Аяғы ауыр әйелдер неліктен фолий қышқылын тұтынуы керек?

Аяғы ауыр әйелдер неліктен фолий қышқылын тұтынуы керек?

Қазақстанда жүкті әйелдерге темір препараттары тегін беріледі.

Жүктілікті жоспарлайтын барлық әйел күніне кемінде 150 мкг йод тұтынуы қажет. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған "Ана мен бала денсаулығын сақтау жөніндегі 2023-2030 жылдарға арналған тұжырымдама" жобасында жазылған.

Анемияның басты себебі – темір тапшылығы және оның негізгі құрамдас бөлігі дұрыс тамақтанбау. Темір тапшылығы және йод тапшылығының алдын алу және емдеу секілді бала тууға қабілетті жастағы әйелдердің денсаулығын жақсартуға бағытталған мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шаралар (нысаналы трансферттер) көбінесе жергілікті жерлерде нәтижелі емес. 

"Қазақстанда жүкті әйелдерге темір препараттары тегін беріледі. Зерттеулер темір тапшылығы анемиясы асқынған сайын гемостаз жүйесіндегі бұзылулар нашарлайтынын анықтады. Бұл босану кезінде қанның көп кетуіне әкеледі. Алайда дәрігерлер тиісті деңгейде анемияның алдын алмауы және бақылаудың болмауы себепті мақсатты трансферт тиімді пайдаланылмайды", – делінген құжатта.

2010 жылы фолаттар Еуропа кардиологтары қауымдастығының клиникалық ұсыныстарына енгізілді. Жүкті әйелдерге фолий қышқылы препараттарын тағайындау дәлелді медицина тұрғысынан дұрыс екені белгілі.

"Фолий қышқылын ерлі-зайыптыларға жүктілікке дейін тағайындау ұрықтың туа біткен ақауларының пайда болуын азайтып, соның ішінде жүйке түтікшесі ақауларының жиілігін – 70 пайызға, жүрек ақауларының жиілігін 26-40% төмендетеді. Фолий қышқылын жүктілік басталған кезден қабылдау мерзімінен бұрын босану, салмағы жетпей туу, преэклампсиялар және бала жолдасының мерзімінен бұрын сылынуы секілді асқынулар қауіпін төмендетеді", – деп жазылған тұжырымдамада.

Жүктілікті жоспарлайтын барлық әйел күніне кемінде 150 мкг йод тұтыну қажет және йод тапшылығы бойынша эндемиялық өңірде тұратын болса, оның қосымша дотациясы ұсынылады.

Периконцепционды кезеңде йод препараттарын қосымша қолдану неонаталды және нәрестелер өлімінің жиілігін төмендетіп, туғаннан кейінгі балалардың психосоматикалық дамуын жақсартады.

Informburo