Бауыржан Нөгербектің 75 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік форум

Бауыржан Нөгербектің 75 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік форум
фото: kazgazeta.kz

    Қазақстан кәсіби кинотану мектебіне 30 жыл толуына орай, кәсіби кинотанудың негізін қалаған кинотанушы, профессор, өнертану кандидаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нөгербек Бауыржан Рамазанұлының 75 жылдығына арналған «Қазақстандық және әлемдік білім беру контексіндегі заманауи кинотану: мәселелері, тенденциялары мен келешегі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік форум өтеді. Іс-шара 2023 жылдың 10 қарашасында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында online және offline форматта ұйымдастырылады. 

Форум аясында қазақстандық кинотанушылардың «Заманауи қазақ киносының мәселелері» атты ұжымдық монографиясының таныстырылымы өтеді. Монографияда заманауи қазақ кино өнеріне байланысты тың деректер, білім берудегі маңыздымәселелер мен ғылыми тұжырымдар кеңінен қарастырылады. Ғылымизерттеулер жоғары оқу орындарында білім алушыларға, жас ғалымдарға, жоғары мектеп оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерге арналады. 

Сондай-ақ, форум қатысушыларына белгілі кинотанушы, өнертану кандидаты, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Мұқышева Назира Рахманқызы «Қазақ киносын зерттеу мәселелері», кинотанушы, өнертану (PhD) докторы, профессор Ергебеков Молдияр «Заманауи кино сынының мәселелері» тақырыбында шеберлік дәрістерін өткізеді. 

Кинотану ғылымын қолдау, кинотанушы студенттердің мамандыққа деген қызығушылығын арттыру, бәсекелестікке ынталандыру мақсатында «Кинотану» мамандығының 1-4 курс білім алушылары арасында Бауыржан Нөгербектің ғылыми-шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған байқау ұйымдастырылады. Байқау нәтижесінде жеңімпаз атанған студент Бауыржан Рамазанұлы Нөгербек атындағы арнайы шәкіртақымен марапатталады.

Ғылыми-тәжірибелік форумға отандық және шет елдік кинотанушылар, кинотеледраматургтер, өнертанушылар, ЖОО профессор-оқытушы құрамы, студенттері, магистранттары мен докторанттары шақырылады.

Форумның жұмыс тілдері – қазақ, орыс, ағылшын.

Ұйымдастыру комитеті мен іс-шара өтетін орынның мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Алматы қ., Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Панфилов к-сі, 127.

Байланыс нөмірі: +7(775) 628 28 48 – Көпбаева Гүлім Көпбайқызы