фото: qazaly.kz
Баланың тілі неге кеш шығады? Балаңыз шала туған ба әлде бұл бір дерт пе?
Иә, қазір көп баланың тілі кеш шығады. Кішкентайының тіл мүкістігіне алаңдаған ата-аналар дәрігер жағалап жүр.
Қазір телефон ұстамайтын бала жоқтың қасы. Телефон – кішкентайлар үшін ойыншық емес, күнделікті қатынас құралы, оқуда көмекші. Бірақ әке-шешесінің көзі тая бере бала бұл құрылғыны оқуға емес ойынға салады. Мәселе осы гаджеттерге ұзақ үңілуден шығады. Күніне 2 сағаттан артық телефон қараған баланың психикасында ауытқу болады дейді мамандар.
Нұргүл Жандосқызы, балалар психологы:
- Бала кеш сөйлейді. Ашуланшақ болады. Психоэмоционалды эмоциясы тұрақсыз болады. Біресе күледі, біресе жылайды, біресе сенімен ұрысуға дайын тұрады. Естіп тұрған сияқты болады, былай ана әлемде жүргеннен кейін көптеген бейнежазбалар, ютуб, тиктокта зиянды ақпараттар көп, бала оны кішкентай кезінде қорытып үлгермей, қалай бар, солай қабылдайды.
Медицинада мұны – цифрлы аутизм дейді. Түсінікті тілмен тарқатсақ, бала қоршаған ортамен байланысқа түсуден қалады. Гаджетке тәуелділік пайда болады. Сыртынан қарасаң сау адам секілді. Бірақ мәселе баланың санасында. Әлгі айтқан, тілі кеш шығып, тұлғалық дамуы тежелген көп баланың дерті осы аутизм. Одан қалды артық салмақ, бұлшық еттің дамымауы, омыртқаның қисаюы секілді сырқаттар байқала бастайды. Аутизм қазір ата-анамен қатар, мұғалімдердің де ортақ мәселесіне айналды.
Ғазиза Төребекызы, мұғалім:
- Бала сабаққа келгеннің өзінде телефон алып келеді. Телефонға алаңдап отырады. Балаңның кішкене дамуына әсерін беріп жатыр көп гаджеттер. Қазір көп бала сөйлемейді. Тек телефонда отырады.
Жыл басында "Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми практикалық орталығы" 1-3 жас аралығында 1052 сәби виртуалды әлемде өмір сүретінін жария етті. Осы кезеңде мектеп жасына дейінгі 4331 баланың психологиясында ауытқу бар екені анықталды. Сондай-ақ, орталық 6 мен 18 жасқа дейінгі 6704 қазақстандықтың цифрлы аутизмнің шырмауында отырғанын жеткізген.
Ақпарат дереккөзі: 24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через