Биыл мектеп түлектері саунаға түсіп, мейрамханаға эстрада жұлдыздарын шақырмақ

Биыл мектеп түлектері саунаға түсіп, мейрамханаға эстрада жұлдыздарын шақырмақ

Ұзаққа созылған пандемиядан кейін биыл алғаш рет "балалықпен қоштасу" мейрамын өткізуге рұқсат берілді. Түлектер оны армансыз тойлап, тояттауға ниетті. Балалардың думанының ауқымын білген ата-аналардың төбе шашы тік тұрды. 

Білім ұясынан қанат қағар тылсым мезет мәңгілік есте қалуы үшін мектеп бітірушілердің жақсылап мейрамдатуы бұрыннан қалыптасқан "дәстүр". Оны 2020 жылы коронавирусқа байланысты енгізілген карантин тыйғандай еді. Бас санитарлық дәрігер індеттің таралуына орай мектеп бітіру кештерін өткізуге қатаң тыйым салып келді. Оны бұзғандардың тойының шырқы бұзылды, айыппұл арқалады.

Бірақ халықтың тойқұмарлығы бала жастан даритынға ұқсайды. Биыл Білім және ғылым министрлігі мектеппен қоштасу рәсімін өткізуге қайта рұқсат еткені сол, жастардың алды оны сән-салтанатпен атап өтуді жоспарлай бастады. Бір жаманы, мұны ата-аналар комитеті көбіне қызу қолдап отыр. Дегенмен ол комитетке әр сыныптан екі-үш белсенді ата-ана ғана кіретіні мәлім. Қалған ата-аналар жеке чаттарында сөзін өткізе алмағандықтан, арыз-мұңын айтып, Білім және ғылым министрлігіне шағымдануда.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласындағы "125 Нigh school" жекеменшік мектебінде ата-аналар екіге жарылыпты. Олардың бір бөлігі ата-аналар комитетінің ұйымдастыруымен және мектеп әкімшілігінің үнсіз қолдауымен түлектердің тойына қомақты қаржы жинау науқаны басталғанына наразы.

Айта кету керек, қазіргі кезде жеке мектептерде тек ауқаттылар оқымайды, мемлекеттік тапсырыс аясында оған әкімдіктер қарапайым адамдардың балаларын да тегін оқуға бағыттайды. Нәтижесінде, әлеуметтік жағдайына қарай оқушылар жіктелетіні жасырын емес.

Жалпы биылғы жылы бұл мектепті 372 бала аяқтамақ. Таяуда ата-аналар комитеті мектеп түлектерінің соңғы қоңырау салтанатын өткізуге, мемлекеттік емтихан тапсыруға дастархан жаюға және балалықпен қоштасу мейрамының шарасына әрбір ата-анадан 35 мың теңгеден жинай бастаған. Жалпы сомасы 13 млн теңгеден астам қаржы жиналуға тиіс деседі.

Ата-аналар комитетінің түсіндіруінше, бұл миллиондар түлектерге арналған баннер шығаруға, қала ішінде қыдыру үшін көліктер жалдауға, мерекелік дастархан жаюға, үлкен тойхана сарайын жалдауға, 5-6 фото-видео түсіруші мамандарды, кешті басқаратын асаба-тамаданы шақыруға, сондай-ақ білім берген мұғалімдерге салмақты сыйлықтар алуға жұмсалады. Тиісті сметасы WhatsApp чаттары арқылы таратылған.

"Аттестат алғаннан кейін барлық жоғарғы сыныптың 400-ге жуық түлегі Оралдағы ең қымбат той сарайына мұғалімдерімен бірге жиналады. Мектеп әкімшілігі кейбір ата-аналардың сын-ескертпесін елемей, мұндай шараны өткізбеу үшін ешқандай профилактиктикалық жұмыс жүргізбей отыр. Біздің пікірімізше, мектеп түлектері арасында алауыздықты, ара-жікті болдырмау үшін білім ордасының жекеменшік екеніне қарамастан осындай форматта түлектер кешін ұйымдастыруға жол беруге болмайды", – дейді түлектің анасы Анар Жанарбекова.

Ата-аналар білім ордасы әкімшілігінің өкілдерімен сөйлесіпті.

"Мектеп түлектері бөле-жарылмай, барлығы 25 мамырда мейрамханаға барады деді. Оларға менторлар бас-көз болады. Бұл балалардың анда-мында сандалып жүрмеуі үшін маңызды. Оларды алып жүру үшін автобустар жалдаймыз. Балалармен менторы және 3-4 ата-ана бірге, еріп жүре алады. Бұл шаралардың білім беру басқармасына қатысы жоқтығын айтты, себебі біз жеке мектеппіз", – дейді ата-аналар.

Жалпы бұл мектепте іс-шаралар ересектердің бақылауында болатынға ұқсайды. Өзге мектептердің барлығында бірдей ол жоқ. Мысалы, ауыл-аймақта түлектер тек өздері жиналып, тауда, табиғат аясында таңды қарсы алу рәсімін өткізбек.

Елордада қала маңындағы, өзен жанындағы демалыс базаларын бір-екі күнге түлектер жалдапты.

"Бізде ағаштан соғылған коттеджді жалдау 300 мың теңгедей тұрады. Бұдан бөлек, жаңа, жайлы, шағын қонақүйлік кешен ашылды. Түлектер монша жағылғанын, топ болып түскілері келетінін айтып, тілектерін жеткізді. Алматыдан эстрада жұлдызы да шақырылыпты, оған клубымызда сахна жасақталған. Бізде сондай-ақ бассейн, сауна, мейрамхана бар. Аумақта ат орталығы, жаяу серуендеу соқпақтары, тоғай орналасқан. Өзенге суға түсуге әзірге ерте. Бірақ алда күн жылынады деп күтілуде, демек жастар қайықпен серуен құра алады. Өздерімен квадрациклдер әкелеміз деп отыр", – дейді Нұр-Сұлтан маңындағы танымал демалыс аймағының менеджері Гүлжан Керімбекқызы.

Кейбір мектептердегі ата-аналар чатында сынып жетекшісіне алтын алқа, тіпті гауһар-бриллианты бар әшекей сатып алу жоспары айналасында талас-тартыс өрбіп жатыр. Бұл ата-аналардың жеке бастамасы болғандықтан, мектеп директорлары оған араласпайды, тыйым салмайды.

Ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Көбіне ешқандай қауіпсіздік шаралары қарастырылмаған. Мемлекет әрбір тойлаушы топтың қасына бір-бір тәртіп сақшысын қосып қоя алмайды. Түлектер ішімдік ішіп алса, немесе "бәрібір мектеп бітірдік, енді көріспеспіз" деп, жылдар бойы ішіне жиған запыранын сыртқа шығарып, жаппай төбелессе, ұзақ уақыт төзген қорлығы үшін кек алса, немесе қыз, жігітке таласып, бір-бірін жазым етсе, не болады?

Өз кезегінде білім басқармалары мектеп бітіру кештерін кең ауқымда тойлауға рұқсат етілмейтінін еске салып, хабарлауда.

Бірақ мектеппен қоштасуды атап өтуге жол беріледі. Оның уақыты да белгіленіпті. Бүкіл еліміз бойынша 16 және 17 маусымда ұйымдастырылады. Дегенмен оның өзіне бірқатар шектеулер таралатын көрінеді. Мысалы, Білім және ғылым министрлігінің кеңес-рекомендациясы бойынша мектеп бітіру кештері тек қана мектеп қабырғасында өтуге тиіс.

"Аниматорларды шақыруға тыйым салынған. Сондай-ақ экскурсия, қала аралау, қала сыртына топ болып шығу үшін қымбат автокөліктерді прокатқа алуға рұқсат етілмейді. Үлкен мерекелік дастархан жаюға, мейрамхана-дәмхана жалдауға тыйым салынды. Яғни, Білім және ғылым министрлігі және білім басқармасы ата-аналардың басыартық шығын шығармауының жайын ойластырып отыр", – деді журналистерге сұхбатында Қостанай облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Айман Ибраева.

БҒМ мектептерге түлектердің ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салынғанын да ескертті. Сондай-ақ мектеп директорына, әкімшілік өкілдеріне немесе педагогтерге сыйлық беруге болмайды. Бұл ретте ведомство ата-аналар комитеттерінен осы бағытта бастамашылық танытып, белсенбеуге шақырады.

"Бұрыннан қалыптасқан тозық дәстүр бар, ата-аналар комитеті басқа ата-аналарға қысым жасап, ортаға ақша салуға мәжбүрлейді. Мұғалімге жағынғысы келеді. Алайда кейбір отбасылардың оған жағдайы келмеуі мүмкін. Бұл жерде егер демеушілер таба алса, ауқатты ата-аналар болса, өз бетінше мектепке жалпы пайдаланатын нәрсені табыстауларына болады. Мысалы, қандай да бір алаңды жабдықтауы, көшеттер әкеп отырғызуы, мектеп айналасын абаттандыруы мүмкін, бұл тек құпталады", – дейді Айман Ибраева.

Дереккөз: inbusiness.kz. Фото: malim.kzkazbilim.kzgeo.pro