Ұлы Отан соғысында теңдесі жоқ ерлік көрсеткен қазақстандық жауынгерлердің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Бірақ сұм соғыста жанқиярлық танытқан талай қазақтың ерлігі дер кезінде еленбеді. Солардың бірі Рейхстагқа ту тіккен Ұлы Отан Соғысының батыры Рақымжан Қошқарбаев. Қаһарманның ерлігі тек 62 жылдан соң ғана мойындалды. 9 мамыр - Жеңіс мейрамына байланысты Standard.kz тілшісі Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия Қошқарбаева және оның немересі Дәурен Қошқарбаевпен тілдескен еді.
30 сәуір күні, таңертең, біздің 674-ші атқыштар полкының батальоны, майор Давыдовтың қолбасшылығымен Гиммлер үйіне шабуыл жасады. Гиммлер үйінен Рейхстагқа дейін небәрі 350 метр жер. Григорий Петрович Булатов екеуміз осы 350 метр қашықтықты 7 жарым сағатта жер бауырлап жылжып әрең еңсердік. Шынымды айтсам, сол кезде тірі қаламын деп ойламадым. Жан жақтан оқ жауған ашық алаңда 150 метрді артта қалдырып, Рейхстагқа тым жақындағанда қойнымдағы ораулы туды суырып алып, шетіне біздің бөлімшенің нөмірін, 674 –ші атқыштар полкі және Булатов, Қошқарбаев деп жазып қойдым. Қасымда отырған Гриша: «Жолдас лейтенант, аты-жөнімізді жазғаныңыз дұрыс болды. Егер расында өліп қалсақ, біздің кім екенімізді, қайдан келгенімізді ешкім білмей қалады» деді. Мен: «Жоқ, Гриша, өлуге әлі ерте. Біз өлуге тиіс емеспіз» дедім. Р. Қошқарбаевтың «Шабуыл. 1410 күн» атты кітабынан үзінді.
Дәурен Қошқарбаев: - Жеке пікіріммен бөлісетін болсам, меніңше, бастапқыда бүкіл өмір, әсіресе сұрапыл соғыс, ақ-қара түсті болған секілді. Кейін ғана түрлі түстер пайда болғандай. Сол аласапыран заманның өзінде біреулерді ақ жолдан адастырғысы келгендер табылған, олар ақ пен қараны қасақана шатастырып, өтірікті шындық, ал шындықты өтірік деп көрсетуге тырысқан. Алайда сол қоғамда жүрегі ақ, ниеті түзу адамдардың болғаны рас. Қарап тұрсаңыз, бүгінгі таңда да арамызда мінезі әрқилы замандастырымыз жүрген жоқ па? «Жақсы адам жамандыққа бармас» дегендей, бойға қанмен берілген қасиет ешқашан жоғалмайды, әділдікті жақтаған адам ақ пен қараны ажыратуға бейім тұрады деп пайымдаймын.
Әлия Қошқарбаева: - Бірде балам маған: апа, атамның бойына отанына, туған еліне деген сүйіспеншілік сезім қайдан дарыған деп ойлайсыз? Қанмен берілген бе, әлде өмір үйретті ме? Қызы ретінде сіз сондай бір қасиетті өзіңізден байқадыңыз ба? , деп сұрады. Ойланып қалдым. Ұлы отан соғысын көрген ұрпақ үшін адам бойында батырлық, жанкештілік секілді ізгі қасиеттердің болуы қалыпты нәрсе секілді. Олар өзінің ғана емес, бүкіл елдің тағдырын шешкен. Майданнан оралып, бейбіт заманда өмір сүргенде де осы қасиетті жоғалтпаған. Сондықтан соғыстан қайтқан сарбаздар жақсы әке, сыйлы ата, адал дос бола білді. Олар кескілескен ұрыста өздеріне жүктелген міндетті, жауапкершілікті қалай сезінсе, бейбіт өмірде де бұл ұстанымдарына адалдық таныытты. Сырт қарағанда бәрі қарапайым қазақ секілді. Отаншылдық олардың қанына сіңген қасиеттердің бірі. Өз ұрпағын туған топырағын шексіз сүюге, қастерлеуге баулыған құрметті тұлғалардың бірқатары біздің шаңыраққа бас сұқты, төрімізге шықты. Сол сыйлы меймандар Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдінов екен деп ешқашан ойлаған емеспін. Әдеттегідей шай ішуге, анам ет асқанда дәм татуға келген әкемнің достары деп қабылдадым. Олардың соғысқа қатысқандарын білсем де, қандай ерлік көрсетті деп тереңіне бойламадым. Өздерін қонақта қалай ұстағандарын, мені еркелетіп сөйлегендерін, әкеммен әңгіме–дүкен құрғандарын үйреншікті нәрседей қабылдадым. Дегенмен олар үнемі көңілді отырды, бір-бірін аса құрметтеді, бейбіт өмірді, бірге өткізген сәттерді бағалады. Олар халқымыздың бағына қарай ерекше жаралған тұлғалар ғой, қазір отанын оттан қорғап, шыбын жанын шүберекке түйгенін оқып таңқаламыз, солардан үлгі алуға тырысамыз. Өйткені, олар шынайы патриотизм мен қайсарлық танытып, бірлескен күш-жігерімен дұшпанын күйреткен, Ұлы жеңіске жеткен қаһармандар. Біздің бүгінгі бейбіт тіршілігіміз даңқты бабаларымыздың арқасы. Асқан ерлік көрсеткен батырлардың соғыстан кейін өте қарапайым өмір сүргенін атап өткім келеді. Әкем ылғи да: «Қан майданда болып, от пен суды кешіп келген адам ол жайлы ешқашан тіс жармайды. Жұртқа жар салмайды, біреуге сыбырлап та айтпайды. Өйткені, көрген қырғынын еске алудың өзі өте ауыр» деп айтатын. Біздің шаңырағымызға келген, аты аңызға айналған соғыс ардагерлерінің ешқайсысының аузынан соғыс жайлы әңгіме естіген емеспін. Әйтпесе, әкемнің мен көрген достарының бәрі кезінде баспасөзде есімдері жарияланған, тілшілерге бірнеше рет сұхбат берген, кейін есімдері көшеге берілген, ерліктері ел есінде қалған тарихи тұлғалар еді. Қазір ойлап отырсам, олар сіңірген еңбегін бұлданудан ұялатын, ол жайлы айтудың өзін намыс көретін ар-ұжданы биік, табиғаты кең, рухы асқақ адамдар болған. Сен дұрыс айтасың, қаһармандарымыз Отаны үшін осындай тәуекелге барды, бірақ мұны кейінгі ұрпақ мақтанышпен еске алатын ұлы ерлік деп санамады. Тіпті, әкемнің өзі: «Менің көрер жарығым бар екен, бұл асқан ерлік емес, ауыз толтырып айтатындай батырлық та емес, дәм-тұзым бұйырып аман қалдым, тарихи оқиғаларды көзіммен көрдім, сондықтан шын мәнінде қалай болғанын сол күйінде баяндап бере аламын» деп айтып отыратын.
Даурен Қошқарбаев: - Жалпы, адамның болашақ ұрпақ үшін өзін құрбан етуі, расында парасаттылықтың, адамгершіліктің биік көрінісі. Басқалардың амандығы үшін өз өмірін қию, Рейхстакқа жеңіс туын орнату кез келгеннің маңдайына бұйырмаған бақыт. Ал біз біреудің жарқын өмірі үшін мұндай қадамға баруға дайынбыз ба? Әрбір адам: «Мен өз туымды тіктім бе?» деп өзіне сауал қойса. Егер алдымен өзімнен бастасам, «әлі туымды тікпедім» деп жауап берер едім.
Әлия Қошқарбаева: - Бәрі алда, әлі үлгересің деп ойлаймын. Бүгінгі күн мен ертеңгі болашақ сендердің еншілеріңде. Жаңа ұрпақ игі ісімен, өнегелі сөзімен тарихтан өз орнын алатынына сенемін. Бір қызық жайтты айтайын әкемнің батыр болғанын, ел таныған ерлігін бүлдіршін кезімде білдім. Ол шақта екінші сыныпта оқимын. Бір күні мектебімізде кездесуге келген әкем Кеңес Одағының фашизммен соғыста қалай жеңіске жеткенін айтып берді. Сол кезде бұл оқиғаны бөтен адам секілді бірінші рет естдім. Сонда ғана: «Менің әкем бізді жаудан қорғау үшін қандай қадамға барған?» деп ойландым. Ал оған дейін мен үшін ол тек мейірімді, қамқор әке болатын. Біз батырлар ерлігін ұмытпай, есімдерін ардақтап өтуге тиіспіз. Қанқұйлы соғыс ешқашан ұмытылмайтын қасірет. Бәріне татулық, жақсылық тілеймін. Халықтар достығы жасай берсін! Өткен ғасырдың 40-шы жылдары адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс болғанына, оның зардабы әлі күнге дейін созылып келе жатқанына ешкім, ешқашан күдік туғызбауы тиіс. Мұндай ауыр зұлмат енді қайталанбасын! Сол үшін қолдан келгеннің бәрін жасайық, балаларымыз, немерелеріміз, бауырларымыз, жақындарымыз қанқұйлы майданды көрмесін!
Дәурен Қошқарбаев: Замандастарымның, жастардың атынан айтқым келіп отырғаны, бабалар ерлігі біз үшін үлгі, өнеге, тарихи тағылым. Біздің қатарластарымыз, одан кейінгі ұрпақ аға буынның көрген қиындығын ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын.
Әлия Қошқарбаева: Басын бәйгеге тігіп, Жеңіс туын орнатқанда небәрі 23 жаста еді. Дәурен әкемнің жас кезінде түскен суреттегі түріне қатты ұқсайды. Бәлкім оның жастық жалыны, бойындағы күш-қуаты, қайсарлығы бүгін біз әңгіме етіп отырған ерлікке итермелеген шығар. Сондықтан әкемнің бейнесі басылған ескі фотосурет мен үшін тым қымбат.
Дәурен Қошқарбаев: - Атамның «Шабуыл. 1410 күн» атты кітабын есім кіргелі білемін. Атам шығармасында қалай соғысқанын, Берлинді қалай жаулап алғанын, 1945 жылы 30 сәуірде Грийгорий Булатовпен бірге Рейхстагқа Жеңістің қызыл туын тіккенін түгел баяндаған. Кішкентай кезімде ұйықтар алдында осы кітапты құшақтап жататынмын. Көзімді жұмып алып, кітапты атам мен үшін дауыстап оқып отырғандай сезінетінмін. Білесіз бе, кез келген бүлдіршін ұйықтар алдында оған біреудің кітап оқып бергенін қалайды. Мен дүниеге келгенімде атам бұл өмірде жоқ болатын. Атамның жазғандарын мультфильмдегі көрініс секілді көз алдыма елестететінмін. Бұл балалық шақта алған әсерлерім. Кітапты парақтағанымда көз алдыма түрлі көрініс елестейтін. Қиян-кескі ұрыс жүріп жатады, пойыз жау ұшағына шабуылдайды, батыр атам жаудың үлкен ұшағын құлатып, ерлік жасайды. Жалпы адамның есте сақтау қабілеті қызық. Жақсы нәрсені жадымызда мәңгі қалдыруға, ал жаман нәрсені ұмытуға тырысамыз. Егер бүкіл адамзат бұл өмірде тек жақсылық жасаса, әділдікті жақтаса, қалай қуанар едік. Сонда есімізге түсірмеуге, жасырып қалуға тырысатын дүниеміз мүлдем болмаушы еді.
Әлия Қошқарбаева: Ата-анамыз Алматы қаласында өткен ғасырдың 50-ші жылдары танысқан. Бұл шаһар анам және әкем үшін махаббатын, өмірлік жарын тапқан бақыт мекені болды деп ойлаймын. Әкем сол кезде астанамыздың көркеюіне өз үлесін қосты, «Алматы» қонақ үйін басқарды, ғимараттың іргетасының қалануына, құрылыс жұмыстарына бастан аяқ қатысты. Осы еңбегі еленіп, директор болды. Сол уақытта ең үздік атанған «Алматы» қонақүйін 40 жылдам астам уақыт басқарды. Алматы дегеніміз қазақтың бетке ұстар зиялы қауымының саңлақтары шоғырланған ғажайып қала.
Дәурен Қошқарбаев: Ескі Алматы бейнеленген ашық хаттар тауып алдым. Атам көзімен көрген, әжем екеуі қолтықасып талай серуендеген жасыл желекті, жайқалған қала. Суретте Кеңес одағы тұсында бой көтерген ғимараттар: Алматы қонақүйі, Абай атындағы опера және балет театры, Медеу мұз айдыны бар. Ол жетім өсті. Қонақүй деген қонақ сөзінен шыққан емес пе. Жетімдіктің зардабын тартқандықтан көппен етене араласқысы келді. Өзі көңілді ортаны, мерекені жақсы көрді. Мінезі сондай ашық, жайдары болған. Атам кітабында балалық шағының қалай өткенін баяндаған. 4 жасында анасы дүниеден озып, 37-ші жылы 13 жасқа толғанында әкесін жалған саяси жаламен түрмеге қамаған. Ол осылай әке-шешесінен жастай қалып, балалар үйіне орналастырылған. Атамның балалық шағында басынан өткен, кітапқа енбей қалған кейбір көріністерді қиялымда өрбітетінмін. Ата-анасынан айырылмай тұрып, мейірімділікті аңсаған жас жүрек әке-шешесінің алақан жылуын, шарапатын, қамқорлығын сезінгенін қаладым. Бірде Алматыда алғаш қар түскенін көрдім. Жер үйде тұратын балақай әкесімен бірге аяздан қанаттары мен табандары үсіген орман кептерлерін теріп жүргендерін көзім шалып қалды. Дымқыл қар жауғандықтан кішкентай құстар бұтақта қалтырап, қар үстіне құлап жатты. Әкесі мен баласы суықтаған орман кептерлерін үйіне кіргізді, пеш жанында бойлары жылынған соң оларды сыртқа алып шығып еркіне жіберді. Бұл көрініс маған қатты әсер етті. Сол кезде атам да осындай жасөспірім шағында әкесімен бірге суықтан дірілдіген кішкене құстарды теріп, мейірімділік танытты деп қиялға берілдім. Әкелі, балалы екеудің осы іс-әрекетінен бір-біріне деген ерекше, әсерлі қарым-қатынасты, ізгі тілекті аңғарғандай болдым. Мен де атам секілді тауды жақсы көремін. Шыңдарын қар басқан Алатау біздің үйдің де, қонақүйдің де терезесінен көрінетін. Қарасаң көзің тоймайды. Алатаудың етегінде орналасқан Алматы атамның сүйікті шаһары болды.
Әлия Қошқарбаева: Әкем соғыстан аман-есен оралып, Алматы қаласында тұрды. Бірақ оның Булатовпен бірге Рейхстагқа ту тіккені ешкім естімеуге тиіс орынсыз әңгіме саналды. Неліктен? Себебі бұл тақырып көтерілсе ресми нұсқаға күдік келетін еді. Кеңес басшылары шындықты жарияламауға тырысты. Алайда сол кездің өзінде әділдікті жақтаған адам табылды. Журналист Кәкімжан Қазыбаев кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін бұрын айтуға тыйым салынған ерлік жайын қозғап, 1945 жылдың 30 сәуірі күні болған тарихи оқиғаның басын ашып алғысы келді. Соғыс аяқталып, бейбіт заман орнағаннан кейін әкем Бауыржан Момышұлы арқылы Кәкімжан Қазыбайұлы Қазыбаевпен танысты. Кәкімжан аға сол уақытта жас журналист болатын. Қазыбаев Қазақ телеграф агенттігінде және қазақстандық «Правда» газетінде істейтін. Бауыржан Момышұлы одан әкем жайлы жазуды өтінген екен. Жалпы, осы оқиға туралы алғаш рет қалам тербеген, шындықты әлемге жайып салған Кәкімжан аға болды. Ол қазақ тілінде шығатын газетке «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» деген атпен очерк жазды. Осыдан кейін Рақымжан Қошқарбаевтың жұлдызы жанды десек болады. Қазақстанда оны бәрі таныды. Бұл 1958-ші жыл еді. Осылай 13 жыл бойы құпияланып келген Григорий Булатов пен Рахымжан Қошқарбаев жасаған ерлік көптің құлағына жетті. Осыдан кейін шындық үшін күрес басталды. Еліміздегі зиялы қауым, әскери журналистер, жазушылар, Жеңіс туы фашистік Германияның бас ғимаратына қалай орнатылғанын көзімен көрген куәгерлер әкем мен Григорий Булатовтың ерлігін айтып, даңқын асырып, оларға Кеңес Одағының батыры атағының берілуін сұрады. Өкінішке қарай, көптің талабы орындалмады. Алайда, әкем соғыстан кейінгі жылдары бақытты ғұмыр кешті. Ол мінезі ашық, жайдары жан болды. Үнемі күліп, жарқылдап жүретін, дастарханы берекелі меймандос адам еді. Бейбіт өмірдің қадірін білді. Ол достарының жұбайларының туған күнін ешқашан ұмытпаған және назардан тыс қалдырмаған.
Р.Қошқарбаевқа жауынгерлік "Қызыл Ту" ордені берілді, сондай-ақ ол "І дәрежелі Отан соғысы" орденімен, "Берлинді алғаны үшін", "Варшаваны азат еткені үшін" медальдарымен марапатталды. Берлиндегі Рейхстагқа ту тігіп, қазақтың нағыз батыр ұлт екенін дәлелдеген батырға 1999 жылы тәуелсіз еліміздің «Халық қаһарманы» атағы берілді. Ел есінде қалған ер 1988 жылы дүниеден өтті.
Фото: pbe.kz, 365info.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через