фото: sputnik.kz
Стейн Ромбоут – университет магистранты және бірнеше тілді білетін полиглот. Оның ішінде қазақ тілі де бар
Бельгия азаматы Стейн Ромбоут тіл үйреніп, Қазақстанға тағы бір рет сапарлауды алдына мақсат етіп қойған.
Ол осыдан алты жыл бұрын біздің елге келіп, сайын дала мен тұмса табиғатқа ғашық болған. Қазір ол интернет арқылы қазақ тілін үйреніп жүр. Тіпті есімін де қазақшалап алыпты. Бұл туралы Хабар 24 жазды.
Бірнеше жыл бұрын орта мектеп оқушы болып жүрген бельгиялық Стейн Ромбоут Қазақстанның оңтүстігіне турист ретінде сапарға барады. Жерімізге, елімізге ғашық болған ол, Бельгияға қайтқан соң қазақ тілін интернет арқылы, өз бетімен оқи бастайды.
"Мен алты жыл бұрын Қазақстанға турист ретінде бардым. Алматыда болдым, Шымкент, Түркістан, Тараз, жалпы Қазақстанның оңтүстігін түгел араладым. Маған Алматы көбірек ұнады. Мен үшін қазақ тілі өте әдемі тіл. Маған Орталық Азияның ішінде Қазақстан жаныма жақын болды. Сондықтан қазақ тілін үйренемін деп шештім", - дейді Ku Leuven университетінің магистранты Стейн Ромбоут.
Стейннің қазақша де есімі бар – бізше Сырым. Атын белгілі қазақ батыры Сырым Датұлының құрметіне таңдаған. Қазір ол Қазақстанның тарихы мен мәдениетін терең зерттеуде.
"Маған қазақ халқы өте ұнайды. Басқа елдермен салыстарғанда, қазақтар қонақжай келеді. Мұндағы адамдар олардай қонақжай емес. Сондай-ақ қазақтың тамағы өте дәмді. Мен ет, қуырдақ, бауырсақ жедім", - дейді Ромбоут.
Стейн, яғни Сырымның қазақтарға айтар алғысы зор. Ол біздің елге тағы келіп, қазақ тілін тереңдетіп оқуды жоспарлап жүр.
"Мен қазақтарға көп рақмет айтамын. Өйткені Қазақстанда болдым, жақсылық көрдім. Қазақстанның болашағы зор болады деп үміттенемін", - деп түйіндеді ол.
Алдағы күндері Стейн Ромбоут Қытайға жол жүреді. Мақсаты білім алу, еліне пайда әкелу. Оқып жүріп шетел араласам деген де арманы бар. Оның ішінде Қазақстанды көру алдыңғы орында тұр.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через