фото: med-brat.kz
Мәжілістің жалпы отырысында елімізде ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шығатыны айтылды.
«Елімізде қазір 350 мыңнан астам адам құмар ойынның „инесіне“ отырған. 2019 жылмен салыстырғанда, былтыр құмар ойындарға бәс тігу елімізде 40 есеге көбейген. Букмекер кеңселердің бір жылдық қаржы айналымы 1 трлн теңге болған. Лудомания дертіне шалдыққан 174 мың жас қазақстандық 36 млрд теңгеге бәс тіккен. Қазір құмар ойынның шырмауына түскендер шетінен қылмыскер болып жатыр. Былтыр 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құнныққандардың мойнында. Суицид жасаған 3676 отандасымыздың әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген дерек келді. Бұл лудомания бір адамның тағдырын емес, тұтас отбасыларды бүлдіреді. Елімізде ажырасқан әр 10 отбасының жетеуінде жанжал лудомания салдарынан шыққан. Ал біз осымен қалай күресіп жатырмыз? Елімізде қоғамдық көліктің сыртын, тұрғын үйлердің қасбетін түгелдей құмар ойындардың жарнамасына бердік», — деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова депутат көтерген мәселемен келісетінін айтты.
«Бұл тақырып — өте өзекті. Ойын бизнесі туралы заң 2007 жылы қабылданған. Ондағы нормалар қазіргі өзгерістерге жауап бере алмайды. Мәселен, жарнамаға қарсы, балалардың ойынына ешқандай шектеу жоқ. Сондықтан Парламент депутаттары бастамасымен енгізіліп жатқан түзетулердің барлығын құзыретті органдармен бірге қарап шықтым. Бизнеске тиісті шектеу салатын 16 ұсынысты Ұлттық экономика министрлігімен пысықтап жатырмыз. Бұл тұрғыда 8 шектеу бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Қалған 8-і келер айда қаралып болады. Осының бәрін жинақтап, Парламентке келеміз. Негізгі мәселе неде? Қазір шетел тәжірибесін зерттеп шықтық. Жалпы, ойын тәртібі бар екен. Оған сәйкес ойынның уақытына, ставка деңгейіне қатысты лимиті болуы керек. Сондықтан бұл бағытта тиісті шектеулерді қойып жатырмыз», — деп түсіндірді Үкімет басшысының орынбасары.
Тамара Дүйсенова құмар ойынның жарнамасына тыйым салу мәселесіне де тоқталды.
«Атап айтқанда, шетел тәжірибесіне қарасақ, бір де бір сыртқы жарнамада құмар ойындарын көрсетпеуі керек. Сондықтан жарнамаға шектеу жөнінде тиісті норманы белгіледік. Енді тек букмекер кеңсесінің ішінде, сондай-ақ спорт телеарналарында жарнама жасауға болады деген ұсынысты қарастырып отырмыз», — деді Тамара Дүйсенова.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через