Елімізге 120 мың тонна картоп Пәкістаннан жеткізілген. «Өз өніміміз өзімізге жетеді» деп есеп берген ауыл шаруашылығы министрлігі импортқа тәуелділіктен алдына жан салмапты. Дайын өнімді айтпағанда, көкөніс тұқымдарының 95 пайызы, жеміс көшеттерінің 80 пайызы шеттен әкелінген. Жауапты водомство басшысы қордаланған мәселенің бірнеше себебін айтты.
Пияз, картоп, күнбағыс майы, қант қызылшасы. Күнделікті жұрт тұтынатын азық-түлікке қатысты сұрақтарды ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке мәжілісмендер қарша боратты. Үкімет сағатында сөз алған министр өз баяндамасында саланың тігісін жатқызып көрсетуге тырысқанымен, депуттар бірінші кезекте басқасы басқа, деп таңданысын жасыра алмады.
Серік Егізбаев Мәжіліс депутаты: - Республика көкөніс дақылдарының тұқымдарынан 95 пайыз, ал жеміс көшетінен 80 пайыз импортқа тәуелді. Импорттаушы елдер географиясы еуропалық елдер, Австралия, Жаңа Зеландия, Ресей, Үндістан, Иран, Түркия, Өзбекістан, Кырғызстан және тіпті Украина. Украина бүкіл қиындыққа қарамастан, ауыл шаруашылығын барлық бағытта барынша серпінді дамытып отыр.
Төменгі палата депуттарының пікірінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты статистикада «асыра сілтеу» фактілері жиі кездеседі. Жергілікті атқарушы органдар өндірген өнімін көбейтіп көрсетеді. Министрлік те бұны жоққа шығармайды. Ал сол шаруалардың маңдай терімен жиналған өнімін сақтайтын қойма аз. Болса да, не желдеткіш жүйесі жоқ, не ұзақ уақытқа сақтайтын тоңазытқыш қарастырылмаған.
Ербол Қарашөкеев ҚР Ауыл шаруашылығы министрі: - Оның жарты бөлігі, тоңазытқыш та жоқ, желдеткш жүйесі де жоқ. Сол жерде салынып жатқан, сақталып жатқан көкөніс әрі кетсе желтоқсан айына дейін жетеді. Сол себепті біз тең жаңасын соғу емес, субсидия жүйесінде ескі қоймаларды жаңарту мәселесінде жабдықтар сатып алса, субсидия төленеді.
Осы шаруаларға субсидия беру саласында да мәселе шаш-етектен. Соңғы екі жылда бұл ережені жауапты министрлік 21 рет өзгерткен. Депутаттар бірауыздан шаруаларға бес жылға дейін тиіспеу керек деді. Ал көктем шыға сала, бірінші қымбаттайтын пияз, картоптың бағасын сауда министрлігі енді бірқалыпта ұстаймыз деп уәде етті.
Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрінің бірінші орынбасары: - Пияз бағасы қыста көтеріледі. Ондай болмау үшін индикатив баланс арқылы бізге қанша өнім керек екенін, қала тұрғындарына пияздың қанша қоры екенін біліп отырамыз. Биыл қыста пияз бағасы 500 теңге болмайды.
Үкімет сағатында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке депуттар сауалы жиналып қалыпты. Бас-аяғы 20-дан астам мәжілісмен өз сауалын қойып үлгерді. Көп сұраққа «жазбаша жауап беремін» деп құтылған атқамінер "алдағы бес жылда шаруаларға жағдай жасалады, артық ізіне түсу, тексеріс болмайды" деп сендірді. Ал қолдан баға өсіргендердің ісін Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздің комитеті майшаммен қарамақшы. Қазірдің өзінде «Алтын Орда» базарында арнайы мониторинг топ бағаны негізсіз өсіргендердің жолын кесіп жатыр.
Дереккөз ktk.kz. Фото azattyq-ruhy.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через