БАЛА бар тапқанын АУЗЫНА САЛА МА?

БАЛА бар тапқанын АУЗЫНА САЛА МА?

 Балаға аузына салып көруге рұқсат беру керек. Әр нәрестеде 5-6 айға толғаннан кейін басталатын бір әдеті – қолына іліккен заттарды аузына салу. Бұл көп ата-ананы уайымға салып, ендігі жерде баланың қолымен, аузымен алысады. «Таста, жаман», «Кәкай, аузыңа салма» дегендей ескертпелерді күніне жүз рет айтатын болады. Сабыр сақтаңыз. Қолына іліккенді аузына салып көру – бала үшін табиғи нәрсе. Неге дерсіз? Ойлап қараңызшы, сіз – ересек адамсыз. Қандай да бір жаңа затты көргенде не істейсіз? Оны қолыңызға алып, айналдыра қарап, иісі болса, иіскеп, дыбысы болса, тыңдап, дәмі болса, жалап көруге асығасыз. Бала да сөйтеді. Көз алдындағы затты білгісі, танығысы келеді. Адамның, оның ішінде балалардың да ауыз қуысында көптеген жүйке ұшы нүктелері бар. Дәл осы нүктелердің көмегімен бүкіл әлемді дәм сезу арқылы тани бастаймыз. Оған қоса, тіс жарып шығар кезде қызыл иектің қышуы да бар. Осыны басу үшін аузына қатты заттарды салып шайнайтыны белгілі.

Міне, осы себептерді ескеріп, баланың аузына түрлі заттарды салып көргісі келгені үшін уайымдамау керек. Керісінше, егер бала аузына заттарды салмаса, қоршаған ортамен танысуға әрекеті жоқ деп уайымдау қажет. Сонымен, 4-7 айлық баланың негізгі себебі – тіс жаруы; 1-2 жасар баланың негізгі себебі – әлемді тану. 1,5-2 жасқа қарай бала бұл әдетті өздігінен қойып кетеді. Егер өздігінен тоқтатпай, 2,5-3 жаста да қолына түскенді аузына апара берсе – бұл ата-ананың дұрыс әрекет жасамауынан туындаған мәселе. Әрекетті дұрыстап, мәселемен күреспесе, ересек жасқа жеткенге дейін сақталып қалуы әбден мүмкін.

Мұндай мәселе тумауы үшін не істеу керек? Ата-ананың дұрыс жасамаған әрекеті – балаға қайта-қайта «аузыңа салма, тиіспе, таста, жаман» деп айта беруі. Яни осы әрекетке баланың назарын барынша аудару. Бұл жағдайда баланың қалыпты дамуы бұзылып, айтқан сөзіңіз тұп-тура керісінше әсер береді. Одан да мына әрекеттерді жасап көріңіз. Гигиенаға көп көңіл бөліңіз. Бала үй ішінде бір заттарды аузына салып көргісі келсе, рұқсат беріңіз. Тек оларды үнемі таза ұстаңыз және баланы назардан тыс қалдырмаңыз. Сырттай бақылаңыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз етіңіз. Егер бала көңіл бөлген зат қауіпті болса, абыржымаңыз, ұрыспаңыз, қолынан тартып та алмаңыз. Бөбегіңізді басқа нәрсеге, ойынға алаңдатып барып алыңыз. Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Үшкір, өткір, ауыр, қатты, ұсақ сияқты қауіпті әрі жұтып қоюы мүмкін заттарды қолжетімді жерге қоймаңыз. Баланың талғамын байқап көріңіз. Көбінесе қандай нәрселерді аузына салады және қайсылары ұнайды, соны бақылаңыз. Егер оған тұзды тағам, жердегі тас, топырақ, не мысықтың тағамы ұнаса, біраз нәрсенің көрінісі болуы мүмкін. Мысалы, дәрумендер жетіспеушілігі. Үлгі көрсетіңіз. Еденге түскен тамақты, жерде жатқан қоқысты баланың көзінше алып, қоқыс шелегіне тастағаныңызды да ашық түрде көрсетіңіз. Өсе келе бала үлкендерден көргенін қайталайтын болады. Өзіңіз жасамаңыз. Ашығын айтсақ, кейде аузына тамақтан бөгде затты салып отыру әдеті үлкендерде де болып тұрады. Үнемі болмаса да, кей кездері бірдеңені тістелеп отырғанымызды өзіміз де байқамай қаламыз. Егер үйде кішкентай бала болса, осы әдетке жол бермеген жөн. Баланың көзінше тіс шұқымаңыз. Жаңғақты тіспен шақпаңыз. Жоғарыда айтқанымыздай, 2-3 жасар баланың түрлі заттарды аузына апара беруінің бір себебі – ата-ананың үрейлену, қарсы шығу, «жоқ» дей беру арқылы баланың қалыпты дамуын бұзуы немесе соған назар аудартуы. Бұдан бөлек, тағы бір себеп болуы мүмкін. Ол – балаға ата-ана назарының, махаббатының жетіспеуі. Ананың махаббаты, назар аударуы балада сору рефлексімен ассоцияцияланады. Сондықтан анасының махаббаты жетіспегенде бала бірдеңені сорғысы келеді. Содан кез келген затты, тіпті болмаса саусағын сорып жүреді. Балаға бұл әдетін қойдыру үшін саусағына ащы нәрсе не жасыл дәрі (шошыту үшін) жағып қоюға кеңес беріп жатады. Мұндай әдістен соң бала саусағын соруын доғаруы ықтимал. Ал есін білетін балаға заттарды аузына салмауын ескертіп, ұрсып, қорқыту әдістері қолданылады. Кейде бұл да діттеген мақсатқа жеткізуі мүмкін. Алайда, ол әдеттің пайда болуына себеп болған ішкі мәселе сол күйі қалып қояды. Сондықтан алдымен түпкі себебіне үңіліп, сонымен күресу керек.

ERNUR.KZ