Үкімет мүшелері көптен бері айтып жүрген уәдесін жақында орындады. Сәуір айында Энергетика министрлігі жанармай бағасын қымбаттатты.
Бензинді 11 пайызға, дизельді 20 пайызға өсірді. Содан АИ-92 және АИ-93 маркалы бензин бағасы литріне 182-187 теңгеден 205 теңгеге дейін, дизель 230-260 теңгеден 295 теңгеге дейін қымбаттады. Бағаның не үшін бұлай құбылғанын да білеміз, талай рет естідік, себебі «басқа елдерге қарағанда жанармай ақысы бізде төмен» екен. Үкімет мүшелері солай дейді. Жанар-жағармай бағасы ғана өсіп қойса, бірсәрі. Бір-бірімен жарысқа түскендей, өзге тауарлардың бағасы да сол мезетте-ақ көтеріліп шыға келді.
Ал жалпы, соңғы бес жылда бензин шығару көлемі 70 пайызға артқан, ал дизель отынын дайындаудан рекордтық көрсеткішке жеттік. Ресми дерекке сүйенсек, Үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін мұнай көлемі 3 млн тоннаға көбейген. Жылына шамамен 17 млн тонна мұнай өңделеді. Соған қарамастан көктемде, егіс науқаны қарсаңында тапшылық пайда болды. Сонда жанармай тапшылығы тек бағаның арзандығынан туындап отыр ма? Оны анықтау қиын емес. Ол үшін өзге елдердің тәжірибесіне сүйеніп көрейік.
Мысалы, экономикасы аса дамымаған Венесуэлада бензиннің құны – 0,016 доллар. Бірақ орташа айлық жалақының көлемі 25 доллар шамасында. Әр венесуэлалық бір айда тапқан табысына 1 564 литр бензин сатып ала алады. Ал жанармайы қымбат елдің бірі саналатын Швейцарияда бензин 1,9 доллар тұрады. Бұл біздің ақшаға шаққанда 900 теңге. Бірақ олардың орташа айлық жалақысы да соған сай – 5060 долларға тең. Яғни, Швейцарияда бір адам айлық табысына шамамен 2 663 литр бензин ала алады. Демек, бензиннің арзандығы – халықтың дамып кеткенінің көрсеткіші емес екенін аңғаруға болады.
Бағаның өскенін қарапайым халық қалай қабылдады? Бұған экономист мамандар не дейді? Standard.kz порталының тілшілері дайындаған бейнематериалды қараңыздар.
Фото tengrinews.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через