Әзербайжан құрамасы қазақ күресінен Азия Кубогының финалына шығуға үмітті

Әзербайжан құрамасы қазақ күресінен Азия Кубогының финалына шығуға үмітті

       Жанкүйерлер турнирді Qazsport және TRT Avaz телеарналарының тікелей эфирінен тамашалай алады.

       29 қазанда Түркістан қаласында Olympic center спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен Turan Barysy Азия Кубогы өтеді. Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының өкілдері: Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан қатысады.

       Азия Кубогында Әзербайжан құрамасының спортшылары 7 салмақ бойынша да сынға түседі. Балуандар жарысқа сақадай сай. Құрама бапкері Халид Аббасов балуандарды осы жарысқа дайындап әкеле жатыр. Ол 2006 жылдан бері самбодан спорт шебері. Спортшыларды дзюдо мен самбодан ғана жаттықтырып қоймай, бірнеше жылдан бері қазақ күресінен де жарыстарға дайындайды.

       Команда құрамында күрестің бірнеше түрінен көптеген жарысқа, соның ішінде қазақ күресіне де турнирлерге қатысқан әйгілі спортшылар бар.

       "Барлық спортшы өз бабында, Тұран барысында күресуге дайын. Эйваз Бахшиев пен Насими Умбаев қазақ күресінде жақсы тәжірибелері бар балуандар. Қалған спортшылар интенсивті оқу мен жаттығудан өтті. 66 келіге дейінгі салмақта Нихад Назарли жас болса да, болашағынан үлкен үміт күттіретін спортшы. Дзюдодан құрама сапында күресетін Эльчин Гусейнов та болашағы бар балуан. Алдағы жарыстың финалына шығамыз деп үміттенеміз", – деді Халид Аббасов.

       Құрама бапкері Тұран барысы турнирінде ең бірінші Қазақстан құрамасын басты қарсылас санайтынын, өзбек балуандары да жақсы күресетінін атап өтті. Дегенмен кім мықты екенін бозкілем шешеді дейді ол.

       "Жігіттердің дайындығы жақсы. Пандемия кезінде жаттығу үзіліп қалды, бірақ қазір бар күшін салып жаттығып жатыр. Тұран барысынан кейін де қазақ күресі таныла түседі деп ойлаймын. Біздің жігіттер жақсы біледі. Дегенмен елімізде қазақ күресі федерациясы жоқ, сол себепті бұл спорт түрін дамыту бізге аздап қиынға соғып тұр. Болашақта жағдай жақсара түсіп, қазақ күресімен айналысамын деушілер қатары артады деп ойлаймын", – деді Әзербайжан құрамасының бапкері.

       55 келіге дейінгі салмақта күресетін Насими Умбаев қазақ күресінен екі рет жарысқа қатысқан. Ол самбодан әлем және Еуропа біріншілігінің, Әлем кубогының, Еуропа чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. 60 келіге дейінгі салмақта күресетін Эйваз Бахшиев те самбодан халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері, әлем біріншілігінің жеңімпазы, әлем кубогының жүлдегері. Халид Аббасовтың осы екі спортшыны атап өтуі бекер емес.

       Турнир еліміздегі ұлттық спорт түрін дамыту және қолдау мақсатында өткізіледі. Бұдан бөлек, «Turan Barysy» жастарды спортқа тарту және ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау міндетін алға қояды.

       Айтулы іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, Qazaq kuresi ассоциациясы, Qazaqstan Barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтеді. 

       Жанкүйерлер турнирді Qazsport және TRT Avaz телеарналарының тікелей эфирінен тамашалай алады.