фото: pixabay.com
Психолог Зарина Қаһарманқызы бала күйзеліске түспес үшін ата-анасы неге мән беруі керектігін айтты.
«Баласын неше түрлі үйірмелерге апарып, бос уақыт қалдырмайтын ата-аналар болады. Бала - бала болып ойнауы керек. Оның әр күнін қатаң жоспарлап, қалыпқа салып қойғаннан гөрі онымен эмоциялық байланыс орнатып, әртүрлі жағдайда қандай сезімде екенін сұрауыңыз қажет», - дейді психолог Зарина Қаһарманқызы.
Себебі жан мен сезім тығыз байланысты, сезімдерін ажырата алған бала ересек өмірінде соның негізінде дұрыс шешім қабылдай алады.
«Мысалы, «Мына досымның жанында мен өзімді кем санаймын, ол мені көп келеке етеді. Оның қасында көңілсіз сезімге бөленемін. Ал мына досым мен сияқты армандайды, алдына мақсат қояды. Оның қасында бойымды шабыт билейді. Демек, мен екінші досыммен жақынырақ араласуым керек» деген сияқты бойын билеген сезімге қарай шешім қабылдайды. Қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан балалардың басым бөлігінде бәрі бар: үй де, киім де, тамақ та, ақша да, бірақ ата-аналары жұмысбасты, сол себепті араларында эмоциялық байланыс жоқ», - дейді психолог.
Оның айтуынша, сондықтан бала күйзеліске түсіп кетеді. Оның алдын алу үшін қанша жұмысбасты болсаңыз да балаға күніне жарты сағат болсын сапалы уақыт бөліп, әңгімелесіп, сезімдерін сұрап отыру керек.
Дереккөз kaz.inform.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через