фото: sputnik.kz
Астанада лифтіде әйелдің басына темір конструкция құлап түсті. Қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
Әлеуметтік желіде жарақат алған әйелдің суреті тарады. Жерде лифтінің төбесін жабатын темір конструкция жатыр. Қан аққаны да көрінеді.
Қалалық полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 306-бабы, 1-бөлігі (Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады.
"Жарақат алған әйел ауруханаға жеткізілді. Полицейлер темір плафонның құлауы бойынша барлық қажетті тергеу шараларын атқарып жатыр", - дейді департамент мамандары.
Айта кетері, осы бап бойынша белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, 160 АЕК-ке (552 000 теңгеге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қарастырылған.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через