"Бірінші сынып ана тілінде ғана оқиды". Білім министрлігі үш тілде оқытатын бағдарламасынан бас тартты

"Бірінші сынып ана тілінде ғана оқиды". Білім министрлігі үш тілде оқытатын бағдарламасынан бас тартты

Қазақстан бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан бағдарламасын қайта түзейді. Қазіргі бағдарлама бойынша бірінші сынып оқушылары қазақ, ағылшын және орыс тілін оқып жүр. 

Білім министрлігінің шешіміне қарағанда, қазақ мектептері мұнан былай бірінші сыныптан бастап тек қазақ тілінде оқиды, орыс мектептері қазақ және орыс тілдерін оқиды. Қазақ мектептерінде орыс тілінде екінші сыныптан бастап оқытылады. Қазақ мектептерінде де, орыс мектептерінде де ағылшын тілі үшінші сыныптан басталады.

Зерттеу мен сараптау барысында бірінші сынып оқушысына бір мезгілде үш тілде сөйлеп үйрену қиын болатынын көрдік. Бұл жөнінде білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Nur.kz басылымына берген сұқбатында айтты. 

Білім және ғылым министрінің сөзінше, "шешім қабылданған, қазір дайындық жүріп жатыр". Аймағамбетов бірінші сынып оқушысының әуелі ана тілінде оқып, жазуына мән берілетінін атап өтті.

Қазіргі уақытта қазақ мектептерінде бірінші сынып оқушылары ағылшын және орыс тілдерін оқиды.

Өткен аптада Қазақстан парламентінің сенаты "халықаралық тәжірибеге емес, елдің мүддесін" басшылыққа ала отырып, білім саласындағы реформаларды қайта қарауды ұсынған. Депутат Мұрат Бақтиярұлы премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жазған хатында білім саласындағы реформаларға қоғамның көңілі толмайтынын айтқан. Депутат Қазақстан "орта мектептерде жаңартылған білім бағдарламасын жасаумен тым асығыс шұғылданғанын, балалардың эксперимент құралына айналғанын" мәлімдеген.

Қазақстанда жаңартылған білім бағдарламасы 2016 жылдың 1 қыркүйегінде 1-сыныптан бастап енген. Бағдарламада 2017-18 жылдары 2-5-сыныптарға, 2018-2019 жылдары 3, 6, 10 және 11-сыныптарға кей пәндерді ағылшын тілінде оқыту көзделген.

Бастауыш сыныптан бастап үш тілде оқыту 2016 жылдары қоғамда жиі қарсылық туғызған. "Білім және ғылым министрлігі ұлтты жоюдың жоспарын жасап отыр", "Қазақстан халқы билік қандай тәжірибе жасаса да көніп келе жатыр" деген пікірлер айтылған. Алайда Білім және ғылым министрлігі бағдарламаның сәтті жүзеге асып келе жатқанын алға тартқан болатын.

Фото: total_kzmail.kznaqtygazeti.kz