Асхат Аймағамбетов ауыл мен қала ғана емес, өңірлер арасында да білім сапасының айырмашылығы барын айтты.
Қазір елімізде 192 мың оқушы шағын жинақты мектепте оқиды. Бұл барлық оқушылардың 5,3 пайызы. Ал шағын жинақты мектептердің үлесі 36 пайызды құрайды. Мұнда педагогтердің 14 пайызы жұмыс істейді, деп мәлімдеді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов тамыз конференциясының панельдік сессиясында.
"Жалпы қоғамда ауыл мен қала мектептеріндегі білім сапасының айрымшалығы туралы көп айтылады. Шындап келгенде, білім сапасының алшақтығы тек ауыл мен қала мектептерінде ғана емес, өңірлер арасында да бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстандағы ауыл мектептерінің орташа балы Түркістан облысындағы, Қызылорда облысындағы қалалық мектептердің орташа балынан жоғары. Сондықтан бұл мәселені кеңірек қарау керек", – деді Асхат Аймағамбетов.
Министр ауыл мектептерінің негізгі үш кемшілігін атап өтті.
"Пән бойынша беретін мықты мұғалімнің жетіспеушілігі, интернеттің толыққанды барлық мектепте болмауы және материалдық-техникалық базасы. Бірақ, біз үшін ең маңыздысы – педагог. Мұғалім – мектептің жүрегі. Мұғалімдер жеткілікті болмаса, басқа мәселелерді шешу қиын болады", – деді Асхат Аймағамбетов.
Inform.buro
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через