Балаға ақша берген дұрыс па?

Балаға ақша берген дұрыс па?
фото: https://kursiv.kz

Балаға ақша берген дұрыс па?

Қаржылық сауаты мол баланы қалай тәрбиелейміз? Сабақ басталған соң, ата-аналар балаларына қанша ақша ұстатып жіберген дұрыс екенін ойлана бастайды. Бірі «қаражатпен дұрыс қарым-қатынас орнатуды қазірден бастап үйрену керек» десе, енді бірі балаға ақша беруге қарсы. Ендеше, осы мәселенің ақ-қарасын ажыратып көрелік. Шынтуайтына келгенде, ақшаны орынды жұмсау қабілеті адамның бай не кедей болғанына байланысты емес. Себебі бай болса да, желге ұшыратындар да,  аз айлықтың өзін берекелі жұмсайтындар да болады. Қаржы кеңесшілері балаға ақша ұстауды ерте жастан үйреткен дұрыс деген пікірде. Мысалы, мектепке барарда қалтасына салып жіберетін ақшаны жаратудан бастаса болады. Ол ақша  айтарлықтай көп болмауы керек. Яғни оны құртатын кезде бала он ойланып барып шешім қабылдайды. «Қазір шоколад алып тастасам, барлық ақшам таусылады. Қарным ашқанда самса алып жей алмай қаламын. Енді не істесем екен? Тәтті алайын ба, әлде тойымды тамақ алам ба?» деп ойланғаны жақсы. Бұл балаға өте пайдалы. Егер балаңыз бергеніңізді жөнсіз құртып тастай беретінін байқасаңыз, бас салып ұрыспаңыз. Оның орнына кеңес айтып, жол көрсетіңіз. Ересектерде де бүкіл ақшасынан айырылып қалатын кез болады. Соның кішігірі нұсқасын сезініп көрсін. Сыртынан бақылаңыз. Нұсқау жасап отырыңыз. Бала қай кезде дұрыс істемегенін өзі түсінсін.   

Ең алдымен, балаңызға ақша жинайтын сандықша алып беріңіз. Дүкеннен өзіне ұнайтынын таңдап алсын. Сөйтіп ақша жинауға баулыңыз. Бұл да — болашақта қатты қажет болатын қасиет. Артылған ақшасын бірден салып қойсын. Мысалы мектепке күніне 500 теңге беретін болсаңыз, бір бәліш қана алып, 400 теңгесін жаратпай келуі мүмкін. Міне, сол ақшаны салып қоюды әдетке айналдырғаны жөн. Бала әр тиынның еңбекпен келетінін біліп өсуі керек. Айталық, дүкеннен аттай қалап бір ойыншық алдырды. Екі күннен кейін аяқтың астында жатса, ескертіңіз. Ойнамайтын болса, оған ақша құртып керек емесін білсін. Алды ма, пайдалануы қажет. Ұқыптылыққа да үйренеді. Баланың қаржылық тәрбиесіне қатысты ережелерді жолдасыңызбен ақылдаса отырып қабылдаңыз. Бала талқылауға қатыспағаны дұрыс. Егер бала ақшаны жөнсіз жаратса, кеңес айтып, ескертіңіз. Қандай да бір қалауына ақша жетпей тұрса, егер ол шынында керек және сапалы дүние болса, ақша қосқанда тұрған ештеңе жоқ. Ал енді аса тығыз шаруа болмаса, біраз жинау тұруға кеңес беріңіз. Сонда ол қажетсіз нәрселерді алмай, әлгі мақсаты үшін жинайтын болады.

Кішкентайынан арзанға емес, сапалы нәрсеге мән беретін адам етіп өсуге баулыңыз. Сонымен бірге, балаларыңызға жұмысыңыз туралы көбірек айтыңыз. Еңбектің наны тәтті екенін біліп жүрсін. Оңай келмейтінін, еңбектену керегін білуі керек. Мысалы Америкада байлар балаларына ақшаның қадірін бала кезден сіңіруге тырысады. Мейрамханалардың ыдысын жуып, курьер болып, машина жуып жұмыс істеуге жібереді. Қанша жерден бай болса да, осылай тәрбиелейді. Өте жақсы әдіс секілді, солай емес пе? Сонымен, балаға ақша беру керек пе, жоқ па? Қалтасында ақшасы бар бала сенімдірек болады. Қатарластары қалағанын алып жатқанда, онда ақша болмаса, көңіл-күйі түсіп, өзін өзгелерден кем көре бастайды. Бала кезден ақша ұстап үйренген бала өскенде қаржылай сауатты болады. Бұл болса, болашақта жеке бюджетті жақсы басқаруға септігін тигізеді. Ата-анасы ақша бермесе, бала оларға ренжіп, іштей жеккөрініш сезімі туындауы мүмкін. Тіпті кейде ұрлыққа баруы да ғажап емес. Жоқшылық осындай жаман әдеттерге бастайтынын есте ұстау керек. Бала болған соң, ақшаны дұрыс жаратуды әзір білмейді. Кейде тіпті қажет емес нәрсеге жинаған ақшасын ешкіммен кеңеспестен құртып тастауы мүмкін. Сондықтан кей ата-ана балаға ұстатпай, керек-жарақты өзі алып бергенді құптайды. Енді бір ата-ана бала таршылықта өспесе, ақшаның құнын, қадірін білмей кетеді деп ойлайды. Мақтаншақтық секілді жағымсыз қасиеттер шығып қалуы мүмкін. Мінеки, осындай плюс пен минустерді теріп, әр ата-ана өзі үшін шешім қабылдайды.  Балаға қанша ақша берген дұрыс?  Сонымен, балаға ақша ұстату керек деп шештіңіз. Енді «қанша ақша беру керек?» деген заңды сауал туады. Мектепке барарда қалтасына салып жіберетін ақша ең бірінші кезекте, көп болмауы керек. Тұратын жеріңіз бен жағдайыңызға қарай орташа сома бекітіп алыңыз. Тіпті жағдайыңыз жақсы болған күннің өзінде балаға көп ақша салып жіберген жөн емес. Бірінші кезекте, балаға ақша ұстатудағы мақсат — оның қарны ашып қалмауы үшін ақша беру емес, қаржылық сауатқа тәрбиелеу. Бүгінде бұл қасиет өте қатты керек. Мысалы бір күнге 500 теңге жеткілікті екенін біле тұра, 2000 теңге салып жіберетін болсаңыз, онда балаңыз қажет емес нәрсеге құртатынына дайын болыңыз. Одан қала берді көп ақшасы барына сыныптастарының көзінше мақтанып, жаман мінезі қалыптасуы мүмкін. Олай болса, алтын аралық деген қандай болады? Ол үшін сізге есеп жүргізу керек. Біріншіден, автобуспен барып қайтатын шығыны, асханадан таңғы ас ішу құнын, өзге де шығындардың қанша болатынын есептеңіз.    Қанша жастан бастап балаға ақша ұстатуға болады? Бастауыш сынып баласына ақша ұстату қажет болмауы мүмкін. Өйткені көпшілік мектепте бастауыш балаларына тамақ тегін беріледі. Болмаса, сөмкесіне бәлішін, суын салып жіберсеңіз болады. Дегенмен жалпы ақша ұстау түсінігін балаға неғұрлым ерте үйреткен дұрыс. Оның алғышарты үйден басталады. Психологтар балаға үш жастап бастап қаржылық тәрбие беру керек дейді. Ол қалай? Дүкенге бірге барып, зат алудан бастаңыз. Кейбірінің қымбат екенін түсіндіріңіз. Қалағанның бәрін алу мүмкін емесін, ақшаны жұмсаудың реті барын біртіндеп түсінсін. Ең керек және ұнаған бір затты ғана алуға болады деп келісіп көріңіз. Сонда бала приоритетті түсіне бастайды. Әрі арадағы келісім бойынша бір затты ғана алып, шу шығармайды. Ал енді баланың жасы 5-6-ға келгенде өзі сатып алып үйренсін. Әрине, ол әлі қаражат туралы толық білмейді. Санай алатын болса, тіпті жақсы. Өзі жейтін тәттісінің қанша теңге тұратынын білсін. Мектепке баратын балаға ақша аса қажет болмаса да, азын-аулақ ақша қалтасында тұра берсін. Бұл баланың санау, жауапкершілік секілді қабілеттерін дамытады. Ақшаны қалай берген жөн? Америкалық психологтар балаға ақша берудің мынадай принциптерін ұсынады: Сұраған кезде беру; Әлденені жақсы атқарған еңбегі үшін ғана беру; Белгілі бір реттілікті сақтай отырып беру. Яғни күн сайын, апта сайын, ай сайын дегендей; Бөліп-бөліп беріп отыру; Негізі соңғы екі тәсіл жақсырақ. Балаға ақша ұстатқан кезде үнемі ескертіп, «мынаны тамаққа, ойын-сауыққа беріп жатырмыз. Зиян тамаққа, темекі секілді заттарды алуға болмайды» деп айтып отыру керек. Асылында, бір тұрақты сома бекітіп алған жөн. Оның белгілі бір мақсаттары болады. Оны сіз айтасыз, бала біледі. Ал енді ойламаған жерден басқа шығындар шығып қалса, ақша қоса саласыз. Мынадай әдісті қолданып көріңіз: бастауыш сыныптың баласына күнделікті азғантай сомадан беріп отырыңыз. 10-12 жасар балаларға аптасына бір бересіз. Ал енді 14 жастан асқандарға бір айға жететін соманы бір беріп отырыңыз. Егер бала кезден қаржылай сауаты жақсы болса, айына бір айлық секілді ақша ұстаса, жөнімен жаратады.  Балаға ақша бердіңіз бе, есебін сұрай бермеңіз. Әрине, бағыттап, сырттай бақылап отыру керек. Дегенмен тым қатты болмаңыз. Балаға шешім қабылдауды бойына сіңіріңіз. Сонда ол өмірі үшін жауапкершілік алуды үйренеді. Ал енді қай кезде ақшасының қайда кетіп жатқанына араласуға болады? Айталық, сіз ақшаны күнделікті бересіз, бірақ қайда жұмсап жатқанын білмейсіз. Мектеп асханасынан тамақ алуға барлық ақшасны құртып жүр ме, әлде басқа нәрсеге жұмсап жүр ме — осындай күдік туғанда ашық сөйлесіңіз. Қазір балалар түрлі қызығушылыққа еріп кетуі оңай. Болмаса, пайдасыз нәрсе алып жүруі мүмкін. Сондайда тексеріп жасап тұруға болады. Артылған ақшаны жинау дегенге баулыңыз. Ақшамен мақтау не жазалау әдісі дұрыс па? Бұған қатысты да түрлі пікір бар. Бірі баласы тоқсанға беске шықса, ақша береді. Бірі екі алса, ақша бермей қояды. Бұл қаншалықты дұрыс? Негізі психологтар мұндай тәсілді аса құптамайды. Өйткені әр іске ақша алып үйренген баланың араны ашыла береді. Мысалы бастауышта ол азғантай сомаға қуанса, өсе келе қалауы да ұлғаяды. Әр жақсы ісіне ақша сұрап, бермеген жағдайда жасамай қоятын бала болып шығады. Үй жинағаны үшін ақша беру әдісі де осындай. Одан қайта үйдің таза тұрғаны бәріне жақсы екенін, бұл үй бәріне ортақ екенін, қамқорлық жасау керегін бала кезден түсіндіріңіз. Ең дұрысы — белгілі бір бюджетті қарастырып, бөліп отыру. Дүкенге жұмсағанда қалдығын алуға рұқсат беріңіз. Сол ақшаны да жинап, керегін алсын. Сонда жеке бюджетін жақсы басқаратын қабілет оянады.

Үнемі болмаса да, арасында мақтау үшін ақша беруге болады. Жазалау да солай. Оны жалақыға үстеме берілетін сыйақы деп түсіндіріп көріңіз. Дегенмен дәнігіп алмауы керек. Осыны қадағалаңыз. Балаға ақшаны тұрақты беріп отырыңыз. Белгілі бір сома, белгілі бір ретпен берілсін. Төлемді кешіктірмеңіз. Әйтпесе, баладағы қаржылық жауапсыздық пайда болады. Бала өзіне берген ақшаның не алу үшін берілгенін жақсы білуі керек. Жаман қылығы үшін ақшадан тарықтыра бермеңіз. Мінезіне кері әсер беруі мүмкін. Ереже бекітіп қойған соң, бұзбаңыз. Егер беретін ақшаның сомасы азайса, неге олай болғанын ашық айтыңыз. Бала түсінсін. Отбасындағы жағдайдан баланың хабардар болғаны дұрыс. Егер бала ақшасын қажетсіз затқа жұмсаса не жоғалтып алса, орнын толтырмаңыз. Келесіде жұмсарда мұқият болады. Жинақы жүруге үйренеді. Балаңыз қалтасында қанша ақша бар екенін ешкімге айтпасын, көрсетпесін. Ол — оның жеке дүниесі. Қарызға ақша алмау керек. Бейтаныс адамдардан тіпті алуға болмайды. Сол секілді қарызға да ақшасын бермесін.  

Мәтіндегі ақпарат туралы