Елорда кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысында Астанадағы жекеменшік балабақша иелері Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына наразылық білдірді.
Балабақша иелері ведомствоның №381 бұйрығы кәсіпкерлердің пікірін ескерместен, қоғам талқылауына шығарылмастан күшіне енгізілді деп есептейді.
Бұйрықтағы талапты орындау үшін кәсіпкерлерге 1 айдан аз уақыт қана қалған.
Егер 1 қаңтарға дейін талап орындалмаса, ондаған балабақша мемлекеттік тапсырыстан қағылып, жұмыс істеу мүмкіндігінен айрылуы мүмкін.
Оның салдарынан 20 мыңға жуық бөбек балабақшасыз қалуы ықтимал көрінеді.
Жекеменшік балабақша иелерінің шағымын Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев түйіндеп түсіндірді.
«Астана қаласында шамамен 300-ге жуық жеке балабақша бар. Тамыз айының аяғында Оқу-ағарту министрлігінің №381 бұйрығы күшіне енді. Ол құжат бойынша әрбір балабақша медициналық кабинетті лицензиялау керек. Ал ондай лицензия алу үшін көтпеген кедергілер бар. Аталған жеке балабақшалар желтоқсан айында медициналық кабинеттерін №381 бұйрықтың талаптарына толығымен сәйкестендіріп, білім басқармасына есебін бермесе, келесі жылдан бастап кемінде 20 мыңға жуық балабақша тәрбиеленушісіне мемлекеттік грантсыз қалу қатері туындап тұр», - дейді палата өкілі.
Сондай-ақ, ол мұндай талап Президенттің бизнестің дамуына кедергі келтірмеу туралы тапсырмасына қайшы деп есептейді.
«Біздің ойымызша, кез келген бастама бизнеске кедергі келтірмеу керек. Кезінде жеке балабақшалар ашылғанға дейін бұлар мемлекетке көмек берді. Астана қаласындағы балалардың 50 пайызы жеке балабақшаларда тәрбие алып келді. Оларды шектейтін болсақ, әр балабақшаның артында ата-аналар тұр. Одан бөлек балабақша ашқан кәсіпкерлердің банк алдында кредиті бар. Одан бөлек қаншама жұмыс орнын қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан бұл бұйрық кәсіпкерлердің жұмысына кері әсер етіп, әрі қарай дамуына мүмкіндік бермейді. Әрине, олар медицина кабинеттерін талапқа сай жабдықтауға дайын. Бірақ вакцина салатын арнайы жәшік орнату, ол жәшіктерді залалсыз кәдеге жарату сияқты талаптар үлкен кедергі. Ондай талаптың балабақшаға қажеті қанша? Қай ата-ана балабақшада баласына вакцина салуға рұқсат береді? Оның бәрі үлкен мәселе. Біздің ойымызша бұйрықты қолданысқа енгізер алдында ойлану керек еді», - деді Бейсен Жолболдиев.
Кәсіпкерлердің сұрағына жауап берген қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары Римма Иманғазинова мен қаланың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова бұл мәселеде түпкілікті шешім қабылдайтын құзыреті жоқ екенін айтты.
Жиын қорытындысы бойынша Астана кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің атынан Оқу-ағарту министрлігіне тиісті хат жолдау жөнінде шешім қабылданды.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через