Ғалымдар қазір әлемде 7 000-нан астам тіл бар екенін айтады. Олардың 40%-дан астамына жойылу қаупі төнген. Ресей халықтары қолданатын 152 тілдің 138-і жойылып кетуге жақын. Яғни, қазіргі тілдердің 90,8%. Мысалы, Мурманск облысындағы аккала тілінде тек екі адам сөйлейді. Ал кейде тіл сөйлеушіден бұрын өледі екен. Өйткені сол тілді білетін адаммен сөйлесетін ешкім қалмайды. Бұл туралы РБК агенттігінің зерттеуіне сілтеме жасап Aikyn.kz хабарлайды.
Ақпараттық ғасырдың соңында әлемде қанша тіл қалады, қазақ тілі солардың ішінде бола ма? Фото Getty Images сайтынан алынды
Ресей Ғылым академиясының Тіл білімі институты ғалымдары «бұл алаңдатарлық жайт, бірақ бұл өзгерісті тоқтату қиын» екенін айтады. Олар адамзат тарихында соңғы 60 жылда ғана мәңгі үнсіз қалған 700 халықтың ана тілінің аянышты тағдырын дәлелге келтіреді.
Ақпараттық ғасырдың соңында әлемде қанша тіл сақталып қалады, қазақ тілі солардың ішінде қала ма? Тілдердің ауыр тағдырының себебін және мұндай қайғылы тенденцияға қарсы тұру жолдарын талдау өте маңызды.
Неліктен тілдер жойылады?
Мысалы, табиғи апат немесе соғыстың салдарынан кейде тілдер тез өледі. Мұндай мысал Сальвадорда болған. Ленка мен какаопера байырғы халықтары оларды үндістермен шатастырмау үшін өз тілдерінен бас тартқан. Бұл оқиға 1932 жылғы қырғыннан кейін, Сальвадор әскерлері көтерілісті басу үшін он мыңдаған жергілікті тұрғындарды өлтірген соң болды. Дегенмен тілдердің көпшілігі біртіндеп жойылып барады. Тілдер бір-бірімен бәсекеге түскен жағдайда оларды қолданушылардың әртүрлі әлеуметтік-экономикалық деңгейлері көбінесе тілдік теңсіздікке әкеледі.
Тіл мамандары билеуші элитаның тілі және саны көп қолданушысы бар тілдің беделі жоғары болатынын анықтаған. Беделді тіл білім алуға, табыс пен өркендеуге жол ашады.
Беделі төмен тілде сөйлейтіндер өз балаларына бұл тіл қажет емес, бақытты өмір сүру үшін балаларына абыройы жоғары тілді үйренуі керек деп түсінеді. Осылайша, шағын этнос өз тілінен үлкен беделді тілге, көпшіліктің тіліне бірте-бірте көшуіне алып келеді.
Беделді тіл білімге жол ашады, табыс пен өркендеумен байланысты. Шағын этнос өз тілінен гөрі беделді тілге, көпшіліктің тіліне бірте-бірте көшеді. Фото Getty Images сайтынан алынды
Кеңес Одағының саясаты кіші тілдердің қолдану аясын тарылтты. 1920-1960 жылдары Қиыр Шығыс, Сібір мен Ресейдің солтүстігінде балаларды интернаттарға апарып, ондағы оқушыларға орыс тілінде сөйлеуді қатаң талап етті, тіпті ана тілінде сөйлеуге тыйым салды.
Шағын этностың тілін қолдану стигматизацияға ұшырады, артта қалудың көрсеткіші болып саналды. Ата-анасы баласы бірден «үлкен» тілді меңгерсе, оның өмірі жақсы, табысты, бай болады деп есептелді. Бұл – қазақ халқының да басынан өткен жағдай.
Аустралия ұлттық университетінің (ANU) зерттеушілері жойылып кетуге ықпал еткен факторларды анықтау үшін мыңдаған тілге талдау жасады. Жергілікті тілдің жоғалуы көбінесе мектептегі оқудың нәтижесі екені белгілі болды. Өйткені сыныпта оқытылатын елдің мемлекеттік тілі жергілікті басқа халықтардың тілдеріне қысым жасайды.
Тілдер Солтүстік және Орталық Америкада, Батыс Африкада және Аустралияның солтүстігінде тез жойылып барады. Фото Getty Images сайтынан алынды
Шағын тілдерге қауіп төндіретін екінші фактор жаһандану және «үлкен» әлемнің ықпалы. Сұраныстың болмауынан шағын тілдің жойылуы да жылдам жүреді.
Аустралиялық ғалымдардың пікірінше, 80 жылдан кейін жойылып кету қаупі төнген тілдердің саны бес есе, 2060 жылға қарай жойылып бара жатқан тілдер үш есе артады. Ал ғасырдың соңына қарай қазіргі тілдердің 20%-нан айырылып қалуымыз мүмкін.
Тілдер Солтүстік Американың батыс жағалауында, Орталық Америкада, Батыс Африкада және Аустралияның солтүстігінде тез жойылады.
Тілді сақтауға жаңа технологияларды қолдану қажеттігін мамандар жиі айтады. Сирек кездесетін тілдерді үйренуге көмектесетін арнайы сайттар мен қосымшалар бар. Фото Getty Images сайтынан алынды
Енді қайтпек керек?
Біріккен Ұлттар Ұйымы 2022-2032 жылдарды жергілікті халықтардың тілдерінің 10 жылдығы деп жариялады. Осы уақыт аралығында дүниежүзілік қауымдастық тілдерді жоғалту мәселесін шешуге белсенді түрде қатысады деп болжануда.
Тілді сақтауға жаңа технологияларды қолдануды да мамандар жиі айтады. Сирек кездесетін тілдерді үйренуге көмектесетін арнайы сайттар мен қосымшалар бар.
Мысалы, танымал Duolingo қолданбасы жойылып кету қаупі бар навахо немесе гавай тілдерін ұсынады, ал Ma! Iwaidja қосымшасы 150-ден сәл астам адам сөйлейтін аустралиялықтардың байырғы ивайджа тілін зерттеуге мүмкіндік береді.
Шағын тілдерді қорғауға арналған YouTube арналары мен блогтар бар. Фото Getty Images сайтынан алынды
Шағын тілдерді қорғауға арналған желідегі қауымдастықтар жойылып кету қаупі төнген тілдерді танымал ету үшін YouTube арналарын қолданады, блогтар ашады, бүкіл әлем бойынша пікірлестер іздейді.
Ганс Раузингтің жойылып бара жатқан тілдер жобасы жақсы қаржыландырылған. Құрылғанына 10 жыл толған қор бүкіл әлемде жойылып бара жатқан тілдерді сақтайтын жобаларды қолдауға шамамен 20 миллион фунт стерлинг бөлді.
Жобалардың географиясы шектелмейді – грант алушылардың арасында кениялық, индонезиялық және шығыс еуропалық зерттеушілер бар.
Қазақ тілінің болашағы жарық болуы үшін мемлекет пен қоғамның қамқорлығынан бөлек әрбір азаматтың үлесі қажет. Фото turkystan.kz сайтынан алынды
Қазақ елінің де ұлттың тілін сақтауға арналған құлшынысы ерекше. Мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де, саяси күштердің де мақсаты мәселені саясиландырмай, жүйелі әрі байыппен шешуге арналған.
Қаржы да, адами ресурстар да молынан бөлінуде. Қоғамдағы пікір де оңалды. Осындай қамқорлыққа ие қазақ тілінің болашағы ғасыр соңында да, одан кейін де жарық болуы үшін әрбір азаматтың үлесі қажет.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через