ата-анасы, бауырлары немесе бір пәтерде, бөлмеде бірге тұратын адаммен бөлісетінін алға тартады. Бойдақтардың 33 пайызы бақай есеппен өмір сүреді екен.
Енді үйленгендерге келейік. Некеге тұрғандардың 76 пайызы үй болғаннан кейін кірісінің көбейіп, ақшасының қызығын көре бастағанын қуана хабарлаған.
Forbes сауалнамасы:
- Бойдақтардың 93% жалғыздықтың қаржылай ауыртпалығын мойындайды
- Бойдақтардың 35% шығынды ата-анасы, бауырлары немесе бірге тұратын адаммен бөліседі
- Бойдақтардың 33% «бақай есеп» қарым-қатынасты ұзақ сақтағысы келеді
Үйленгендердің 76% - отбасы құрғалы берекесі кіре бастаған
Германияда «Бойдақ салығы» бар
Германияда «Бойдақтар салығы» бар деп айтуға болады. Бірақ дәл олай аталмайды. Бұл елде ұсталатын салық 2 нәрсеге байланысты. Біріншісі - табыс көлемі, екіншісі - балаңыздың болғанына немесе болмағанына байланысты. Германияда салық жүйесінің 6 санаты бар. Бірінші санатқа бойдақтар, ажырасқандар, жалғыз қалғанына 2 жыл өткен жесірлер жатады. Олар жылдық табысының 28 пайызын салық ретінде төлейді. Бірақ жылдық табыс 9 мың еуродан асуға тиіс. Егер балаңыз болып, оны жалғыз тәрбиелеп отырсаңыз, онда автоматты түрде бірден 2 санатқа өтіп, керісінше үкіметтен жәрдемақы аласыз. Ал отбасыңыз, балаңыз болмай, бірақ жылдық табысыңыз 60 мың еуродан жоғары болса, онда кірісіңіздің жартысын салыққа бересіз.
Фото pexels.com.
Америкалықтардың 40%-ы жалғыз тұрады
Pew Research Center зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, АҚШ-тағы ересек тұрғындардың 40 пайызы жалғыз тұрады әрі олардың мұны өзгерткісі жоқ. 1990 жылы елдегі бойдақтардың үлесі 29 пайыз болған. Яғни кейінгі 34 жылдың ішінде жалғызілікті үлкен адамдардың қатары 30 пайызға өскен.
Жапонияда масыл бойдақ көп
Жапонияда үйленбеген адамдарды «парасайто сингуру» деп атайды екен. Қазақша мағынасы – «қубас». «Парасайто сингуру» терминін алғаш 1999 жылы Токио университетінің әлеуметтанушы профессоры Масахиро Ямада енгізген. Ғалымның зерттеуінше, үйленбеген жапон жігіттерінің 60 пайызы, ал тұрмысқа шықпаған кәрі қыздардың 80 пайызы ата-анасымен тұрады. 2002 жылы жүргізілген сауалнамаға сәйкес, Жапонияда әке-шешесіне масыл 10 миллион бойдақ тіркелген.
Қытайда «Бойдақтар күні» тойланады
Естімеген елде көп. Отбасы құрмағандарды ерекше аялайтын ел Қытай секілді. Көрші мемлекетте «Бойдақтар күні» бар. Ол он бірінші айдың он бірінде тойланады. Күн мен айдың бірыңғай «бір» саны болып таңдалуында да сыр бар екен. Нумерологияға қатты сенетін Қытайда төрт «бір» бойдақ дегенді білдіреді және «бір» ештеңесі жоқ таяқшаға ұқсайды. Бұл күнді бойдақтар көбіне жақын достарымен өткізеді. Ірі сауда желілері 11 қарашада жыл сайын үлкен жеңілдіктер жасайды. Бірақ бұдан пайда аз сияқты.
Фото pexels.com
Америкалық демограф Николас Эберштадт «Демографияның болашағы» атты кітабында 2030 жылға қарай 30-40 жастағы қытай жігіттерінің 30 пайызға жуығы бойдақ болатынын айтады. Ғалым «Бұл үлкен дағдарысқа» әкеледі деп болжайды.
Атам қазақ «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген мақалды тегіннен тегін айтпаса керек. Басқаны білмеймін, ең бастысы, қазақ көбейсін деп тілейміз. Қалай дегенмен де, сүрбойдақ болғанша, бала-шағаңмен күліп-ойнап жүрген жақсы емес пе?!!
Дереккөз 24.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через