Балаларымыз ана тілінде сөйлесін десек, экранымызды түзетуіміз керек. Бұл туралы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева айтты.
Жасыратыны жоқ, қазір таза қазақ тілді отбасыларда кішкентай бүлдіршіндердің тілі орысша шығып жатыр. Ол - мультфильмдер салдары. Өкінішке қарай, қазіргі заманда ата-ана ғана емес, экран да тілді қалыптастырады. Ал таза қазақша бастаған бала экраннан орысша мультфильм ықпалымен шүлдірлеп орыс тілінде сөйлеп кетеді", - деді Балаева орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Осы орайда министр жыл басында қолға алынған ауқымды жобаны еске алды. Соның аясында танымал TiJi және Nickelodeon шетелдік арналарының өнімдері қазақ тіліне аударыла бастады.
"Біз олармен келіссөз өткізіп, қазір "Қазақфильм" базасында аудармаға кірісіп кеттік. 800 сағаттық мультфильмдер қазақ тіліне аударылады. Ол жұмыс жылдың аяғында бітеді. Бұл дегеніміз, TiJi мен Nickelodeon-ның мультфильмдері қазақша сөйлейді. Өте маңызды бастама", - деп атап көрсетті Балаева.
Министр аудармаға кететін ақшаға да тоқталды. Оның айтуынша, біраз қаржы үнемделіп отыр.
"Мысалы, барлық бүлдіршін сүйіп көретін "Маша и Медведь" мультфильмінің бір маусымын шығару үшін 2 миллиард теңге жұмсайды екен. Ал ол екі-ақ сағат. Біз болсақ, танымал мультарналардың 800 сағаттық өнімін төрт есе арзанға жасап отырмыз. Балаларымыз ана тілінде сөйлесін десек, экранымызды түзетуіміз керек қой", - дейді Балаева.
Ал өзімізде сапалы өнім жасау үшін қыруар қаржы қажет. Оған қоса, біраз уақыт керек. Сол себепті әзірше танымал арналардың өнімін қазақ тіліне аударуға шешім қабылданды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через