“Бір өнім барлық ауруға ем бола алмайды”: Қазақстандықтар арасында сұранысқа ие нано бальзамның қауіпі жайлы маман түсіндірді

“Бір өнім барлық ауруға ем бола алмайды”: Қазақстандықтар арасында сұранысқа ие нано бальзамның қауіпі жайлы маман түсіндірді

Қазақстандықтар арасында нано бальзам атты өнімге үлкен сұраныс туған. Тауар жайлы видеолар, түрлі оң пікірлер таралып, күмәнді препараттың сенімділігіне көз жұма қараған сатып алушылар қарасы көбейген. Қазақстанда шығады деп көрсетілген нано бальзам желіде белсенді түрде жарнамалануда. Онда бұл өнім обыр жасушаларының жойылуына әсер етеді, белсіздік, псориаз кезінде көмектеседі, көздің нашар көруін емдейтіні жазылған.

Нано бальзам деген не?

Тауардың ресми сайтында бұл бальзам табиғи заттардан тұратын жоғары концентратты өнім (шикізаттың өңделмеген түріне қарағанда пайдалы компоненттері басым болып келетін өнім-авт.) деп көрсетіледі. Организмді қалыпқа келтіретін, күшейтетін, жасартатын әсері бар деп жазылған.

Сондай-ақ препарат инсульт, артрит, гипертония, созылмалы аурулар, онкологиялық ауруларға, жүрек аурулары, гипертония және басқа да көптеген ауруларды алдын алады деп көрсетілген.

Бальзамның құны 21 мың теңге деп көрсетілген. Бұл сомаға өнімнің екі қорабы кіреді. Компания ұсынатын өнімнің әртүрлі нұсқалары бар, бағасы 100 мың теңгеге дейін барады.

Нано бальзам өнімін ұсынушы ретінде SPA-SKY PRODUCTION ЖШС көрсетілген. Оның иесі ретінде Шакенов Диас Павлович есімді азамат, барлық сертификаттар да осы тұлғаның атына берілген.

Компанияның тікелей өзіне хабарласқанымызда қаптамада көрсетілген мекенжай заңды мекенжай екенін, негізгі өндіріс орны басқа жерде орналасқаны анықталды. Сондай-ақ компания өкілі Алматыда бальзамды шығаратын үлкен кәсіпорын бар екеніне сендірді, алайда оны көру және мекенжайын білу қарапайым адамға қолжетімсіз. 

Ресми сайттағы ақпаратқа сүйенсек, нано бальзамның 100 мл құрамында: 88 ксантон, 250-ден астам биологиялық белсенді зат, кофемент-Q10, А витаминдері(бета-каротин), В9 (фолий қышқылы), Е (токоферол), микроэлементтер: кальций, калий, магний, натрий, фосфор, марганец, мыс, селен, мырыш бар деп жазылған. Сондай-ақ өнім 100 пайыз табиғи, балаларға да, емізетін аналарға да қарсы көрсетілімі жоқ деп танылған.

Денсаулық сақтау министрлігінде аталған өнім биологиялық активті қоспа ретінде тіркелмегенін атап өтті.  

“Қазақстан Республикасында өндірілетін және оның аумағына әкелінетін барлық дәрілік заттар тиісті зерттеулер (сынақтар) жүргізілгеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігінің "Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы сараптау ұлттық орталығы" ШЖҚ РМК мемлекеттік сараптама ұйымында тіркелуге жатады. Тіркелген дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен сапасы сараптама жүргізу барысында расталады.

Нарықтан алынған үлгілерге қосымша зерттеулер дәрілік заттардың сапасына күмәнданған немесе адам денсаулығына қауіпті дәрілік заттардың жанама әсерлері анықталған жағдайда жүргізіледі. Ал өнімді өткізу кезінде желілік маркетингте жұмыс істейтін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің қызметін бақылау  министрлік құзыретіне кірмейді”, – деді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сауда желісінен сатып алу жолымен мониторинг барысында тағамға биологиялық белсенді қоспалар мен мамандандырылған тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне бақылау жүргізеді. Тағамға биологиялық активті қоспалар мемлекеттік тіркейді. Алайда "Nano balsam Perfecto Lux" бұл тіркеуде жоқ. 

"Nano balsam Perfecto Lux" бальзамы мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде тіркелмеген және тағамға биологиялық белсенді қоспа және мамандандырылған тамақ өнімі ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі жоқ”, – деді Денсаулық сақтау министрлігінде.

Оның себебі бальзамды ұсынушылар оны қоспа ретінде емес концентрат есебінде сатуға қойғандарында болса керек. Алайда перепарат тағаммен бірге қолданылады деп көрсетілген.

“Бір өнім барлық ауруға ем бола алмайды”

Нутрициолог маман Талшын Артыққызы бір өнім барлық ауруға ем бола алмайтынын алға тартады.

“Нутрициологиялық талдауға сәйкес, адамда анемия не белгілі бір дәруменнің жетіспеушілігі туындаса, сол дәруменнің өзін ішу қажет. С дәрумені жетіспесе, С дәруменін, темір жетіспесе темірді тұтыну керек.

Дәрумендер антогонистер, синергистер деп бөлінеді. Антагонистер дегеніміз – бір заттың құрамындағы витаминдер мен минералдардың бір-бірінің күшін жоюы, қарама-қарсы реакция беруі, ал синергистер бірге қабылдай беруге мүмкіндік беретіндер. Препарат құрамындағы дәрумендер бір-бірін тепсінбеуі керек. Мысалы, темір мен кальции бір бірін тепсінеді, демек олар антогонистер деп есептеледі.

Кейбір заттар белгілі бір мөлшерде бір-бірін тепсінбейді. Бір заттың ішінде бірнеше витамин бар болса мұндай заттар ішекті тітіркендіруге ұшыратады”, – дейді маман.

Талшын Артыққызы биологиялық белсенді заттарға  алмас бұрын бірқатар мәселелерге мән берген жөн екенін айтады.

  1. Әрбір БАД-тың тіркеу нөмірі болуы қажет. Демек бұл препарат біздің мемлекетте сатылуға рұқсат алған болуы тиіс. Ондай болмаған жағдайда бұл заңсыз болып есептеледі. Өнімнің тіркеу нөмірі адамның паспорты тәрізді.
  2. Өнім сұйықтық күйінде болса, әйнектен жасалған ыдыста не тығыз пластикте сақталуы тиіс. Қарапайым пластик көп мөлшерде адамға зиян токсин бөледі.
  3. Қақпағының сырты целлофанмен қапталуы тиіс.
  4. Бальзам болса қара, қара, қоңыр түсте болады. Себебі оған күннің сәуелесі түспеуі керек.
  5. Өнімнің сыртында мекенжайы, өндіріс орны көрсетілуі тиіс. Қазақстанда жасалатын өнім болса, зауыты, лабораториясы болуы керек. Егер бұлай болмаған жағдайда адамды бұл күмәндандыруы керек. Көп жағдайда дұрыс мекенжай көрсетілмейді, ішіндегі шикізат қайдан келгенін білмейміз. 
  6. Өнімді жасап шығарған автордың кім екенін анықтау қажет. Ол биохимияға, медицинаға қатысы бар адам ба, зерттеу керек. 

“Нано бальзамды алып қарасақ, ол балаларға, аналарға қолдануға болады деп жазылған. Алайда табиғи болғаннан соң оған реакцияның бақылануын талап етеді. Жаңа туған сәбиге беру қажет деп ойламаймын. Мұндай натуропатиялық өнімдерді балаға 2 жастан бастап беруді құптаймын”, – дейді маман.

БАД-тардың кем дегенде 5 сертифкаты болуы керек

Нутрициолог дәрігер бүгінде БАД-тарға сын айтылуға негіз бар екенін жеткізді.

“Себебі қазір маркетингтің заманы. Сұрыныс болған соң белсенді қоспалар түрі көп, алайда олардың сертификаты көп жағдайда толық емес, құрамы дұрыс емес болып жатады. Кемі 5 кезеңнен тұратын тексерісті өткен БАД өнімдерін құптаймын.

Оның ішінде ауыр металлдардан тазарғаны жайлы, ГМО жоқ екенін дәлелдейтін, халал екенін көрсететін, сондай-ақ, кошер (Шикізаттың иудаизм заңдарында қарастырылған ережелерге сәйкестігін тексеру. Ет, сүт және жұмыртқа, жануарлар мен құстарға берілетін жем құрамына ерекше назар аударылады-авт.) сертифкаты болуы тиіс. Сондай-ақ, лактоза, глютенсіз екенін көрсететін тексерістерден өтуі қажет”, – дейді нутрициолог маман. 

БАД-тар денсаулыққа зиян тигізе ала ма?

БАД-тар тексерістен өтпейді, себебі олар тағамның орнын толтырушы қоспалар. Сондықтан кез келген адам БАД жасап, патентін алып, сата алады. Осы орайда мұндай препараттардың құрамы мен өндірісіне, лабораториясының болуына мән беру қажет, дейді маман.

“Мұндай өнімдердің сертификаты жыл сайын жаңарып отыруы керек. Бізде компаниялар бір құжатпен бірнеше жыл жүре береді, оның ішіне зиянды заттар қосылып кетпегенін қайдан білеміз? Осындай нормалар сақталса ғана биологиялық белсенді заттарды дұрыс деп қарастыра аламыз. Себебі кейбіреулер шикізатты шетелден алып келіп, қабын Қазақстанда жасап сата береді”, – дейді Талқын Артыққызы. 

Әрбір тағамға қоспа ретінде ұсынылатын өнімнің сыртқы қорабында мынадай ақпараттар болуы тиіс:

  • Дәрілік препарат болып табылмайды деген жазу;
  • Биологиялық белсенді қоспа деген жазу;
  • Килокалорийі өлшенген;
  • Неше миллиграмм екені;
  • Құрамы;
  • Қарсы көрсетілімдер;
  • Дозасы, яғни әрбір жасқа арналған препарат мөлшері мг-мен;
  • Шағымдар бойынша телефон, факс, шығарушы адамның нөмірі көрсетілуі қажет.

“БАД-тарды аса сақтықпен қолдану керек. Барлық адамға қолдана беруге болады деген дұрыс емес. Табиғи нәрсе бүйректегі тасты жарып жіберуі, іштен қан кетуі мүмкін. Ал енді онкологиялық аурулары бар адамдарға мұндай препараттары ұсына береді, алайда бұл қауіпті, кері әсер етуі мүмкін. Киста, миома сияқты ісіктерге кейде биологиялық белсенді заттарды беруге болмайды, – дейді Талшын Артыққызы.

SN.KZ