фото: http://uaqyt.kz
Көбінде эвакуация баспалдақтары мен жалынды анықтайтын дабыл тетіктері жоқ. Құрылыс компанияларының мұндай олқылықтарға жол беруіне не себеп? Оның шешімі бар ма?
Альмира Оразбай, тілші:
- Мен қазір көпқабатты үйдің ауласына өтетін жолда тұрмын. Жолдың тар екенін байқауға болады. Кенеттен апатты жағдай орын алса, өрт сөндіру көліктерінің мұнда өтуі екіталай. Сәйкесінше тұрғындарды құтқару мен өртті сөндіру шаралары қиындай түседі.
Бұған, әрине, тұрғын үйді салған мердігер компанияларының салғырттығы себеп. Өйткені қауіпсіздік нормаларына сәйкес үйдің ауласына арнайы техника өте алатындай жол болу керек. Сондай-ақ кешендердің бір-біріне тым жақын орналаспауы маңызды. Бүгінде Астанада ережесі бұзылған 26 көпқабатты үй бар.
Қасиет Махмет, қалалық ТЖД Сарыарқа ауданы бойынша бас маманы:
- Бұл автокөлік, автолестница 32 метрге ұзартылады, 32 метрден қысқартылады. Ол деген 10 қабатты үй. Қазіргі кезде қиын жағдайға тап болып тұрмыз. Автотехника өте алмай тұр. Ұзындығы – 12 метр, ені – 2,5 метр. Бірақ тұрақтылығы қойылған кезде 5 метрге созылады. Солай көлік қойылу керек. Мында 5 метр түгілі 2,5 метр ғана боп тұр.
Бұрын Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жауапты мердігерге құрылыстағы белгілі бір қателіктерді соқырға таяқ ұстатқандай көрсете алатын еді. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Себебі төтеншеліктер жаңа үйлерді тапсыру жөніндегі комиссияның құрамынан 2016 жылы шығарылған.
Виктор Микрюков, Қазақстан Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:
- Бұрын қабылдау комиссиясында 16 мекеме өкілдерінің қолы қойылатын. Оның ішінде төтеншеліктер де бар еді. Кейіннен комиссия құрамында өрт сөндіру мамандарының болуы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудырды. Сондықтан олар арнайы құрамнан шығарылды.
Енді тұрғын үйлердегі қауіпсіздік ережелерін күшейту үшін жаңа жоба әзірленіп жатыр. Оның аясы кең, - дейді Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Виктор Микрюков.
Виктор Микрюков, Қазақстан Құрылысшылар қауымдастығының төрағасы:
- Өрт қауіпсіздігі бойынша жеке жоба әзірленіп жатыр. Оның аясында автотұрақтарда өрт сөндіру мен адамдардың көп шоғырланатын жерлерінде ескерту жүйелері қарастырылады. Сондай-ақ көпқабатты үйлерде жалын шарпыса, техниканың апат орнына тез жетуі де назарға алынады. Алдағы уақытта жоба мемлекеттік сараптамаға жіберіледі. Одан өткен соң мердігер компаниялар құрылыс жұмыстарын бастай алады.
Ал бүгінгі күні тұрғын үйлердегі қауіпсіздік талаптарының сақталмағаны анықталса, өрт сөндірушілер тек акт толтырып, оны құзырлы органдарға жібереді. Мердігер құрылыс компаниясы тек айыппұлмен құтылып кетеді. Яғни, ол үшін арнайы жауапкершілік қарастырылмаған, - дейді мамандар. Ал алдағы уақытта қателіктерді болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары арнайы комиссия құрамына қайта кіруге ниет білдіріп отыр.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через