Қазақстандағы жаппай орын алған наразылық пен тәртіпсіздік салдары қайғылы жағдайға ұшыратты. Бұл оқиға қазақстандықтарға оңай әсер еткен жоқ. Күні бүгінге дейін көпшілігінің бойында үрей басым. Адам бойын меңдеп алған қорқыныштан қалай арылуға болады? Standard.kz порталы жауап іздеп көрді
Елдегі, әсіресе Алматыдағы ұрып, cоғу, өлтіру, ғимараттарды қирату оқиғалары әлеуметтік желі арқылы тарады. Сол фото-видеоларды көрген тұрғындар одан сайын үрейлене береді. Әлеуметтік желілерді ашсаң болды жаппай сол оқиғаға байланысты көңіл айтудан көз сүрінеді. «Бақұл бол», «Жаны жәнната болсын», «Жақсы адам еді» деген тақырыппен жақын-туысын жоқтаған жазбалар көбейіп кетті. «Көңіл айтулар» оқыған адамның көңіліне әсер етпей қоймасы анық. Әсіресе баласынан айырылған ата-анаға, күйеуінен айырылған келіншек, әкесінен айырылған балаға екі есе соққы.
Психологтардың айтуынша, қаңтардағы оқиға жайлы балалармен сөйлескен жөн. Оларға өтірік айтпаған дұрыс. Ересектер жарақат алған күннің өзінде де балаларға жағдайды барынша түсіндіруі керек.
Балаға түсіндірер кезде, қандай да бір ақпаратты көрсеткенде оның жасын ескерген дұрыс. Мысалы, 5 жасар балаға жаман адамдар, бандиттер бар екенін түсіндіріп, далаға шығу қауіпті екенін айту керек. Ал жасөспірімдермен болған оқиға туралы әңгімелесіп, талқылауға болады.
Балаларға жағдайды эмоционалды реңксіз жеткізу қажет. Бала үйде отыру қауіпсіздік жағынан маңызды екенін ұғынсын. Жасөспірімдермен ақпаратты ашық талқылаңыз. Себебі әлеуметтік желілер арқылы басқаша ақпарат тарауы мүмкін. Баланың қандай контент оқитынын үнемі біле бермейміз. Ең жақсысы – жаңалықты бірге қарап, талқылау.
Психологтың сөзінше, ересектердегі мазасыздық пен қорқыныш – өміріне қауіп төндіретін ақпаратқа реакциясы ғана. Қарапайым кеңестерге сүйеніп, мұндай күйзелістен оңай арылуға болады.
Қазір жағдай тұрақталып қалды. Әлі де үрейде жүрген адамдар өзін қолдайтын жақындарымен, достарымен әңгімелескені дұрыс. Сонымен бірге психологиялық қолдау көрсететін "1414" желісіне жүгінуге болады. Тәртіпсіздікке қатысты пікіріңізді әлеуметтік желіде бөлісу жағдайыңызды қалыпқа келтіруге көмектеспейді.
Маманның кеңесінше, эмоцияны шығарған дұрыс. Эмоцияға ерік бергенде адам жеңілдеп қалады. Содан соң көңіл-күйді бұзатын нәрсеге жақындамаған жөн. Ал әзілдеу, жігерлендіретін сөздерге назар аудару, позитивте болу әрдайым тиімді бола бермейді.
Кейбірі қауіптің енді жоқ екенін осылай ғана түсінеді. Егер адам төтенше жағдайға дейін бірнәрсені жоспарлаған болса, соны талқылау арқылы мазасыздықтан арыла алады.
Көптеген психологтардың айтуынша, адамның психикасы көбіне тұрақты. Ол қиын жағдайларды жеңуге қабілетті, төзімді. Адамдардың шамамен 85%-і күйзеліспен өзі күресе алады. Тек 15%-ы ғана дағдарысқа ұрынуы мүмкін. Мұндайда арнайы маманның көмегі қажет.
Адам әлі де қауіптеніп жүрсе, біртүрлі түстер көруі мүмкін. Ал тәбеті жоғалып, ұйқысы бұзылса, ол адамға көмектесу қажет. Психолог әр адам өзінің психологиялық ахуалына мұқият болғаны дұрыс деп отыр. Әйтпесе жағдайды ушықтырып алу қаупі жоғары.
Қалай дегенмен де әр адам өзін қолға алған дұрыс. Психологиялық иммунитетіңізді түсіріп алмау үшін үрейді бойыңызға жолатпаңыз. Жығылғанға жұдырық болғандай, қанды оқиғамен жағаласып індет те өршіп кетті. Алайда салыңды суға кетірмей салауатты өмір салтына көшіп, дұрыс тамақтанып, физикалық жаттығулар жасап ағзаңыздың иммунитетін де жоғары ұстауға тырысқан жөн. Осы екі иммунитеттің жоғары болуын қадағалағанда ғана басқа түскен қиыншылықтан арыласыз.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через