Астанаға көшіп келушілердің санына шектеу қойылмақ

Астанаға көшіп келушілердің санына шектеу қойылмақ
фото: iStock

     Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Астанаға көшіп келушілер санына шектеу қоймақ.

 

     Қазір шенеуніктер арнайы заңнамаға түзетулер мен өзгерістер енгізіп жатыр. Бас қалаға өзге өңірлерден жыл сайын тұрғылықты тұруға 60 мың адам қоныс аударады. Халық саны миллионға тек 2030 жылы жетеді деген болжамның қате болғанына он жыл бұрын-ақ көзіміз жетті. Жазда сумен, қыста жылумен қамту қала шылбырын ұстаған атқамінерлердің кәдімгідей бас аурына айналған. Қыркүйектен бастап, шаһар аумағына кіріп-шығуға рұқсат етілгендердің тізімі жасалмақшы.

     “Қазір Астанаға кімнің кіріп, кімнің кіре алмайтындығын анықтау бойынша миграция мәселесі талқыланып жатыр. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Жұмыс тобы барлық сұрақтарды қамтитын болады. Қыркүйекте алғашқы мәліметтерді айтатын боламыз”, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы Асқарбек Ертаев.

     Алайда демографтар миграцияны реттеуде халық санын шектеу адам құқықтарын таптаумен тең деп отыр.

     “Конституция бойынша бір әр жаққа көшіп қонуға еріктіміз. Кез келген құқықтық енгізілейін деп жатқан өзгерістер, ең бірінші кезкте, біздің конститутциялық құқықтарымызды шектемеуі керек. Айналып келген кезде өңірлерде тұрмыс деңгейі жақсы болатын болса, жалақы жақсы болатын болса, экология жақсы болатын болса, медицина блім жақсы болса, онда ешкім алысқа көшуге талпынбайды”, – дейді демограф Аяулым Сағынбаева.

     Осы жерде туып-өскен танымал сәулетші Аманжол Чиканаев қазақ астанасы құрылысының авторы жапондық Кисе Курокава әу бастан-ақ бас жоспарды сызғанда оңбай қателескен дейді. Тар көшелер, ғимараттардың алшақтығы 500 мың адамға ғана шақталыпты. Көзге ұрып тұрған олқылықты талқылау барысында Чиканаев Курокаваның талай рет бетіне басқан. Десе де енді миграцияны шектегеннен басқа амал жоқ.

     “Біз реттеуіміз керек. Бұл халық көбейіп жатыр, Астанамыз үлкейіп жатыр деп қуанудың қажеті жоқ. Біз өте үлкен  проблемаларды жинаймыз, өзімізге қаланы өсіреміз деп. Су жетіспейді”, – дейді сәулетші Аманжол Чиканаев.

     Астананың халқын жалғыз Вячеслав су қоймасы есебінен қазір қамтып отырмыз. Қала билігі жетіспеген қосымша су ресурсын Нұра жерасты құбырын салу арқылы шешпекші. Алайда бұл құрылыстың қашан бассталатыны әзірге уақыты белгісіз. Белгілісі еңбек министрлігінде құрылған арнайы топ миграцияны шектеудің қалай жүзеге асатындығын қыркүйекте жариялайтын болды. Жауапты ведомство тек сол кезде қалаға кімнің кіріп, кімнің шыға алатынын айтамыз деп отыр.

     Ақпарат дереккөзі:Stan.kz