Ауаның ластануы адам ағзасына өте зиян
Ауаның ластануы, әсіресе қалалық жерлердегі атмосфераға таралып жатқан зиянды қалдықтар – ең өткір мәселенің бірі. Бұл экожүйенің бұзылуына, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда зиян келтіреді. Еліміздің ірі қалаларындағы ауаның ластану деңгейі тым жоғары. Дүниежүзілік банктің 2013 жылғы зерттеулерінде мамандар халықтың аурушаңдығы мен кейбір экономикалық шығындардың түп-тамырын осы мәселемен байланыстырған. Ал IQAir рейтингінде 2019 жылы Қазақстан ластану деңгейінің орташа жылдық концентрациясы бойынша әлемде 29-орынды иеленді. Қыста Нұр-Сұлтан қаласы әлемнің ең ластанған қалаларының ондығына кіреді (IQAir, 2020).
Еліміздегі ауа сапасының деңгейі БАҚ-та кеңінен талқыланып келеді, алайда рецензияланған зерттеулердің саны шектеулі. Ауаның ластану көздері электр стансалары мен үйлерде көмір жағу, ауыр өнеркәсіп, көлік, топырақ шаңы, құрылыс алаңдары, ауыл шаруашылығы және т.б. болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстан қалалары үшін осы бағыттағы арнаулы зерттеулерін көзіміз шалмады. Десек те, еліміздегі 13 мың халқы бар бір ғана Курчатов қаласы үшін зерттеу жүргізілген екен.
Ауадағы PM2.5 бөлшектерінің көбеюі адам денсаулығына жағымсыз әсер етеді. Атап айтқанда, бұл көптеген жүрек-қантамыр, өкпе ауруларына және соның салдарынан өмір сүру сапасының төмендеп, тіпті мерзімінен бұрын қайтыс болуға себепкер болуы мүмкін. Әсіресе балаларды осы мәселенің зардабынан құтқара алмайтындай халге жеттік. Өйткені ластанған ауа өкпенің жұмысына, мидың дамуына теріс әсер етіп, ақыл-ойдың дамуын тежейді. Ал егде жастағы адамдарда деменция қаупі жоғарылай түседі.
Көлемі 2,5 микрометрден аз барлық бөлшектер мен тамшылар ауада қалықтап жүреді. Олар орманда да, теңізде де кездеседі. Бірақ ең үлкен қауіпті аумақ – қалалық жер. Біріншіден, әдетте қалада олардың концентрациясы жоғары болса, екіншіден, қаладағы ұсақ дисперсті аэрозольдің (PM2.5) химиялық құрамы табиғи ортамен салыстырғанда қауіпті. Сондай-ақ ауаны ластаушы үлкен бөлшектерге қарағанда РМ2.5 бөлшектері адам ағзасын бөгде заттардан қорғаушы биологиялық кедергілерден оңай өтіп кетеді. Осылайша ағзаның толыққанды жұмыс жасауына үлкен қауіп төндіреді.
Әртүрлі қалаларда PM2.5 аэрозолінің құрамы да, жеке бөлшектердің параметрлері де әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, қалалық жерде ең көп кездесетін күйе, асфальт және автомобиль шиналарының ең кішкентай бөліктері, минералды тұздардың бөлшектері (сульфаттар, нитраттар), ауыр металл қосылыстары (негізінен, оксидтер).
CORE эпидемиологиялық ғылыми-зерттеу деректері бойынша алматылықтардың 25,5 пайызы бронх демікпесімен ауыратындығы анықталған. Ауаның ластануы адам ағзасына айтарлықтай зиян келтіруде.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через