Атырауда қазақ күресінен ерлер мен әйелдер арасында ел чемпионаты аяқталды.
Бұл чемпионатты Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен «Qazaq kuresi» ассоциациясы, Атырау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.
Жарысқа еліміздің барлық облысы мен Астана, Алматы мен Шымкент қаласынан 363 балуан қатысты.
Бәсекеде ерлер арасында 55-100 келі және одан жоғары, ал, әйелдер арасында 48-77 келі және одан жоғары салмақта мықтылар анықталды.
«Алдағы қараша айының 4-6 күндері Астана қаласында үздіктердің үздігі бақ сынайтын сайыс өтеді. Сол жарыста әр салмақ бойынша рейтингте сегіздікке енген балуандар белдеседі. Жеңімпаз болған балуандар әлем чемионатына жолдама алады», -дейді қазақ күресінен аға жаттықтырушы Айбек Серғазиев.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, ел чемпионатында атыраулық 8 балуан рейтингтегі сегіздікке енген.
Олар – Бекет Жүніс (55 келі), Жәнібек Телман (60 келі), Бекарыс Мұратұлы (66 келі), Нұрболат Ізімғалиев (74 келі), Әділет Құлшым (74 келі), Сағат Ғазимов (90 келі), Руслан Ізғалиев (100 келі), Сұңғат Закарияев (100 келі).
Ал, қазақ күресінен ел чемпионатында атыраулық арулар 1 алтын, 2 қола медальды иеленді. Атап айтқанда, 48 келі салмақта Айгерім Төреғажина 1 орынға, осы салмақта Хамария Әмірғалиева мен 77 келіден жоғары салмақта белдескен Эльмира Самиғоллаева 3 орынға ие болды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через