«ЖЫЛЫНА 10 МЫҢ ТЕХНИКА ӨНДІРУІ ҚАЖЕТ»
Автокөлік өндіруші инвестициялық преференция алу үшін инвестиция және инфрақұрылым министрлігімен көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қоюы қажет. Арада келесім болса, кәсіпкер көлік техникасын елге кіргізген кездегі кедендік баж, қосымша құн салығын төлеуден босатылады, сондай-ақ ол төленіп қойған утилизациялық алымның өтемақысын алады. Егер компанияның қолында министрлікпен жасасқан келісімі болмаса, ол экономикалық жағынан мақсатсыз компания саналады. Яғни, мемлекет тарапынан көмек алмайтын компания бәсекеге қабілетсіз деп есептеледі. Енді осы жерде қазақстандық автоөндірушілерге қатысты кедергі бар. Қолданыстағы заңға сәйкес, жаңа компаниялар, жаңа инвесторлар көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол жеткізе алмайды. Себебі жүк көлігі және арнайы техника өндірушілерге жыл ішіндегі өндіріс көлемі 10 000 бірлік техникадан аз болмауы қажет деген талап қойылған. Яғни, бір автоөндіруші бір жылда он мың техника шығаруы керек. Енді бұл заңның орынсыз екенін дәлелдеп көрейік. Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, кейінгі екі жылда орта есеппен Қазақстанда мемлекеттік тіркеуден 7 мың жүк көлігі мен арнайы техника өткен. Оның ішінде 20-30%-ы бастапқы тіркеу. 2021 жылдың 5 айында Қазақстанда 3 мыңнан аспайтын ауыр техника өндірілді және 144 бірліктен аспайтын арнайы техника шығарылды. Қазақстан нарығындағы автокөлік өндірушілерді есепке алсақ, бізде небәрі 7 компания жұмыс істейді. Егер осы жеті компанияның әрқайсы жылына 10 мың техникадан шығарса, 70 мың техника болады. Алайда Қазақстан жалпы алғанда бір жыл ішінде небәрі 7 мың техника шығарып отыр.
Кез келген елде шетелден инвестиция тарту мәселесі қашан да өзекті. Барлық ел инвестициялық жағдайды жақсартуға және бизнесті бәсекеге қабілетті етіп жүргізуге күш салып жатыр. Салықты қысқартып немесе инфрақұрылымдық шешімдер ұсынып, жәрдемақы да бөледі. Сондай-ақ бизнеске қолайлы жағдай жасауға назар аударады. Ал біздің елде автоөндіріс саласына инвестор тарту бойынша да артта қалып жатыр, себебі өндіріске іс жүзінде орындау мүмкін емес меже қойылған. Бұл экономикалық жағынан ойға қонбайды.
Мұның бәрі инвесторлардың көбеймеуі және автоөндіріс саласында жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына кедергі келтіріп отыр.
ЛИЗИНГТІК ҚАРЖЫЛАНДЫРУДАҒЫ КЕДЕРГІЛЕР
Қазақстанда 2015 жылдан бастап лизингтік қаржыландыру деген мемлекеттік көмек көрсетіледі. Ол Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген автокөлік құралдарының лизингін және осы мақсатта автотехниканы сатып алатын жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға беріледі. Бұл жобаны іске асыру үшін ұлттық банктен шамамен 9 миллиард теңге бөлінді. Келешекте тағы да қаржы бөлу жоспарланған. Алайда бұл қаржы тек 4 кәсіпорын арасында бөлініп отыр. Олар – «СемАЗ» ЖШС, «КАМАЗ», Hyundai Trans және «Сарыарка-автопром».
Бағдарлама аясында қайтарылған қаражат есебінен лизингтік қаржыландыруды қайтадан жүзеге асыруға болады. Алайда іс жүзінде қаржыны осы аталған төрт автокөлік өндіруші компания пайдаланып отыр. Қалған 3 компанияға қолдау көрсетілмеген. Елде қазірге дейін қайтадан қаржыландыруды жүзеге асыруға бағытталған үкіметтің қаулысын іске асыру үшін құқықтық-нормативтік акт шығарылмаған. Лизингтік қарыландыруға қатысу үшін түсінікті әрі ашық ережелер жоқ.
Қазір мемлекеттік қолдауға қатысатын барлық компания инвестиция және инфрақұрылым министрлігі мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ дамыту институты жолдаған ішкі құжаттарды басшылыққа алуға мәжбүр. Бұл құжаттар құқықтық-нормативтік акт саналмайды. Осылайша, бұл даму институты шешім қабылдаған кезде заңды жауапкершіліктен қашып, автоөндіріс саласының дамуына кері әсер етіп отыр.
Ең өзекті мәселе – автоөндірушілер арасында бөлінген қаржыны коммерциялық емес ұйым бөлуі және бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде министрлікпен арада көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім болуы. Осылайша екі кедергі бір-бірімен байланысып отыр. Ал ол келісімге келу үшін қайтадан өндіріс көлемі 10 мың болуы керек деген талапқа ораламыз.
Ahmed