Ауру – астан...

Ауру – астан...

       Соңғы кездері дұрыс тамақтану жайлы жиі талқыға салынып келеді. Адамның денсаулығы да сол тамақтануға байланысты. Себебі адам көбінесе мол күш-қуат жұмсайды, сол энергияны қалпына келтіру мақсатында ол жан дұрыс тамақтануы тиіс. Әрине дұрыс тамақтану ол денсаулық кепілі. «Ұстағанша жүз дәрігерді қайдағы, тамағыңды шақтап ішкен пайдалы»,- демекші шақтап ішкен тамақтың бірі қуат берсе, екінші жағы ағзаның өсуіне көмектеседі. Егер тағамды шамадан тыс аз мөлшерде пайдалансаң ағза үшін өте зиян. Сондықтан адам өзіне қажетті калорияны жеткілікті мөлшерде тұтынған дұрыс.

       Күнделікті тағам рационында қандай тағам түрлері болуы керек? Оның құрамында қандай дәрумендер болуы қажет? Ақуыздың, көмірсутектің мөлшері қаншалықты болуы керек деген мәселені алдымен ажыратып алған жөн. Сондықтан ағзаның дұрыс қызмет жасауы үшін, тамаққа керекті басты дәрумендер мен минералдар заттары рационда болу керек.

       Бала кезде негізгі қаланған тамақтану әдеті өмір бойы сақталатынын ескере отырып, семіздіктің профилактикасын, сақтық жұмыстарын, тиімді тамақтану тәсілін сәбилік шақтан, отбасы ортасында, мектеп қабырғасында үйрету қажет. Сонымен бірге денсаулықтың тамақ ішудегі қанағатшылдық пен белсенді қимылдың арасында да үзілмейтін үйлесім мен байланыс барын есте ұстанған жөн Сондай-ақ,  күнделікті тұтынатын тағамды тепе-тең етіп пайдалану.

       Тағы бір ерекше атап өтерлігі, күнделікті өмірде таза суды жеткілікті мөлшерде пайдалану. Ол үшін адам әуелі өзінің салмағын есептеп, соған сәйкес күн сайын қаншалықты мөлшерде су пайдалана алатынын анықтай алады. Бірақ бұған күнделікті судан бөлек ішетін шәй не болмаса өзге де сусындарды жатқызуға болмайды. Мамандардың айтуынша, судың мөлшерін тиісті деңгейден түсірмеген уақытта ғана «толыққанды дұрыс тамақтануға бетбұрдым» деп айта аласыз.

        Кей адамдар күнделікті жеткілікті мөлшерде су ішкенімен тәттіні шектен тыс қолданып жатады. Болмаса өте майлы тамақтарға жақын болуы мүмкін. Диетологтардың пікірінше, мүмкіндігінше дұрыс тамақтануды ұстанатын адамдар тәттіден бас тартқаны дұрыс. Тәттілерден бастартқанымен оларды алмастыратын бастысы денсаулыққа пайдалы тағамдармен алмастыру қажет дейді мамандар.

       Сондай-ақ қуырылған тағамдардан аулақ болғаны абзал. Мәселен, қуырылған тамақтар бірінші кезекте асқазанға зиян келтіретінін естен шығармаған жөн. Кондитерлік өнімдердің құрамында көп мөлшерде қант, түрлі бояулар, химиялық қоспалар болады. Бұл өнімдерді де күнделікті өмірде жиі тұтынбау керек, соның салдарынан қан құрамындағы зиянды холестерин мөлшері көбеюі және семіздіктің алғашқы белгілеріне душар болуы мүмкін. Тәтті кәмпиттердің калориясы өте жоғары. Олардың құрамында ГМО, химиялық қоспалар, алуан түрлі жұпар иіс беретін ароматтар болады. Кәмпитті көп жеудің салдарынан ағзада қант мөлшері көбейеді. Тіпті сусамыр (қант диабеті) ауруына шалдығуыңыз мүмкін. Ал пайдасы миды тынықтырады.

        Дұрыс тамақтануға көшкен адамдар міндетті түрде спортқа ден қояды. Күнделікті уақытының бір бөлігін спортпен шұғылдануға арнайды. Ал осы дене белсенділігі дұрыс тамақтануға көп әсер етеді. Дұрыс тамақтану мен спортты қатар үйлестіре алып жүретін болсаңыз, көптеген жетістікке жетесіз. Дене мүсініңізде бірте-бірте тартыла бастайды. Артық майлардан тезірек құтыласыз. Бұлардың барлығын спортпен түзеп, әдемі сымбатқа келуге болады.

      Сіздің асқазаныңыз — қоқыс жәшігі емес. Бірінші кезекте ол сіздің денсаулығыңыз. Ал денсаулық біздің айнамыз екенін естен шығармаңыз. Сондықтан зиянды тамақтардан бас тартқаныңыз абзал. Бей-берекет тамақтанудан аулақ болыңыз. Диетологтар адамдарды дұрыс тамақтануға мейлінше ертерек бетбұруға шақырады. Өйткені бұл бірінші кезекте, денсаулыққа пайдасы жоқ тағамдарды тұтынудың салдарынан бет терісі зиян шегуі мүмкін. Сондай-ақ түрлі безеулер шыға бастайды. Сондықтан дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстаныңыз.

       Standard.kz