фото: Pexels
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының соңғы зерттеуінің нәтижесі осындай. Тағам қоспасы сағыз, тіс пастасы мен түрлі сусындардың құрамында болады. Ғалымдар мұны дәлелдегенімен құрамында аспартам бар заттарға тыйым салынып жатқан жоқ. Бұған не себеп?
- Аспартам деген не? Ол қай заттардың құрамында болады? 1974 жылы АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын санитарлық бақылау жөніндегі басқармасы аспартамды қолдануға рұқсат берді. Еуропада ДА шектеу жоқ. Бірақ әу бастан-ақ оның қауіпсіздігіне қатысты сұрақ көп болды. Тағам қоспасы Е951 деп белгіленеді. Қазір бұл зат қанты жоқ, яғни емдәмдік өнімдер құрамында кездеседі. Солардың ішінде сағыз, тіс пастасы, йогурт, дәрілер, балмұздақ пен газдалған сусындар бар. Аспартам қанттан 200 есе тәтті. Бірақ калориясы әлдеқайда төмен. Басты қасиеті осы. Бірақ соңғы зерттеулер бұл заттың пайдасынан гөрі зияны зор болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр.
Швейцария
Мэри Шубауэр-Бериган, қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік өкілі: "Қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік аспартамды "қатерлі ісік тудыруы мүмкін" заттар қатарына жатқызды. Біз зерттеуде бауыр обырына қатысты деректер мен жануарларға жүргізілген тәжірибелердің нәтижелеріне сүйендік." Оның адамның денсаулығына әсерін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен БҰҰ-ның арнайы агенттіктері бөлек-бөлек тексерген. Сөйтіп тағам қоспасы "қатерлі ісік" тудыруы мүмкін заттар тобына жатқызылды. Негізі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өнімдерді бірнеше санатқа бөледі. Мысалы, алкоголь не радиация қатерлі ісік тудыратыны дәлелденген заттар қатарына жатады. Бұдан бөлек аты жаман ауруға шалдығу қаупі жоғары өнімдер бар. Ал мына аспартам көліктен бөлінетін газдар және қорғасынмен бір санатта.
Швейцария
Мэри Шубауэр-Бериган, қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік өкілі: "Біздің бағдарлама қатерлі ісіктің қаупін анықтау жөніндегі әлемдегі ең алғашқы бағдарламалардың бірі саналады. Бұл БҰҰ-ның арнайы мекемесі. Біз алғаш рет аспартамның әсеріне қатысты тексеру жүргіздік. Сөйтіп зерттеу нәтижесі бойынша оны 2Б тобына, яғни "Қатерлі ісік тудыруы мүмкін" санатына жатқыздық. Бізде мысалы бірінші қауіпті категория бар. Оған шылым шегу кіреді." Неліктен аспартам бірден "қатерлі ісік тудыратын" заттардың қатарына жатқызылмады деген сауал туындайды? Ғалымдар оның ауруға себеп болатынын нақты дәлелдейтін дәйектердің жоқтығын айтады. Сол үшін алда тағы да ауқымды зерттеулер қажет дейді. Десе де шамадан тыс қолданбаған жөн деген кеңес айтып отыр. Мамандар салмағына қарай оның тәуліктік шекті мөлшерін көрсетті.
Швейцария
Франческо Бранка, ДДСҰ өкілі: "Аспартамның тәуліктік мөлшеріне қатысты ұсынымдарды ұстану керек. Рұқсат етілген меже - адам салмағының бір келісіне шаққанда 40 миллиграмнан аспауы тиіс. Сонда 60-70 келі адамға күніне 2800 миллиграмм аспартамнан артық қолдануға болмайды. Компанияларға құрамында осы тағам қоспасы бар өнімдерді шығаруын тоқтатсын демейміз. Тұтынушыларға да тиісті тауардан мүлде бас тартыңыз деп айта алмаймыз. Бірақ әр заттың өз нормасы бар демекші, шектен тыс шықпау керек."
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы бойынша аспартам шекті межеден аспау үшін 10 жастағы балалар күніне 6 жарым құты газдалған сусыннан артық ішпеуі керек. Әрине ата-аналар аспартамсыз-ақ балаларының ондай мөлшерде газдалған сусын тұтынбауын қадағалауы тиіс дейді мамандар. Себебі денсаулыққа зияны зор екенін тағы да еске салады.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через